Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел есіндегі есім

Ел есіндегі есім

Мен де еңбек жолымды ұстаздықтан бастадым. 1972 жылы әскер қатарында борышымды Забайкал соғыс округінде өтеп қайтқан соң, өзім бітірген №50 Абай атындағы алтын ұя мектебіме мұғалім болып орналастым. Директорымыз Асанбек Бәкіров ағамыз еді. Жұмыста сұсты, өте қатал, тәрбие мен тәртіпті қатар талап ететін, оқушылар білімін оқытушысынан сұрап отыратын нағыз зергер, білімді, ақылды кісі болатын.
Мектептің педагогикалық кеңесінде қандай мәселе қаралса да, Асанбек ағай жан-жақты ­даярланып, бүкіл ауданның білім саласынан ақпарат беріп, аудан мектептерінде болып жатқан жаңалықтарды, жекелеген ұстаздардың есімін айтып, олардың жетістігін жеткізіп, «Біздің мектептен де сондай мұғалімдер шығуы керек, біз кімнен кембіз?» деп, мұғалімдер ұжымын қайрап, намысын жанып отыратын. Бір жиында Шиелідегі №47
М.Ломоносов атындағы мектептің әдебиет пәнінің мұғалімі Досмахан Сұлтанов деген ұстазға тоқталды. Шамасы сол мектепте семинар-кеңес өтсе керек. Біз көрмеген, білмейтін мұғалімнің мақтауын келтіріп, оның мол тәжірибесін айтып, сабақ беру әдісін, өзін-өзі ұстау этикасын, сөйлеу мәдениетін, білім дәрежесінің кеңдігін, сабырлы, сыпайылығын мысал етіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне сол кісіден үйрену керектігін айтқаны әлі есімде. «Барып көреміз, тәжірибе алмасамыз десеңіздер, рұқсат беремін» дегені кеше ғана айтылғандай. Қазір ойласам, Ш.Досмахан ағайдың атағы жер жарып тұрған екен ғой. Ұстаздық жолын Қызылдиқан жеті жылдық мектебінде бастаған, Түркістан педагогикалық учелищесін, Қызылорда қаласында Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітірген. Ақтоған жеті жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Қызылдиқан ауылындағы жеті жылдық Ворошилов атындағы мектеп директоры қызметін атқарған. Ұстаздық тұлғасы, дара жолы қалыптасқан, аудан, облыс, ­республика көлемінде танылып, туған жеріне, еліне адал еңбегімен белгілі болған тұсы Шиелі халқының қуанышына айналған болатын. Еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеудегі, сапалы білім, саналы тәрбие берудегі орасан зор еңбегі бағаланып, Досмахан Сұлтанов ағай бірнеше медальдармен, « Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО халық ағарту ісінің үздігі атақтарына ие болды.
Замандастарынан оза шапқан Досмахан ағай Шиелі ауданының «Құрметті ұстазы» атанды. Ауданның білім саласының тарихына үлкен әріптермен жазылып қалды. Сол әйгілі ұстаз Досмахан ағаймен 1980 жылы Шиеліге көшіп келіп, көрші атандым. Ол кісі қазіргі Ә.Тәжібаев көшесінің бас жағында, біз сол көшенің Ш.Уәлиханов көшесімен қиылысында тұрдық. Сөйтіп аты аңызға айналған Досмахан ағаймен күнде жолығатын болдық. Күн сайын таңертеңгі сағат 6-7-де тұрып, Жаңатұрмыс ауылының үлкен каналының көпіріне дейін падаға сиыр айдап барамыз да, бақташының алдына салып береміз. Досмахан ағай барғанша-келгенше асықпай әңгіме айтады. Шағын денелі, орта бойлы, қалың қасы қабағын жауып тұратын қыран көз, жұқа, жылы шырайлы, көп күлмейтін, қалың қара шашын шалқайта қайырып, түзу жүріп тұратын, намаз оқымаса да, оның бар тазалығын сақтап жүретін иманды, ұлтжанды ағамыз болатын. Әңгімесі қазақ тарихы, қазақ әдебиетінің дамуы, ақын-жазушылар өмірі, келешек ұрпақ тәрбиесі, ел болашағы, қазақ тілінің жайы, базар бағасы, мал базарындағы қымбатшылық жайлы болатын. Кейін зейнетке шыққанда «Ең дауасы – базардан бес-алты тоқты сатып алып, бағып-өсіріп, ас қатық ету» дейтін. Ағай өмірінің соңына дейін он шақты қой ұстап, отбасын етпен қамтамасыз етіп отырды. Әрі ерте-кеш қыбырлап, қимылдап, еңбек етіп, денсаулығын сақтап жүрді. Сөйтіп сексеннің сеңгірінен сүрінбей өтті. Ауданға танымал азамат, мал дәрігері Сүйіндік ­Ахметов ағайдың інісі екен. Сүйіндіктің зайыбы Сәжидахан менің сыныптасым болған соң, қатар тұрған екі отбасымен жиі араласып, сыйласып отырдық. Ағайдың жұбайы Үрімжан апамыз да жаны жайсаң, абзал ана еді. Апамыздан өрбіген бес ұл, бір қыз әкесі мен шешесінің мақтанышына айналып, ержетіп, бой түзеді. Ұрпақ жалғасып жатыр. Менің құдай қосқан серігім Рая көзей руының қызы. Досмахан ағай «Абыз-көзей бір туған» деп, Раяны өзіне жақын тартып «Қарындасым» деуші еді. Үйге келгенде сәлем салдырмайтын. Ағай көршілердің төресі болды. Төрдің де төресі, аузы дуалы, батасы нақты, Фатиха сүресін оқитын Досмахан ағай тұғын. Өнерді сүйіп, өнерпаздарды бағалайтын. Домбыра шертіп, мандолинаны шебер тартатын. ­Дастарқан басында жантаймай, тіп-тік отыратын. Анда-санда күлгендіктен бе, ағайдың бір жымиғаны бізге жаз айы шыққандай көрінетін. Ол кезде көшемізде Рүстем, Башар, Мырзақасым, Алтынбек, Шапай, Қалдыбай, Жақсылық секілді ақсақалдарымыз болатын. ­Досмахан­ ағай солардың бәрімен ағалы-інідей сыйласып, тату-тәтті өмір кешті. «Білімді мыңды жығар» демекші, басқосуларда ақыл-парасаты үстемдік құратын. Ол кісі сөйлегенде шыбынның ызыңы естілмейтін, бәріміз мектеп оқушылары сияқты тып-тыныш болатынбыз. Құлаққа жағымды дауысымен жұртшылықты өзіне баурап алатын. Дастарқан басында отырып-ақ ұстаздық жасайтын. Анау үлкен қариялар бір-бірінің сөзін тыңдамай, шуласып қалса, «Сіздікі дұрыс емес, кезекпен сөйлеңіздер» деп, ақыл-кеңес айтқанда, оны барлығы да тыңдайтын. Ағайдың болмысы – педагог. Ұлағатты ұстаз, қадір-қасиеті мол адам. Жаны ғибратқа толы, ғажайып пенде. Бойында адалдық, тазалық, пәктік, адами қасиеттердің інжу-маржаны түзілген ерекше тұлға. Досмахан ағай тумысынан мұғалім. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл». Ол мыңдаған шәкірт тәрбиелеп қанат қақтырды. Ұстаз еңбегі зая кеткен жоқ. Ағайдың да ұстазы болған. Ұстаз – мәңгілік төреші, шәкірттерінің сыншысы. Олай демеске болмай тұр, өйткені, Досмахан Сұлтанов аудандық білім бөлімін басқарған Н.Еспенбетов, А.Тұржанов, К.Рысдәулетов, А.Бекпенбетов, Е.Есенгелдиев, Д.Тайманов, Ә.Әйтілеуов, Ж.Зермұхаметовтей азаматтармен қызметтес, әріптес болды. Бірін аға тұтса, бірін ұстазындай көрді. Аталған кісілердің ішінде Е.Есенгелдиев ­Досмахан ағайдың ұстазы болса, Ж.Зермұхамедов ағайдың шәкірті болған. Д.Сұлтанов аудан педагогтарының қаймағы, олардың ортасынан ойып тұрып орын алды. Абырой мен бедел биігінен көрінген ағай зейнеткерлікке шыққанша жыл сайын тамыз айында өтетін мұғалімдердің аудандық конференциясында үнемі есімі аталып, үлгілі ұстаз қатарында сөйлеп, тәжірибесімен бөліссе, құрметті ардагер шағында да мектептен қол үзбей, кездесулерге шақырылып, тамыз кеңестерінде жоғары мінбердің қадірлі қонағы болып, талай мәрте қошеметке бөленді. Жасы ұлғайса да қарттықтың қылтың-сылтыңыңа көнбеді. Өзін тік ұстап, қажыр-қайратын биік ұстауға тырысты. Үй ішіне науқасында сездірмеді. Байсалды қалпын сақтады. Ағайын-туыстарының тірегі, ынтымағы мен ұйытқысы болған, Шиелі ауданы ұстаздарының әні, Ә.Тәжібаев, Ш.Уәлиханов көшелерінің сәні болған ардақты ағамыз 2009 жылы бірінші қараша күні 83-ке қараған шағында дүниеден озды. Сүйген жары, өмірлік серігі Үрімжан апамыз бен ұл-қыздары, бүкіл аудан халқы аза тұтып, соңғы сапарға шығарып салды. Қарақұрым халық ұлағатты ұстазбен қоштасып, оның ұрпағына, әулетіне бақыт тілеп жатты. Аудан ардагерлер кеңесі тарапынан Досмахан ағаймен қоштасу шеруі ұйымдастырылып, кеңес төрағасының орынбасары ретінде жиынды ашып, ағаның өмірдерегімен, еңбек жолымен таныстырып, жүрегімізден шыққан жылы сөзімізді арнаған едік. Одан бері де он жыл зу ете түсіпті. Жалған дүние осылай жалғаса береді. Бірақ Досмахан Сұлтановтай жақсы адамдар ешқашан ұмытылмайды.
Сіз көксегендей халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Қазақ халқы мұғалімдерінің мәртебесі арта берсін, ағай!


Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

05 қараша 2019 ж. 529 0