«Күнделік жобасы» қағазбастылықтан құтқарады ма?
Электронды күнделік жобасы қағазбастылықтан құтқаруға жол ашады. Әрі бұл ата-ана, оқушы, ұстаз арасындағы байланысты бекітеді. Оқу процесін жетілдіреді. Жобаның мақсаты осы. Бүгінде «Күнделік» жүйесі ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде «Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» яғни пилоттық жоба ретінде жұмысын бастады.
«Күнделік» жобасының ата-ана, оқушы үшін тиімді тұстары бар екенін айтуымыз қажет. Әрбір ата-ана қолы қалт еткен уақытта баласының оқу үлгерімін үйде отырып көре алады. Ол үшін мектеп әкімшілігі арнайы логин және құпия сөз арқылы кіріп, оқу процесін бақылай алады. Маңыздысы, кез келген адам оқушының оқу үлгерімін көре алмайды. Ақпараттардың қауіпсіздігі сақталады. Ал, оқушылар үйге берілген тапсырма, сабақ барысында қолданатын материалдардың тізбесі, мұғалімнің түсініктемелерін көре алады.
Жалпы электронды күнделікке қатысты айтар болсақ, оның ақпараттық қауіпсіздігі мықты болатын болса, мұғалімдер қағаз бастылықтан арылар еді. Әрі түрлі мұрағаттардың да табылуы жеңілдей түседі. Меніңше, ата-ана мен мұғалім арасында тығыз байланыс орнатуға бірден-бір септігін тигізетін құрал деп ойлаймын.
Жұлдызай Сәрсенбаева,
№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының мұғалімі.