Көзден кетсе де, көңілдің төрінде
Кезінде «Менің отырғаным мен тұрғаным бірдей ғой» деп айналасын күлкіге қарық етіп, бойының аласалығын да әзілдей жүретін, сәл ғырылы бар жағымды дауысымен де ерекешеленіп, қай жерде болсын жайраңдап, жарқын мінезін, ақ көңілін танытатын жаны жайсаң ағаларымыздың бірі – Ердәулет Оразбекұлы еді.
Ерекеңмен көрші тұрдық. Кейбір көршілердің туысыңнан артық болып кететіні де шындық. Бұрынғы Т.Шевченко, қазіргі Ә.Тәжібаев атындағы көшенің тұрғындары ұйымшыл, тату-тәтті өмір сүргенді қалайтын, ұрыс-керісті жақтырмайтын, бір-біріне қабақ шытпайтын шетінен бір нанжауғыр кісілер болатын. Бұл көше сыйластықтың, бірауыздылықтың, имандылық пен адамгершіліктің, үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет білдірудің мектебі болды. Ұлттық тәрбиенің ошағы десек те жарасатын. Керемет ұстаз Досмахан Сұлтанов, деген екен дейтін тапқыр сөздің шебері Жақсылық Ахметов, білікті электрик, парасатты жан Болатбек Медетбеков, аудандағы дәрі-дәрмектің әкесі атанған абзал азамат Ердәулет Оразбекұлы осы көшенің сәні де, мәні де, әні де болып өмірден озды. Кейін қызмет бабында басқа жерге ауысса да, олардың есімдері осы көше тұрғындарының жадында мәңгі сақталып, тарихына жазылары сөзсіз.
Ерекеңмен көрші тұрдық. Кейбір көршілердің туысыңнан артық болып кететіні де шындық. Бұрынғы Т.Шевченко, қазіргі Ә.Тәжібаев атындағы көшенің тұрғындары ұйымшыл, тату-тәтті өмір сүргенді қалайтын, ұрыс-керісті жақтырмайтын, бір-біріне қабақ шытпайтын шетінен бір нанжауғыр кісілер болатын. Бұл көше сыйластықтың, бірауыздылықтың, имандылық пен адамгершіліктің, үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет білдірудің мектебі болды. Ұлттық тәрбиенің ошағы десек те жарасатын. Керемет ұстаз Досмахан Сұлтанов, деген екен дейтін тапқыр сөздің шебері Жақсылық Ахметов, білікті электрик, парасатты жан Болатбек Медетбеков, аудандағы дәрі-дәрмектің әкесі атанған абзал азамат Ердәулет Оразбекұлы осы көшенің сәні де, мәні де, әні де болып өмірден озды. Кейін қызмет бабында басқа жерге ауысса да, олардың есімдері осы көше тұрғындарының жадында мәңгі сақталып, тарихына жазылары сөзсіз.
Ердәулет ағамыз үнемі асығыс жүретін. Жылдам сөйлеп, шапшаң қимылдайтын. Өз қызметіне берілгендігі сонша, соңғы кесе шәйін түрегеп тұрып ішіп кетеді екен. Оны Ерекеңнің сүйіп қосылған өмірлік жары Дәрежеден естігенмін. Дәреже Жұмаеваны қыз күнінен жақсы білемін. Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультеті ән және музыка бөлімінде бірге оқыдық. Қаланың қызы болғандықтан ба, аса мәдениетті, музыкалық мектеп бітірген білімі бар, алғыр студент болды. Ол фортепиано сыныбында оқып, талай шебер ойыншы екенін танытты. Тобымыздың қызға тән мінезінің барлығына сай озат музыканты саналатын. Сол Дәрежеміз кейін Ерекеңмен жұп құрып, салиқалы, бақытты өмір сүргенінің де куәсі болдым. Ол Дәреже есіміне лайық отбасында да, қызметінде де, көпшілік сәттерінде де өз биігінде, өз дәрежесінде көрініп, зор абыройға ие болып, жары Ердәулеттей қосағымен қоса ағарды. Ерекеңнің достары да сайдың тасындай Шиелінің аптал азаматтары еді. Арттарында өшпес із қалдырған Өтеген Жәленов, Серік Мәуленов, Жұмат Бақторазов, Ержан Қалекеев, Елтай Әбішев, Амангелді Әбжамалов, Рыс аға, Өміртай Қалиев достарының сақшысындай болып қалған Ыбырай Ахметовпен сол заманның алып тұлғалы жігіттері. Ыбырай ағайдан басқалары, әрқайсысы бір төбе болып жатқан ағаларымыздың да жандары жәннатта болсын дейміз. Жалған дүние-ай!
Ердәулет Оразбекұлы 1942 жылдың 17 наурызында Шиелі ауданы, Шиелі кентінде дүние есігін ашқан. 1959 жылы №47 М.Ломоносов атындағы орта мектепті, 1968 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік медициналық институтының фармацевтикалық факультетін бітірген. Оқуын жақсы тәмамдаған Е.Оразбекұлы 1968-1974 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы перзентхана дәріханасының меңгерушісі қызметін атқарады. Жас жігіттің мінсіз атқарған жұмыстары басшылықтың назарына ілігіп, Е.Оразбекұлын 1977 жылы №34 Шиелі аудандық орталық дәріханасының меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Саналы ғұмырының 22 жылын туған жерінде, халқына кіршіксіз қызмет етуге арнаған Ердәулет жұрттан: «Айналайын, ер екенсің, халықтың келтірдің берекесін», «Дәрі-дәрмегің дәруменің, ауруыма ем болды, шырағым», «Жоқ дәріні тауып бердің, қарағым, көп жаса!», «Өзің де, дәрің де, сөзің де шипалы екен, Ердәулет бауырым, саған рақмет!» т.б. көптеген жылы сөздерді ең көп естіген Ердәулет Оразбекұлы шығар. Өйткені, Ердәулет өлім аузында жатқан талай науқастарға керекті дәрісін тауып беріп, аяғынан тік тұрғызыпты деген әңгімелер, сол тұста көп айтылатын. Мұның бәрі фармецевт-дәрігердің білімімен біліктілігіне, жанашырлығы мен адамгершілігіне байланысты болса керек. Міне, бұл Е.Оразбекұлының іскерлігін, өз қызметіне деген жаупкершілігін, ізденімпаздығын, тапқырлығын, қырағылығын, ауру адамдарға деген сауаптың иесі екендігін көрсетеді. Сол жылдары №34 орталық дәріхана республика бойынша «Тәжірибе алмасу мектебі» статусын алады. «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» демекші, елімізге танымал болған Е.Оразбекұлын облыс басшылығы 1996 жылы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» бөлімінің бастығы қызметіне жоғарылатады. Бұл жұмыста жаңа ғасыр 2000-шы жылға дейін жемісті еңбек еткен Ерекең, осы жылдан 2015 жылға дейін облыстық медицина орталығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін де абыройлы атқарады. Е.Оразбекұлының медицина саласындағы көп жылғы ерен еңбегі бағаланып, ол «Еңбектегі Ерлігі үшін» медальімен, «Жоғары санаттағы провизор» атағымен, «ССР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасымен» және денсаулық Министрлігінің көптеген грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған.
Ердәулет Оразбекұлы өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол аудандық аурухана бастауыш партия ұйымының хатшысы, өмірінің соңғы күндеріне дейін облыстық медицина орталығы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы және медицина саласы ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі болып, қоғамдық жұмыстар атқарып кетті. Е.Оразбекұлы бірнеше рет жергілікті кеңестердің депутаттығына, аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланған.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, адам ұрпағымен мың жасап, ата-анасынан алған тәрбиесімен өсіп көктейді. Ердәулет ағамыздың әкесі Оразбек Сапарбайұлы елге сыйлы, ортасында құрмет пен беделге ие болған, Ұлы Отан соғысының жауынгер ардагері, аудандық баспахана мен «Өскен өңір» газетінің корректоры қызметтерін атқарған өнерге бейім кісі болған. Анасы Қалбибіш Тәжібайқызы үй шаруасымен айналысып, дүниеге 6 ұл-қыз алып келеді. Тәрбиелі, білімді, өнегелі балалары Шиелінің мақтанышына айналды. Арбаның артқы дөңгелегі алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, солай жүретініндей, Ерекеңнің ұрпағы да әке жолын қуып дәрігер болды. Бұны бір отбасының дәрігерлер династиясы десекте болады. Ұрпақ сабақтастығы жалғасуда.
Е.Оразбекұлы 2002 жылы 70 жасында Меккеге қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтады. Өзін таза, әділ ұстап, ешкімнің ала жібін аттамай өтті. Ерекеңнің дамылсыз, тынымсыз еңбектері – ол ұйымдастырған, ауданда өткізген дәрігерлердің облыстық, республикалық тәжірибе алмасу семинарлары Шиелі тұрғындарының ойында жаңғырып тұрғандай. Сондай-ақ, ел ішінде балалардың іш ауруы тарап қиналғанда, ол қазақтың халық емшілерінің тәжірибесіне жүгініп, дәріханада жантақ шөбін қайнатып «настойка» жасап, көптеген балалардың өмірін сақтап қалғандығын да жұрт ұмыта қойған жоқ. Дүниеден озып кеткен ағаларымызды еске алудан, оларға арнап Құран бағыштаудан өзге амал жазылмаған. Жақсының жақсылығын айту – жақсылығымыз. 75 жасында о дүниелік болған Ердәулет ағамыз, наурыз айында 80 жасқа толады. Тірі болғанда сексеннің сеңгірінен қол бұлғап, жайраң қағып тұрар ма еді? Ол көзден кетсе де, көңілдің төрінде тұратын жасампаз жан болатын.
Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі