Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз құдіреті

Ұстаз құдіреті

Газеттің өткен санында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың «Қалдырған ізі мәңгілік» атты көлемді мақаласы жарияланған еді. Автордың ұлағатты ұстаз Досмахан Сұлтанов жайлы естеліктерін оқып отырып, өзім де сол мектептің түлегі ретінде үнсіз қалуды жөн көрмедім.
1959 жылдың қыркүйек айы. №47 Н.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінің сыныбында 37 оқушы отырдық. Ол жылдары ауылдардағы мектеп 7 жылдық болатын. Орта мектептер тек аудан орталығында. Алғабастан, Нартайдан, Төңкерістен, Еңбекшіден жиналғандар. Бірінші қазақ тілі сабағы. Кім келер екен деп есік жаққа елеңдеудеміз. Сол-ақ екен есікті ашып, үстінде ақ көйлек, қара-сұр костюм, галстук байлаған аққұба бір кісі сәлемдесе кіріп келді. Бір қарағанда-ақ жүзінен нұр төгілген, жинақы, тегеуріндігі бірден көзге ұрғандай келбетті ағай сыныпты көзімен түгел шолып шықты да өзін таныстырудан бастады. Содан соң бәріміздің парта-парта бойынша аты-жөнімізді сұрап шықты да сабақты бастай берді. Бөлме тып-тыныш. Тура бір патшаның алдында отырған уәзірлердейміз. Көзіміз мұғалімнің әрбір қимылында. Сабақты беріле тыңдағанымыз сонша шығуға ұрылған қоңыраудың даусын да естімеппіз.Ол заманда ансамбль, камера дегендер жоқ. Аптасына бір рет мектепте кеш болады. Оған мұғалімдер тегіс қатысады. Сонымен қысылып қымтырылып бір-екі ғана вальс билейміз. Әрине, ол біз үшін аз.
Бірде осындай кештен кейін бізден бір сынып төмен оқитын Пернеш Жүсіпованың үйіне тығылып барып, патефонмен билеп, ән айтып, енді қыза бергенде сау етіп Ахметжан Жұмаділдаев, Мақұлбеков, Иманғали ­Рыспанбетов, Досмахан ағай төртеуі жетіп келгендегі біздің жағдайымызды көрсеңіздер. Айтары жоқ, дереу тарадық. Ертеңіне жиналысқа түсіп біреулеріміз жылап енді шықпастай болдық. Сонда Досмахан ағай бізге қарап тұрып «Бұларды да түсінуге болады, шіркін жастық шақ-ай, бірақ амал жоқ мектептің ережесі солай» – дегенін әлі күнге дейін басымыз қосылса жыр етіп отырамыз. Дархандықтары даладай, пейілі терең теңіздей, жақсыны көрсе қуанатын, қамыққанда арқасынан қаға беретін қарыз бен парызды бағамдай білетін асыл жандарымыз өткеннің еншісінде кетсе де естен кетпейтін құдіретті тұлғалар екен ғой. Досмахан ағай бізге қазақ тілі мен әдебиетінен 3 жыл сабақ берді. Баланың бойына оқу мен тәрбиені қатар сіңіру – басты парызым деп санайтын. Көп білетін. Үнемі сөмкесі оқулықпен қатар әдеби кітаптарға толы жүретін. Санамызға көп нәрсені құйды. Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерін бойымызға сіңіруде тек оқулық емес әдеби кітаптарды оқуға, Абайды танып, біліп, үйренуге бағыт берді. Ағай осының бәріне қалай уақыт табады деп қызыға қарайтынбыз.
Ағайға еліктеу мені де жайбарақат қалдырмады. Ең жақсы мамандық – мұғалім, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беру менің басты арманыма айналды. Ақыры мен де ұстазымның жолын қудым. Уақыт шіркін неткен жүйрік. Мен екінші рет еңбектегі шәкірті және әріптесі болдым. Әрине, мектеп директоры болу оңай емес. Мұғалім деген өте сезімтал, жаңалыққа жаны құмар, біліктілігі мен білімділігі жоғары зиялы қауым. Солардың әрқайсысының жүрегіне жол табу ұжымдағы бірлікті сақтау, жас мамандарға бағыт-бағдар беру – күрделі іс.
Бұл тұрғыда көп жыл жемісті еңбек еткен майталман басшы үлкен беделге ие, абырой биігінен көрініп жүрген ағайдың ықпалы мені де алға жетеледі. Білім мен ғылымның заңғар биігін бағындырған зиялы қауым, адамзаттың бойына сөз мәрмәрін, жыр жауһарын сіңірген ұшқыр ойлы, ұтқыр сөзді ұстаз үшін айтар сөз, тілер тілек шексіз. Жүрегі мейіріммен шуаққа толы, әдеппен көркем мінезді тәж етіп киген, қандай бір жақсы теңеуге лайық жан болса, ол осы менің ұстазым Досмахан ағай. Міне, осындай ұстаздан тәрбие алу мен үшін үлкен мәртебе. Қарттықты ақылды қариялықпен ұштастырып, өмірінің соңына дейін ұстаз деген атты кірлетпеген жанды қалай қадірлемессің, құрметтемессің: «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қағида менің осы қымбатты ұстазым үшін айтылғандай. Солай дей келе ағайдың 1962 жылғы түлектері атынан Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтің Ә.Тәжібаев елді мекеніндегі мектепке ағайдың атын беру туралы айтқан ұсынысын толығымен қолдаймын. Жақсының қалдырған ізі деген осы. Ұстаздардың ұстазы, өзінің бойындағы асыл қадір-қасиетімен танымал болған ұстазым менің, мәңгілік мекенің жарық, орның пейіштің төрі болсын.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Досмахан ағайдың шәкірті.
22 қазан 2019 ж. 454 0