Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » астана –мүмкіндіктер мекені

астана –мүмкіндіктер мекені


Мәңгілік еліміздің мақтанышына айналған Астанамызды бүгінде барлық әлем тұғырлы тәуелсіздігіміздің төлқұжаты деп біледі. Бұл қаланың көркі мен сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әр тамашалаған сайын жас қаланың жетістігін көріп, кеудені ерекше қуаныш кернейді. Шабыт сыйлар әсем қаланың бар әсемдігін суреттеу үшін жас қаланың жаңа тұрғыны болу да керек пе деп те ойлап қаласың...
Астананың ауа-райы суық қала деген­ді жиі естіп жатамыз. Алайда, Астана – мықтылардың қаласы. Себебі, мұнда жастарға көптеген оңтайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Білімді, өз ісіне жетік жастардың мекені десек, артық емес. Бәсекелестікке шыдай біл тек...
Жалпы, Астананы көрсем деп армандай­тын­дардың қатары аз емес. Біразы бұл қаладан өз орынын тауып, мансап жолын жалғастырғысы келсе, ал енді бірі әсем қаланың әдемілігіне жай ғана куәгер болсам дейді. Ал, бұл армандардың орындалуы үшін шын ниетіңіз бен талпынысыңыз болуы керек деген ойдамыз. Өйткені, адам шын қаласа ғана армандардың сөзсіз орындалатынына куә болып жүрміз. Ғажайыпқа бекер сенбейтін де шығармыз.
Күннен-күнге қарыштап, дамып, көркейіп келе жатқан Елордамыз бүгінде адам танымастай өзгерді. Онда жаңа ғимараттар, мәдени орталықтар салынып, барынша құлпыра түсуде. Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы осынау қалаға 20 жыл толады. Осындай қысқа мерзімде бас қаламыз әлем мойындаған ғажайып қалалардың қатарына қосылды. Шет елден келетін мәртебелі қонақтарымыз әрқашан да оның келбетіне тамсанып, таңдайларын қағысады.
Бүгінде Астана тек әсем қалалардың бірі ғана емес, дүниежүзілік аса мәнді кездесулер мен басқосулар өткізілетін маңызды шаһарға айналды. Мұнда жыл бойы алыс-жақын жерлерден қаншама сыйлы азаматтар келіп жатады.
Тұрғындардың саны да жылдан-жылға артып келеді. Үлкен мегаполиске айналған қалада тұруды армандамайтын адам кем шығар. Солардың бірі Алшынбаевтар отбасы. Алмат пен Жаңылды тоғыстарған да әсем қаладағы алға жетелеген асқақ армандары еді. Арман қуып Астанаға келген екі жастың мақсаттары жүзеге асып, қызмет жолдарын нақ осы қаладан бастады. Алмат өрт сөндіру қызметінде болса, Жаңыл №11 қалалық емхананың кадрлар бөлімінде қызметін бастап кетті.
Өздері үшін «өз үйім» болып отыр­ған бас қала Алмат пен Жаңыл үшін де жаңалықтың жаршысындай игілікті бастамалардың мекені болды. Екеуінің өмірге деген көзқарастары сәйкес келіп, шаңырақ көтерді. Астанада қызмет бастап, ұжымдарында абыройлы. Балалары осында дүниеге келіп, осында қаз басуда. Сонымен қатар, жақында әңгімеге арқау болып отырған отбасы үлкен қуанышқа кенелді. Отағасы Алмат жаңа үйдің кілтін алып, тұрмысқа қолайлы пәтерге көшті. Сөйтіп, олардың шаңырақтағы бақыты бұрынғыдан да шалқи түсті. Армандардың жүзеге асуы дегеніміз осы шығар, сірә.
«Білесіз бе, мұнда бір еркіндік бар. Биік деңгейлі орта, тілеулес жандар бар. Сонымен қатар, өте әдемі шаһар. Сәл болмасаң, мүлде танымай қаласың. Биік нысандар пайда бола кетеді. Күн санап көркейіп жатыр.
Елорда Астана – жастардың қаласы. Жүздеген, мыңдаған жас осылай қарай ағылып жатыр. Олардың армандары алдамайтынына сенемін. Өйткені, Астана – зор мүмкін­діктер мекені. Біздің де армандарымыз орындалып келеді, – деді Алмат көкейіндегі ризашылық сезімін жасыра алмай.
«Ерекше қуанышты жағдай, былтыр осында өткен «ЭСКПО-2017» халықаралық көрмесі де шаһарымыздың ажарына ажар қоса түсті. Аталмыш көрмеге арнайы салынған жаңа ғимараттардың сыртқы көрінісі де алыстан көз тартады. Ішіне енсеңіз керемет күйді бастан кешесіз. Осы сынды жоғары деңгейдегі шаралар Астанамыздың әлеуетін одан әрі айшықтай түсетіні айқын, – деді жұбайының сөзін жалғаған Жаңыл.
Алмат пен Жаңыл бір-бірін жақсы түсінеді. Өздерін арнайы іздеп келген туыс-туғандарына жылы шырай танытып, құшақ жая қарсы алады. Ерлі-зайыптылар Астана шаһарындағы барлық өзгерістер мен игіліктерді мемлекет басшысының есімімен тығыз байланыстырады. Осы қаланың тұрғындары екендігіне шүкіршілік етеді.
Міне, бұл бас қала Астанамен тағдырла­рын байланыстырған бір ғана отбасы жайындағы біздің білгеніміз. Алдағы уақытта бас қала Астанаға да, онда өмір кешіп жатқан барша отбасыларына да көркейіп, асқақтай беруді Алла нәсіп еткей демекпіз. Ендеше, әңгімені осы жерден түйіндейік.
Дина ЖҮСІПОВА.
17 наурыз 2018 ж. 2 075 0