ТӘРБИЕ БАСЫ – ТЕЛЕАРНАДАН
Қазір қай телеарнаны ашсақ та жаттан жеткен «жұғымсыз» ток-шоулар мен ойын-сауық бағдарламалардан аяқ алып жүре алмай қалдық. Кей бағдарламада ошақ қасында айтылатын әңгімені жаһанға жар салып жатқанына қарап ұялғаннан кірерге тесік таппай кетесің. Түрік пен үндінің сериалдары әбден жүйкені жұқартып болды ма дегенде, өзіміздің шоуларға жол болсын?
Көгілдір экранның арғы жағындағы бағдарламалардың басым бөлігі жеңіл-желпі әңгімеге құрылып, көрермен талғамын түсіріп жатыр десек жаңсақтық болмас. «Қалауым сен», «ҚосЛайк», «Қалаулым», «Бір болайық» аты да, заты да ұқсас ток-шоулардың пайдасы қайсы? Жігітпен көзі түйісе қалса ұялғаннан беті қызарып, дуылдайтын қыз бар ма қазір? Қызды көрсе жүрегі алып-ұшып, қолжетпесіндей бағалайтын жігіт қалды ма? Бұл бағдарламаларды көрсең көзбен ғана ұғысатын махаббат деген ұлы сезімнің тапталып, қазаққа ғана тән ұяңдықтың ту-талақайы шыққандай көрінеді. Бағдарламаға жар іздеп емес, жұлдыз болу үшін келген жігіттер жұдырықтасып, қыздар ауыздыға сөз бермей жатқаны кімге үлгі? Мұны біз алғаш айтып отырған жопыз. Айта-айта жауыр болған ток-шоуларға тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. «Астарлы ақиқат», «Көреміз» сияқты өсек пен төсектің айналасынан шықпайтын бағдарламадан да ұтарымыз шамалы. Мейлі бір отбасының мәселесін бағдарламадан көрсетсін, бірақ содан шығу жолын талқылап, енді не істеу керек деген сауалға жауап іздесе бір жөн-ау.

Әрине, көрерменді тарту оңай емес екені ақиқат. Күйбең тірліктен қажыған қоғамның қалауы «Қалаулым» мен «Көреміз» болып тұрған шығар. Десек те, миллиондаған көрерменнің талғамын қалыптастырып, тәрбиелейтін де осы бағдарламалар емес пе?! Кезіндегі «Ұят болмасын», «Мың бір мақал» секілді бағдарламалар қаншама уақыт өтсе де халық жадында сақталған. Себебі көрерменге берері мол болды. Әсіресе, «Ұят болмасын» бағдарламасының безендірілуі, бүкіл өнер жұлдыздарына бір қазаннан дәм ұсынған, киелі дастарқан басына жиып, халқымызға жақсы көңіл-күй сыйлайтын, тәрбиелік мәні жоғары дүниелердің бірі еді. Сондықтан қай бағдарламаны ашсаңыздар да, ұлттық бедер мен нақыш көрінбесе ол бағдарламаның ұлтқа, мемлекетке әкелер пайдасынан гөрі залалы көп боларын ұғынған абзал.
Негізінен ток-шоу жанрының отаны – Америка. Бұл жанр қарапайым адамдардың телебағдарламаға қатысып, өзінің еркін пікірін білдіре алатын ашық алаңы іспетті. Әлемдік телевизия тарихында осы жанр дүниеге келгелі бері, ең жоғары рейтингтерді иеленіп келеді. Оған деген көрермен қызығушылығының өзі тектен-тек туындаған жоқ. Өйткені мұндай бағдарламаларда өмірдің түрлі қиындығына ұшыраған мыңдаған жандар басына түскен ауыртпалықтың өзгелердің де иығында бар екенін, өзінің жалғыз еместігін түсінеді, әрі студияға келген кейіпкерлер мен танымал қонақтардың дәл сондай мәселеге жаны ауыратынын, әрі өз тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісуге даяр екенін біледі. Ал екінші қыры, дәл осы ток-шоу жанры қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстардың астарына көппен бірге үңіліп, күрмеулі мәселелерді де біріге отырып шешуге, тығырықтан шығудың жолын бірге қарастыруға, тіпті кей жағдайда адам өзін қалай ұстауы тиіс, қандай қадамдар жасауы керек деген сияқты қам-қарекеттерді қамтиды.
Эфир – эстетикалық тәрбие құралы, ал телевизия – қуатты күш. Осыған саятын болсақ, «бүгінгі қазақ телевизиясын жаулап алған ток-шоулар ұлттық танымға негізделуі тиіс. Халықтың жағдайына үңіліп, бүгінгі өскелең ұрпаққа тәлім беруді мақсат тұтуы керек. Ал дәл қазір отандық телевизия тек өсек-аяң, талас-тартыстың алаңы секілді әсер қалдырады. Бұлай дейтініміз, қай арнаны ашсаңыздар да отбасылық жанжалға байланысты бағдарлама шығады. Бізде одан басқа мәселе қалмаған ба деп те таңғаласың.
Ұлттың болмысын аман сақтап, алға жетелейтін қуатты құрал – телевизия екенімен ешкім дауласа қоймас. Қуатты болуымен қатар қауіпті екенін де ескеруіміз керек. Себебі оны көрген адамның санасына, ойы мен миына тікелей әсер етеді. Әйтсе де сол телеарналардың көбі жеңіл-желпі дүниелердің, арзанқол көрсетілімдердің ошағына айналып кетті. Бәсекеге төтеп беру оңай емес. Бірақ арзан жолмен рейтинг жинағысы келетіндер өздерін тәрбие мен идеология құралы екенін ұмытпаса игі.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ