Гүлге оранған музей

Ескіріп, ел жадынан өше бастаған әрбір құнды дүниеге қайта жан бітіріп, жаңғыртып, жаңарта білетін музей директоры Құттықыз Ыханованың еңбегін елемеу мүмкін емес.Қырық жылға жуық тарихы бар музейдің іші екі мәрте Еңбек Ері атанған Ы.Жақаевтың қолынан еңбек аттестатын алған «Коммунизм» колхозындағы күріш звеносының жетекшісі, Еңбек Ері Ш.Қазанбаева, З.Ержанова, күрішші Д.Сейітова т.б Жақаевшылар жайлы мәліметтерге толы. Сондай-ақ туған жердің тарихынан сыр шертетін қасиетті мекенге келген қонақтар табан тіремей кетпейді. Онда бас сұққан жанның ерекше әсермен, жаңаша қарқынмен шығатынын да аңғарамыз. Әрбіржанға жайлылық сыйлайтын даңқты диқаншының ауылынан салынған жаңа ғимараттың сәні мен сымбаты да келісіп тұр.
Музей алдын жасыл желекке айналдырып, сан түрлі гүлдермен көмкерген Құттықыз Ықанова жыл сайын жаңашылдығымен таңқалдырып келеді. Бір жылдары шырмауық гүлдермен паравоз жасаса, енді бір жылдары 10 шыршаны қаз-қатар тізілтіп қойды. Тіпті, музей алдындағы арнайы гүлден жасалған орындыққа отыру үшін баратындардың қарасы да қалыңдаған еді. Міне, осындай әсемдік пен әдемілікпен көркейту-көгалдандыру басында жүруі тиіс жанның бірі – Қ.Ыханова десек жаңылыспаймыз.
Кент ішінде халыққа қызмет көрсететін қаншама мекеме бар. Соның ішінде Шиелі ауданаралық аурухана алдын да осылай жасыл желекке айналдырса нұр үстіне нұр емес пе? Жаңа аурхананың бой көтергеніне 3 жылдай уақыт болды. Алайда, әлі күнге көгалдандыру жұмыстарына толық ден қойылмай келеді. Таза ауа, жайлылық пен жылылық дерті дендеген адамдарға керек-ақ.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ