Ерлерде де талғам бар
Сұлулыққа сүйсінбейтін, әсем дүниеге сұқтанбайтын жан жоқ шығар, сірә. Кім-кімді алсаңыз да әдемілікті сүйеді, көркемдікті қалайды, үйлесімділікке ұмтылады. Себебі, адамзат қауымының талғамы күн санап артып, жыл санап биіктеп келеді.
Түрлі сұлулық салондары мен пластикалық операция жоқ заманда да қыздар әлемдегі ең сұлу жаратылыс болды. Қаншама шайырлар арудың сұлулығын жырға қосып, қаншама сазгерлер әсемдікке тамсанып, тебіренді. Қаншама суретші әйел сұлулығын суретке салу үшін түнімен дөңбекшіп шықты! Әйел сұлу болмаса, Леонардо да Винчидің атақты «Мона Лизасы» дүниеге келмес еді, Жаһан шах жарына арнап көкпен тілдескен «Тәж Махал» кесенесін тұрғызбас еді. Бұл құндылықтар әлі де ерекше бағалы. Өйткені, олар ең алдымен әйелдің жан сұлулығын көрсетуге тырысты. Ал, қазақ жазушысы Бейімбет Майлин «Шұғаның белгісі» әңгімесінде Шұғаны: «Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін…» деп сипаттайды. Осыдан-ақ, көркем мінез бен келісті көрікті ұштастырудың маңызын біле беріңіз.
Алайда, заман ағысы өзгереді. Бірақ, сұлулық қалуға тиіс. Онсыз адамның өмір сүруі де қиындай түседі. Себебі, сұлулық –мейірімділіктің, имандылықтың, ақыл мен парасаттың символы іспеттес. Бүгінгі әңгімеміздің әлқиссасын сұлулықтан бастауымыз тегін емес. Сұлу сөзін тілге тиек етсек алдымен қыпша бел, ұзын бұрым, ажары айдай бойжеткен көзге елес береді. Шашын күзеп, сәнін түзеп, тік жүріп, тазалыққа мән беруде ерлердің де өзіндік талабы мен таңдауы барын ескере бермейміз. Сондықтан, бүгінгі әңгімеміз ер азаматтардың сұлулық әлемі жайында өрбімек.
Жеке кәсіпкер Бағдат Ахметов «Айдын» сән салонының қожайыны. Тек ер адамдарға арналған шаштараз 2013 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Тұтынушылардың басым бөлігі осы шаштаразды таңдағандықтан, оның ерекшелігі мен қызмет көрсету сапасын көзбен көрмекке шештік. Бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отырған Бағдат өз ісінің хас шебері екен. Тарақ пен қайшысын сайлап, келген адамды құшақ жая қарсы алатын кішіпейіл кәсіпкердің сөзі мен ісі үйлесім тауып тұр. Тұтынушының бет пішіні мен стиліне қарап жарасымды шаш үлгілерін ұсына білетін шаштаразшының көпшілік алғысына бөленген сәтінің куәсі болдық.Шаштаразшының тынымсыз бір күніндегі ұзын сонар кезек «қайбір табыс болар» деген күмәнді ойымызды да жоққа шығарды. «Өйткені, әйелдерге қарағанда ер адамның шашы тез өседі. Әрі көп уақытты алмайтын болғандықтан күніне ондаған азаматтың шашын қиюға мүмкіндік бар» – дейді кейіпкеріміз.
1993 жылдан бері шаш қиып жиған тәжірибесі бүгінде жеке кәсібінің нәсібін көруге бұйыртқаны нағыз еңбектің арқасы. Сондай-ақ, жақсы жанның жақсылығын айту да парыз. Мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасынан шыққан тұтынушыларға тегін қызмет көрсетіп, тіпті сырқаттанып жатқан жандардың үйіне баруға да уақыт тапқаны көңілімізге қуаныш сыйлады. Жомарт жандардың жанымызда жүргенін кейде аңғармай жатамыз. Ал, Б.Ахметов егде тартқан қарияны кезексіз қабылдап, үлкенге құрмет көрсетудің үлгісін көрсеткендей болды. Жұмыс барысында «ер адамдардың талғамы қандай?» –деген сауалымызға: «Жастардың еліктегіш келетіні мәлім. Көбіне жұлдыздардың, танымал спортшылардың шаш үлгісін жасауды сұрап жатады. Дегенмен, орта, аға буын өкілдері біздің кеңесімізге жиі құлақ түреді» – деп жауап қайырды.
Сонымен қатар, «Айдын» сән салоны «Шиелі индустриялды-аграрлық» және «Болашақ» колледжінің студенттерін іс-тәжірибеден өткізетін шағын мектеп десек те болады. Оны оқу қабырғасында алған білімін тәжірибелі мамандармен ұштастырып, шаш қиюдың қыр-сырын меңгеруге талаптанған болашақ мамандардың әңгімесінен аңғардық. Қолына германиялық үлгідегі «Moser» шаш алатын құрылғыны ұстатып, ең оңай әдістерді үйретуден бастаған Әділхан, Айман сынды шеберлердің әр ісін бізде мұқият қарап отырдық. Шаштаразшының бір күнінде арыз-шағым айтып, көңілтолмаушылық білдірген тұтынушылардың қара көрсетпегеніне қарап-ақ, сән салонының жұмысы жемісті екенін байқау қиын болмады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.