Рембо братан
– Ойбай, естідіңдер ме, Рембо братан көрші ауылдың он баласын бір өзі жайпапты. Екеуін екі ұрып құлатқан екен, қалғаны бытырап қашыпты. Рембо қуып жүріп сабапты....
– Мәссаған, кеше Рембо братан бір өзі бір кафені қиратып кетіпті...
– Базар жоқ, Рембо братан ауылдың балаларының тірлігін шешіп беріпті...
– Рембо братан мықты!
– Рембо братан сойқан!
– Рембо братан «любойын» дірілдетеді!
– Рембо!
– Рембо!
– Рембо!
Иә, Рембо келе жатыр десе көшеге енді шығып жүрген біз ғана емес, әжептеуір мен-мен деп жүрген жігіттердің өзі тайқып кететін.
Лақап аты «Рембо» аталып кеткен ағамыз орта бойлы, жалпақтау денелі, өте шымыр мықты жігіт тұғын.
Бала кезімде палаткада болған тойда бір төбелесін көріп, мынадай әбжіл, сұрапыл адамды ешкім жеңе алмайды деп түйгем. Оның төбелесінің бір ерекшелігі сасу-пысу дегенді білмейтін. Жаны кіріп, жүзі жарқырап, шаттанып жүріп төбелесетін. Біреулердің мұрнын бұзып, жағын сындырып тастайтыны болмаса сойқан төбелесі сүйсініп тамашалауға тұрарлық еді.
Шашы бұйралау, жазық маңдай, көзі шоқтай жайнап тұратын, күлкісі де дүркіреп шығатын, келбетті жігіт. Бір сөзбен айтқанда «красавчик».
Біз кішілер қауымы Американың емес, осы өзіміздің ауылдың Рембосына еліктеп өстік.
Мен тоғызыншы сыныптан соң колледжге оқуға кеттім.
Студент атанып, шаш қайырып жігітсініп жүрген кезім. Ауылға анда-санда келемін.
Әр келген сайын Рембо братанның «ерліктері» жайлы естимін. Рембоның таңғалыс пен мақтанышпен айтылатын есімі ренішпен, өкпемен, кейде тіпті қарғыспен айтыла бастапты.
– Естідіңдер ме, өткенде Рембо братан ішіп алып өзінің құрдастарын тырқыратыпты.
– Ол ештеңе емес, мас болып өзінен үлкендерді боқтап, бір-екеуін ұрып жіберіпті.
– Көшеде тіпті, жүруден қалдық. Кеше Рембо братан ауылдың жас балаларын ұстап алып араққа қаужап, азанға дейін «понятие жевать» етіп әбден ұрып-соғып қинапты.
Осындай жайттарды көп ести берсем де, Рембо братанды жамандыққа қимадым.
Бір күні бетпе-бет кездесіп қалдық.
– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп құрақ ұшып қос қолмен амандастым.
– Қалайсың-ей, «братишка»! – деп қолымды қысып өрескел тартып қалды. Қолы мұндай қатты болар ма еді. (Осылай духты сындырып алады екен)
Ауызынан арақтың иісі мүңк ете қалғанда, менің жүрегім бүлк ете қалды.
– Бас ауырып тұр, басымды жаз е, братишка! – деп ежірейе қарады.
– Аға, қазір ыңғайым болмай тұр-деп міңгірледім.
– Да, ну, ей! Құның жарты-ақ удар ғой сенің! Өліп түсесің қазір, ту, на...!
– Болды аға, түсіндім, қалаға қайтатын проезім еді-деп бар ақшам екі жүз теңгемді қорыққанымнан қолына ұстата салдым.
– Қалада оқисың ба не сен?!
– Иә, аға, сол оқуға қайтуым керек еді... деп ақшамды қайтып беретін шығар деп мөлиіп қарадым.
Қайтару қайдаааан.
– Қалада жүрсең «достойно» жүр ей! Жігіт деген достойно жүру керек!
Чёрт болма, түсіндің ба? Әй, бірақ сендер слабыйсыңдар!
Сендей кезімде мен деген өйткем де бүйткем, ананы айырғам, мынаны қайырғам – деп ағам ұзағынан мақтанды. Қысқасы сол күні түнімен Рембоның қасында күшігі сияқты еріп жүрдім. Жүргім келмеді, жібермеді. Ертесіне қалаға қайта алмадым. Рембоның шарапаты тиген көзбен қалай барасың? Құлақшеке тұстан жарқ еткізген кезде көзім іскені сонша жұмылып қалып еді. Кейіннен көгерді, одан соң қарайды, әжептеуір әбіржідім...
Содан бері он бес жылдай өтті. Қазіргі күні Рембоның дақпырты басылған. Даңқы өшкен, дәуірі көшкен.
Соңғы «ерлігінде» ауылдың жас балалары жабылып ұрып сілейтіп салыпты деп естігем.
Осы күні мүлде азып-тозып кеткен дейді.
Жақында ауылда бір тойдан шығып келе жатсам, қораның жанында біреу отыр екен. Жанына жақындап әзер таныдым. Рембо братан.
Мені көріп орынынан тәлтіректей тұрды.
– Қалайсыз, Рембо братан?
Не болып кеткенсіз, не түр мынау? – деп таңданысымды жасыра алмай сұрап жатырмын.
– Түрге не болыпты-ей, «братишка?!» Главный «достойно» жүру керек, жігітше!
Ағаңның басы ауырып тұр. Мені білесің ғой, е, анау-мынауды қаужамаймын, достойно братишкам деп айтып тұрмын саған, е-деп қолымды қысып өзіне тартып қалды. Қауқары қалмапты, қалбалақтап өзі құлай жаздады. Ызаланғанынан көзінде кішкене ұшқын жылт етті де, қайтадан сөніп қой көздене қалды. Ешкім жеңе алмайды деп жүрген сұрапыл ағамды арақ оп-оңай жеңіпті.
Жеңгені сонша қанына сіңіп, аққан терінен арақтың исі шығатын болыпты. Жүрегім езіліп, ағама қарап тұрдым да:
– Дұрыс, братан. Жігіт достойно жүру керек! Өмірді «достойно» сүру керек! – деп қалтамнан екі мың теңге суырып бердім. Бұл жолы қорыққаннан емес...
Әл-Фараби Бекарысұлы