Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз деген Ұлы ұғым

Ұстаз деген Ұлы ұғым

Бәріміз де оқушы болдық. ауылда аунап-қунап өстік. балалық шақта Қызықты ойындардың да түбін түсірдік, мектептің сабағына да үлгеріп, озат оқушы атандық.
Үйде анамыз мектептен келісімен «Тамағыңды ішіп ал, содан соң сабағыңды оқы, мұғалім қандай тапсырма берсе, соны орында, есебіңді шығар, жаттауыңды жатта. Содан соң Әбілтай әкеңнің құдығынан су әкеліп, малға су бер, бір құшақ отын бұтап таста, мына көршінің баласы кепе басына өзі шығып, ешкі-қойына шөп салып жүр. Сен де сөйте сал. Әкең бүгін жұмыстан кеш келеді. Шырағым, сабақ оқымасаң, мұғаліміңнен ұят болады. Пәленшенің баласы сабақтан екі алыпты деген жақсы ма? Үй тапсырмасын орындау – ұстаздарыңа жасаған құрметің. Мұғалімнің тілін алу керек. Олар оқыған-тоқыған кісілер. Сендер түгіл біз де солардың тілеуін тілеп отырамыз» дейтін. Бұл күнделікті еститін сөзіміз еді. Миға осындай әдепті әңгімелерді құя берген соң ба, мұғалім біз үшін құдайдай көрінетін. Кейде тұра қалып, оларды пәк көретініміз сонша, «Апайлар мен ағайлар осы тамақ жейді ме екен?» деп, қиялға да шомып кететінбіз. Мектептегі мұғалімдердің барлығы біз үшін ағай, апай аталатын. Ауылымыз құмды болғандықтан, жая-жая құмдардан асып, мектебімізге шұбырамыз. Жолай ағай, апайлар кездесіп қалса, бас киімізді, шәпкімізді шешіп, қолымызға алып, олар өтіп кеткенше жол жиегіне қаздиып тұра қаламыз. Жанымыздан хан өткендей жамырап, «Сәлеметсіз бе, ағай» деп, басын изеп өте шыққан мұғалімнің ту сыртынан таңырқап қалушы едік. Өткен ғасырдың алпыс-жетпісінші жылдардағы осы ұстаздарға деген құрметі бірте-бірте жоғала бастады. Бүгінгідей реформалардың салдары ма, мұғалім мәртебесі төмендеп, олар жай сабақ берушілер қатарында қалды. Біздің кезіміздегі идеология кімдікі болса да, керемет тұғын. Үлкенді сыйлау, білімді адамды құрметтеу, ұстазды тану, қазақылық мінез-құлқымызды сақтау, сауатыңды ашып жүрген адамның, мұғалімнің алдында шәпкіңді алып амандасау, басыңды ию қандай жарасымды?! Кісілікке жасаған кішілігіңіз өзіңізді де ер жеткен соң кісі болуға шақырып тұрғандай. Тәрбиенің таптырмас түрі. Өкінішке орай оны әлдеқашан жоғалтып алдық. Бұдан да сорақысы, бүкіл қазақ балаларын сауаттандырған әліппемізден де айырылып қалған жоқпыз ба? Мен де өмірдегі еңбек жолымды №50 Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып бастадым. Осында ұзақ жыл мектеп директоры болған, «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері, «Қазақ КСР-і және КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері» Асанбек Бәкіров ағай үнемі педагогикалық кеңестерде «Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі тиіс. Біріншіден, мамандық таңдағанда, екіншіден жар таңдағанда» деп отыратын. Сондай ақ әркімнің сүйіп таңдаған мамандығы өзіне қымбат. Меніңше дүниедегі ең қымбат, ең асыл, ең құрметті, ең мәртебелі де сыйлы мамандық – мұғалім. Ұлағатты ұстаздар. Мұғалім – мектептің жаны. Олар оқушылардың білім ордасындағы әке-шешелері. Мұғалім – ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақты тәрбиелейтін, білім нәрімен сусындататын мәртебесі биік, өлшемі шексіз мамандық. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» десек, келешек ұрпағымызды біліммен қаруландырып, тәрбие беретін киелі шаңырақ, алтын ұямыз мектеп болса, мұғалімдер қауымы әркез адамзаттың барлық асыл қасиеттерін оқушылардың бойына сіңіріп, шәкірттердің қоғамдық көзқарасын қалыптастырып, жан-жақты тұлға болып ержетуіне зор ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Сонда мұғалім – теңіздегі кемені басқарып тұрған капитан, болашаққа жөн сілтеп тұрған да сол. Саналы ұрпақ өсіріп, сапалы білім мен тәрбие беріп жатқан ауданның білім саласының барлық қызметкерлеріне алғысымыз, айтар тілегіміз мол. Барлығының, данышпан Абай атамыздың да ұстазы болған. Сіздің де, менің де қымбатты ұстазымыз бар. Алғашқы қазақтың «Ә» деген әрпін үйретіп, қара тақтаға «әке» деп жазып, мысал келтірген Пернеш деген апайды, бастауыш класста одан әрі жетекшілік жасаған ­Айдар ­Жолбаев ағайды қалай ұмытамыз? Асанбек Бәкіров, Ақтай Әділов, Есіркеп Омаров, Кеңес Әлімбаев, Тұрсынбай ­Алдабергенов, Бектас Сарманқұлов, Қарабек Әшірбеков, ­Сламбек Қазбеков, Сейітхан Әлтаев ағайлар ше? Осындай күшті мұғалімдердің арқасында біздің №50 Абай атындағы мектеп ұзақ жылдар ауданның алдыңғы қатарында жүрген мықты ұжым болды. А.Байтұрсынов айтпақшы, «Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ». Аудан халқының аузына ілігіп, осы кезге дейін есімдері ұмытылмас ұстаздар Әбілдә Ахметов, Әшім ­Аманжолов, Нина Безгина, ­Ертай Есенгелдиев, Бақыт ­Жанаева, Мінат Қалдыбайұлы, Қожамқұл Пірназаров, Досмахан Сұлтанов, Шәкен Ысқақова, Күлжан Жәукебаева, Жағыпбар Зермұхамедов, Айдар ­Достияров, Нәзігүл Аханова, Амангелді Көпеев, Мақұлбек Рүстемов, Сәулебай ­Аймаханов, Баян Сейтенова, Қалияш Тұрсынова, Кенжетай Палмағанбетов, Абай Баукенов, Жібек Баймұратова т.б. әрқашан жүрек төрінен орын алады. Қазіргі таңда тәуелсіз қазақ елі әлемдік білім жүйесімен жан-жақты ықпалдасып, ғылым мен білімді заман талабына сай дамытудың даңғыл жолына түсті деуге жатады. Білім саласын реформалаудағы кейбір олқылықтар оқулықтардың сапасы мен қателері, білім берудің озық әдістері мен жүйесін қалыптастыру, үш тілділікке байланыс­ты талқылау да мұғалімдердің «Педагог мәртебесі» туралы Заңы қолданысқа енген соң айқын болады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жуырда Тамыз кеңесіне қатысып, ұстаздардың еңбегіне лайықты құрмет көрсету керектігін атап өтті. Олар бес күндік жұмыс жүйесіне көшіп, ең кереметі ұстаздардың еңбек жалақысы төрт жылда екі есе ұлғаятын болады. Осындай оң өзгерістер ауданның екі мыңнан аса мұғалімдеріне де жаңа дем, шалқар шабыт береді деп ойлаймыз. Өз заманына күйініп, қарны ашқан Абай хакімнің әкесі Құнанбай «Мен шын жыласам, қатындардың жылағаны айдалада қалады» деген екен.
Иә, күн райы да, заман да өзгерер. Бірақ бойымызға қажыр, ой-санамызға білім нұрын, тәрбиенің салт-дәстүрін құйып жатқан мұғалімдер, ұстаздар мәңгілік. Оларды көргенде «Қалдырған ізің мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып. Ұстазым менің ұстазым» деп ән салғың келіп тұрады. Керемет, асқақ ән де ұстаздарға арналған. Жақсы әуен жақсыларға ғана туады. Мектеп, мұғалім, білім, қара тақта, ақ бор, қоңырау сыңғыры – неткен ғажап дүние. Бәрімізді сағындырған әліппе әлемі де алда тұрар жарқырап.


Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

27 тамыз 2019 ж. 1 011 0