Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ қызы әдебімен әдемі

Қазақ қызы әдебімен әдемі

«Табиғи сұлу екенсіз», «Боянбаған түріңіз әдемірек», «Бояусыз түріңіз басқаша» т.с.с. сөздер бүгінде сахнада өнер көрсететін жарық жұлдыздарға ғана айтылмайды. Өйткені, айналаға көз жүгіртсеңіз, жасанды кірпік, қиылған қас, боялған ерінмен жүрген қыздардан көз сүрінеді. тіпті Боянып жүру қазіргі қыздар үшін жазылмаған заңдылық іспетті.
«Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшәт бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе едің мұндай түрін?» деп Ұлы ақын Абай Құнанбаев жырға қосқан қазақ қызына тән осынау сұлулықты, әдемілікті, әсемдікті бүгінгі таңда жоғалтып алған жоқпыз ба? Бұлай деуімізге бүгінгі бойжеткендердің сұлулық салонын жағалуы себеп. Көп қыз-келіншектер өзінің шынайы, табиғи жүзін жасырғысы келетін болған.
Ұлтымыздың қыз баласының сыртқы келбетіне, киген киіміне, сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына қарап, оның ізеттілігіне, әдебіне баға бергені белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, Баян сұлу, Қыз Жібек, Ләйлі сынды қыздарды қазақ аруларының символы деп баға берген. Тіпті ел арасында «Жібектей сұлу екен» деген сияқты теңеулер де бар. Ал бүгінгідей технология жан-жақты, қарыштап дамыған заманда сұлу боламын деп әлекке түскен арулардың көздеген мақсаты не? Қазіргі таңдағы нәзік жандылар табиғи түрін не себепті жасырғысы келеді? Бұл туралы №157 Б.Пәрімбетов атындағы қазақ орта мектебінің психологы Ләззат Төлешова:
– Кез келген дүниеге әдемілік керек. Ол оның ата-анасына, өскен ортасына тікелей байланысты. Мысалы, осыдан 3 күн бұрын ғана 8 сынып оқитын қызға осы мәселе жайында түсіндірген едім. Жасөспірімнің айтуынша, сыныптастары оның бет-бейнесінің көріксіз екенін айтып, әжуа қылады екен. Қарап отырсақ, 8 сынып оқитын қыз әжептәуір бойжетіп қалған. Оның үстіне түрінде ешқандай әбестік жоқ. Өз басым қандай да бір кемістікті болмаса кемшілікті байқамадым. Яғни ол қыздың комплексі. Ал ондай комплексі бар жандар ортадан тез шеттетіліп қалады. Осы секілді жағдайлар психологиясына әсер етіп, оның табиғи түрінен ұялып, тіпті жасырып жүруін алып келеді, – дейді.
Иә, статистика бойынша табиғи сырт келбетін жасырғысы келетін қыздардың едәуір бөлігі өз-өзіне сенімсіз жандар екен. Олар анадан жаратылған жүзіне көңілі толмағандықтан, бетін бояп, қасын теруге, тіпті пластикалық ота жасауға дейін баратын көрінеді. Осылайша қоғамның таңданысын тудырғанды қалайды. Алайда, сұлулықтың өлшемі өзгелердің пікірімен бағаланбаса керек-ті. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде тренинг өткізіп жүрген мотиваторлардың айтуынша, адам өзін-өзі жақсы көріп, бағалағанда ғана оны айналасындағылар да құрметтейді. Сұлулық та солай. Кез келген қыз өз құнын біліп, табиғилықты жасандылыққа алмастырмаса, өзгелер де оның сұлулығын сөзсіз байқайды.

Фариза КЕНЖЕШОВА
07 ақпан 2020 ж. 3 061 0