Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Енді саяхаттай алмайды

Енді саяхаттай алмайды



Луврдың директоры Жан-Люк Мартинес Францияның мәдениет министрі Франсуаза Ниссеннің Мона Лизаға қатысты ұсынысынан бас тартты. Министр өтініші бойынша, Леонардо да Винчидің әйгілі туындысы көшпелі көрме картиналарының құрамында болуы тиіс еді. Естеріңізге сала кетейік, осыдан біршама уақыт бұрын Франсуаза Ниссен «Еуропа 1» радиостанциясында Луврмен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Енді белгілі болған ақпарат бұл келіссөздің жүзеге аспағанын көрсетеді. Мартинес мырза министрге 515 жылдық тарихы бар картинаға қатысты мұндай ұсыныстар қабылдай алмайтынын айтты. Себебі, құнды өнер туындысына «түзетілмейтін зақым келтірілуі мүмкін». Мұражай тәртібіне сай, «Джоконда» тіпті өзі қойылған залдан да шығарылмайды екен. Бір қызығы, келесі жылы Луврда өтетін Леонардо да Винчидің көрмесіне де қойылмайды. «Мона Лиза» Луврде ғана сақталып келеді. ХХ ғасырдың басында сурет 2 жылдай ұрланған картиналар тізімінде болды. Кейін Италиядан табылғаннан соң, 1914 жылы Луврге қайта оралды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Франция аумағындағы түрлі мұражайларда сақталған, бірақ сол кезеңдегі оның тұрағы болған көрмелер туралы нақты ақпарат жоқ. 1963 жылы «Мона Лиза» Вашингтонда және Нью-Йоркте қойылды. Соңғы рет сурет 1974 жылы Токиода және Мәскеуде өткен көрмелерге жіберілген. Содан бері «Джоконда» Луврдан ұзап шықпады.

Massaget.kz
07 сәуір 2018 ж. 936 0