Сұлулықты сатып алған жөн бе?
Төтенше жағдай аяқталып, карантин мерзімі ұзартылды. Арнайы рұқсатпен жұмысын бастаған сұлулық салондарына алдын ала жазылған қыз-келіншектің қарасы қалың. Шеберлердің алды кезектен босамай тұр. Әсіресе, сәнденуге асыққан сәнқой бикештер аз емес.
Сұлусың жаным сұлусың,
Сұлулығың бүйіткен құрысын,
Сұлу боламын деп жүріп,
Шашынды əбден қиыпсын.
Қарама маған қарама,
Қарағаннан бірдене болады ма?
Жайқалған гүлдер далада,
Сүйгенім менің қалада.
Сұлусың жаным сұлусың,
Сұлулығың бүйіткен құрысың.
Сұлу боламын деп жүріп,
Қасыңды əбден қиыпсың, деп Өмірлан Әбенов жырлаған өлең жолдары бүгінде желіні желдей есіп жүр.
Соңғы жылдары жасанды сұлулық жаулап алғаны жасырын емес. Жас қыздар жарассын, жараспасын ақшасын судай шашып, барлық сән «жаңалықтарын» жапсыруға құмар. Ал, оның тарттырар азабы жайлы тіптен ойланбайды дерсіз…
Жыл басынан бері пластикалық хирургтардың көмегіне жүгінген екі келіншек ажал құшты. Бірі алдыңғы іш қабатының, жамбасының және қос бүйірінің майын алғызу үшін липоксация процедурасын жасатқан. Ал, екіншісі пластикалық ота жасатқан… Бірақ қайғылы жағдай сұлулық жолында жарысқа түскендерге тұсау бола алмай отыр.
Бүгінде «бетім қисық» деп айнаға өкпелеудің қажеті шамалы. Әжімді әдіптеп, әдеміленудің неше түрлі жолдары бар. Пластикалық ота жасатуға құмартушылардың қатары да артып келеді. Бетіне сан қатпарлы сызық түсірмей, сұлулығын сақтап қалу үшін пышаққа түсуден қорықпайтындар да жетерлік. Әрине, жасанды сұлулықтың жастығыңды қайтарып бере алмайтыны белгілі. Алайда, уақытша болса да кәрілікті тоқтата тұруға күші жетеді.
Қазіргі таңда елімізде сұлулық салондарына барып бетін күйдірген қыз-келіншектер көбейіп келеді. 200-ден аса қыз-келіншек сұлулық салондарынан зардап шеккен. Бірінің бет терісі бүлінсе, енді бірі артық дақтардан арыламын деп жүріп сары ауруға шалдығыпты. Күтпеген жерден ажарынан айырылып, ұсқынсыз күйге түскендер енді өздерін сорлатқан салондарды жауапқа тартқыза алмай жүр. Кірпік-қасты қиылтып, тіпті ерінді де шиедей етіп береміз дейтін кәсіпорындарда ел естімеген сұмдықтар болған. Сұлулық салондарының қызметін пайдаланбас бұрын міндетті түрде келісім шарт жасау қажет. Сонда ғана сіз косметолог болсын, шаштараз болсын, қай-қайсысын заң жүзінде жауапқа тарта аласыз. Өкінішке қарай, көп жағдайда келіншектер осы мәселені ұмыт қалдырып жатады. Десе де, қазір көпшілік салонда келісім шарт туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Ресми құжат түгілі, медициналық анықтамасы да жоқ мамандар қараңғы жертөледе отырады. Онымен қоймай, ақысын төлесеңіз қызметтің кез-келген түрін көрсетуге дайынбыз дейді. Осындай күмәнді мамандардың кесірінен соқыр болып қалған Қызылордалық келіншек сол күйі кінәлілерді жауапқа тартқыза алған жоқ. Ең болмаса еміне деп ақша да ұстатпаған. Мұндай оқиғалар соңғы уақытта тіпті көбейіп барады. Бірақ, әзірге ондай сұлулық салоны қызметкерлерін жауапқа тартатын бірде бір бап жоқ екен.
Расында бүгінде жеке клиникалардың жарнамасы жер жарады. «Бетті жас сәбидің терісіндей етеміз, бұғақты алып тастаймыз, қарынды сылып тастаймыз» деген мазмұндағы жаңалықтардың дабысы алысқа кетіп тұр. Дегенмен жасанды сұлулыққа құмбыл қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға… жасанды жапсырмадан гөрі «сыры кетсе де, сыны кетпеген» сұлулықтан артық ештеңе жоқ дер едік. Тыңдар құлақ табылса, әрине…
С.СЕРІКҚЫЗЫ