Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СҰЛУ СҰЛУ ЕМЕС...

СҰЛУ СҰЛУ ЕМЕС...

Бүгінде қыз-келіншектердің көбі көрікті болу үшін отаның көмегіне жүгінуді жөн санайды. Табиғи сұлулыққа көңіліңіз толмаса, қапаланудың қажеті жоқ, ақшасын төлесеңіз пластикалық хирургтар бәріне әзір. Дегенмен «артық қылудың» соңы «тыртық қылдыға» жалғасып жататын жайдайлар да жетеді. Кәсіби косметика мен сан түрлі салондарды да бұл қатарға қосыңыз. Нарықтағы сұранысқа ие сұлулық салондарының пайдасы мен зияны қандай?
Әдемілікке сұраныс көп
Елімізде соңғы жылдары кәсіби визажистердің де табысы артқан. Опа-далап пен жалпы косметика – арулармен егіз ұғым іспетті. Сауда орындарының сөрелерінде бағасына қарай таңдау көп. Нарықтағы табысты кәсіптің бірі той болса, меймандар мен той иелерінің барлығы дерлік кәсіби макияж жасатқанды қалайды. Ал оның тегін емес екені айтпаса да түсінікті. Орташа есеппен халыққа қолжетімді сұлулық салондарының өзінде қалыңдықты бояндыру кемі 10 мың теңгеден басталады. Яғни, маникюр мен шаш әрлеуін қоспағанда аз уақытқа мінсіз сұлу болудың құны – 10 мың теңге. Ал қарапайым қонақ боп баруға әрленгіңіз келсе, қалтаңызда 3500-6000 теңгедей ақшаңыз болу керек.
– Сұлулық салондарында тырнақ пен кірпікті әрлетуге сұраныс жоғары. Арзан косметиканың зия­ны көп екенін бәрі біле бермейді. Сондықтан өз басым сапалы әрі кәсіби косметиканы қолданамын. Олар дүкендегі жай косметикадан қымбаттырақ болады. Қазір қыз-келіншектердің барлығы дерлік сұлулық салонына асығады. Менің жеке қабылдауыма күніне кем дегенде 5-6 адам келеді. Дегенмен сұраныс әр кезде әртүрлі. Той көп өтетін мезгілдерде сұраныс мол, – дейді Мөлдір есімді визажист.
Бояну мен опа-далапқа кім қанша шығындалатыны – әркімнің өз еркінде. Алайда соңғы кезде әдемілікке құмартқан жандар отаның көмегіне жиі жүгінетіні алаңдатып отыр.

Пластикалық отаның «заманы» жүрді
Жаңа заман адамзатқа жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Озық технология қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енді. Әсіресе, денсаулық сақтау ісінде соны бетбұрыстар жасалды. Алғашқыда жарақаттан қалған ізін жасырғысы келетіндер амалсыздан жүгінетін косметологиялық отаға сән қуған сұлулардан да сұраныс еселеп артты. Мамандар да соңғы 5-10 жылдың көлемінде елімізде бет-әлпетіне «өзгеріс» енгізуге ниеттілердің қарасы қалыңдай түскенін айтады. Мұны олар аталған қызметтің қолжетімді болуымен және өзгеден даралануға құштарлықтың артуымен байланыстырады.
Иә, пластикалық ота жасату жолында денсаулығы мен ақшасын аямайтын арулар көбейді. Бұрын Оңтүстік Корея әртістерінің 95 проценті пластикалық отаға жүгінетінін айтып шошитын қазақ қоғамы «сұлулық операциясына» бой үйрете бастағандай. Сұлулыққа құмартып «құрбан» болғандар арасында ботокс жасатушылар көп.
Бізде хирургиялық отаның ең арзаны әрі нәзікжандылардың да жиі жүгінетіні ерінді үлкейтуге жасалатыны екен. Olx.kz қосымшасына кіре қалсаңыз, «ерінге 20 мың теңгеге ота жасаймыз» деген сияқты жарнамадан көз сүрінеді. Отадан соң 1,5-2 жыл көлемі сақталады-мыс. Ал құлақ пен көз айналасына жасалатын ота – 100-150 мың теңге шамасында. Егер дене пішінін өзгертуге бел бусаңыз 500 мың теңгеден артық шығындалуға тура келеді. Бұл мегаполистер мен облыс орталықтарындағы баға. Шиеліге қабақты тартып, ерінді үлкейтуге аракідік сырттан мамандар шақырып, жасатқаны болмаса, әзірге арнайы орталық жоқтың қасы.
Аты кішігірім ота болғанымен, бет-пішімін өзгерту – үлкен тәуекелді қажет ететін қадам. Жарқырап жүру үшін қалтасындағы соңғы тиынын санап беру әркімнің өз еркіндегі дүние. Дегенмен де шынайы сұлулықтың сыры тек көрікті келбет, мінсіз мүсінде емес екенін ұмытпағанымыз абзал.

ТҮЙІН: Мамандар сұлулықтың сыры күтімде екенін айтады. Сұлулық жақсы, бірақ ерте жастан косметикаға құмар болғаннан гөрі күтімге назар аударып, ботокс пен басқаның көмегінен аруларымыз аулақ жүрсе дейміз. Сұлулық ақыл-естен айырмаса жөн. Әйтпесе, әйелдің бәрі әдемі! Сіз не дейсіз, оқырман?
Гүлхан ЯХИЯ
13 наурыз 2022 ж. 498 0