Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » bilim land – білім саласында

bilim land – білім саласында


Бүгінде ақпараттық-коммуникациялық және сандық технологиялар ғаламдық дамудың жетекшісіне айналып отыр. Қиял - ғажайып шығармаларда суреттелетін адамның қатысуынсыз, өздігінен жұмыс істейтін роботтар, жүргізушісі жоқ «ақылды» көліктер бүгінде адам өмірінің белгілі бір бөлшегіне айналды. Ғылым мен технология саласында күн сайын елді елең еткізер жаңалықтар ашылып, өндіріс пен күнделікті тұрмыста қолданысқа енуде. Бұл жаңалық пен жетістіктен алаш баласы да тысқары қалмауы тиіс.
Елбасының Жолдауында білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы ретінде жаһандық өзгерістерге үнемі бейім болу қажеттігі айтылған болатын. «Еліміздің жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылуы үшін бірінші міндет индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» – деген еді Елбасы. Сондықтан, жаңа білімді меңгеру мемлекет дамуының басты бағыты болып отыр. Бұл бағыт бойынша білім беру бағдарламасының мазмұнын үнемі жаңалап отыру қажет. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. «Біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы», – деген мемлекет басшысы өз сөзінде. Бүкіл процесс жүйелілікті, реттілікті және кешенді тәсілді талап етеді.
Сонымен бірге, алдағы уақытта балаларға қатысты қосымша анықтамалар жинау қысқартылып, бірыңғай электронды мәлімет базасы құрылмақ. Соның негізінде бүлдіршіндерді бөбекжайдан мектепке, кейін колледж бен жоғары оқу орнына
ауыстыру жеңілдей түспек. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: «Біз электрондық журналды қағаз есепке теңестірдік. Егер мектеп электрондық жүйеге және кең жолақты интернетке қосылған болса, мектеп журналын тек электронды нұсқада жүргізу керек. Оны қайталап, тағы қағаз түрінде толтыру қажет емес және оған тыйым салынды. Тиісті бұйрық қабылданды», – деген болатын.
Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан елімізде “BilimLand” білім беру ресурсын қолдану, «Күнделік» электронды журналын жүргізудегі мектептердің белсенділігі артып келеді екен. Электронды журнал арқылы бағалау дегеніңіз – заман көшіне ілесу. Бұл жүйенің көздегені – оқушының пән бойынша білімін әділ бағалау. Өйткені, электронды күнделікке қойылған баға тікелей Білім және ғылым министрлігінің бақылауында болады. Мұның бізге берері – ата-ана баласына қойылған баға мен үйге берілген тапсырмадан хабардар болып
отырады. Ал, электронды сайтына кіріп, журнал арқылы кез-келген сабаққа түсініктеме және қосымша материалдар қоса алады. Сонымен қатар, үй тапсырмасын басқарудың интерактивті модулі оларды сыныптың барлығына немесе бөлек оқушыларға беруге, әртүрлі тапсырмаларды көшіруге, оларға файлдарды қосуға және орындалу барысын басқаруға мүмкіндік береді. Осы арқылы ата-ана баласына берілген тапсырманы үйден-ақ біліп отырады. Бұл үшін ең керекті дүние интернет көзіне қолжетімділік болса болғаны. Бірақ, біздің білуімізше, аудан мектептері 100 пайыз интернетпен қамтылғанменен, кей ауылдарда интернет желісіне қосылу жылдамдығы төмен.
Осы ретте, аталған сала бойынша аудандағы ахуалды білмекке аудандық білім бөлімінің басшысы Б. Сейілхановқа хабарласқан болатынбыз. Бізге мәлім болғанындай, 2016 жылдың қазан айынан бастап білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесіне 10 мектеп қосылыпты. Қазіргі таңда жүйеге 1176 мұғалім, 7085 оқушы, 4983 ата-ана тіркеліпті. Ал, “E-Learning” электронды оқыту жүйесіне 2015 жылы 9 мектеп енген болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 20-ға жеткен. “BilimLand” білім беру платформасына сәйкес 22 мектеп онлайнға, 19 мектеп оффлайнға қосылған. Мұнымен қоса цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау мақсатында компьютерлерді локальді жүйеге қосу үшін желілік хаб, жүйелік сымдар, роутер, Wi-fi нүктелерімен қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар мақсатты түрде жалғастырылуда екен. Ал, ауданда өткен жылы оқушылар үйіне және мектептерге 7 роботехника кабинеттеріне 134 дана интерактивті тақта, 194 дана жаңа компьютер алынып беріліпті. Енді компьютерлерді, лабораторияларды және 3D-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопаркін құру жоспарлануда. Тағы бір айта кететін жайт, енді «информатика» пәні 5-сыныптан емес, 3-сыныптан бастап енгізілмек. Бұл дегеніміз, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына және өндірістік-технологиялық салаға қызығушылықтары артады деген сөз. Мұның дәлелі ретінде аудан оқушыларының жасаған роботтарын атауға болады.
Естеріңізге сала кетейік, білім министрі бүгінгі күні мектептің мұғалімдері жүргізетін құжаттар бекітілгенін де атап өткен болатын. «Олар тек 5 құжатты толтырады және электронды жүйеге қосылған болса, барлығын электронды түрде жүргізуге мүмкіндігі бар. Осыған байланысты да бұйрық бар. Алдағы уақытта мұғалімдер өздерінің функцияларына сәйкес емес жұмыстарды істемеуі үшін, барлық деңгейдегі басшылар аталған мәселені өз бақылауында ұстауы керек», – деген болатын. Демек, қағазбастылықтан арылған ұстаздардың оқушымен жұмыс жасауға көп уақыты болып, міндеттерін еш кедергісіз атқармақ. Бұл дегеніміз, білім көрсеткіштері де артпақ. Баршаңызға аян, өткен жылы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа балы 80,53 болған еді. Жоғарыда біз айтқан жұмыстар өз дәрежесінде дер кезінде атқарылар болса, білім таразысында аудан шәкірттері салмақты бал жинайды деген сөз.
Егеменді еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп партасында білім алып отырған оқушылар десек, оларды қазіргі заман талабына сай жан-жақты білімді етіп тәрбиелеу үшін оқытудың әдіс-тәсілдерін пайдалану бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Оның ішінде ақылды технологиялардың үлес салмағы басым. Олай болса, салалардағы цифрландыруды жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру, индустрияландыруды жеделдету, инновациялық өзгерістерді өмірге шапшаң енгізу қажет. Еліміздің ғылыми-техникалық әлеуеті бұл міндеттің үдесінен шығуға мол мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

Дина ЖҮСІПОВА.
01 сәуір 2018 ж. 4 149 0