Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛАУЫҢ НЕ, «ҚАЛАУЛЫМ»?

ҚАЛАУЫҢ НЕ, «ҚАЛАУЛЫМ»?




Қазақ әу бастан қызға қырық үйден тыйым салған халық. Қыз тағдыры – ұлт тағдыры деп, елдің ертеңгі ұятты қызын, намысты ұлын дүниеге әкелетін қаракөздеріміздің ар-намысын сауысқандай сақтықпен, қырандай қырағылықпен қорғаған. Әйел заты бір отбасының ұйытқысы, қай қоғамның болсын күретамыры. Бүгінде қазақтың ибалы да инабатты арулары ел алдында ізеттілігімен көрініп жүр ме, әлде...

Біраз уақыттан бері отандық телевизиядан отбасылық құндылықты насихаттайтын, өмірлік серігін жолықтыра алмай жүрген жастардың басын қосып, отау құруларына мүмкіндік беретін «Қалаулым» деген бағдарлама көрсетілетін болды. Шынымен де, жарнамасына қарап, әлеуметтік маңызы бар, мәнді жоба көрерменге жол тартады деп ойладық. Сөйтсек, онсыз да телеарналардан үзілмейтін арзанқол, бітпейтін сериалардан тұратын үнді, түрік киноларынан қашып құтыла алмай жүргенде, тұтастай сценарийге құрылған «Қалаулым» да бұл тізімді толықтырды. Тікелей эфирде бірнеше сағаттап отыратын атышулы жобада не айтылып жүр? Бағдарлама қаншалықты шынайы? Бұған қоғамның пікірі қандай? Бұл қаптаған сауалдарға жауап іздеп әуре-сарсаңға түсудің керегі де жоқ секілді. Өйткені, осы «Қалаулым» «Еуразия» бірінші арнасынан көрсетіле бастағаннан бері қоғам пікірі екіге жарылды. Әрине, жақтағандардан жақтырмағандар көп. Әлеуметтік желілерде осы жобаның шынайылығына күмән келтіріп, «ұлтты бұзатын бағдарлама жабылсын» деген наразы пікірлер қаптады. Тіпті, жан-жақты талқылаудан да өтті. Бірақ, осыған қарамастан «Қалаулым» эфирден түскен жоқ, жалғасуда. 
Үш сағат тікелей эфирде өтетін реалити-шоудың жүргізушісі Аша Матай екені көпке белгілі. Отандық телевизияның «жүргізушісі әнші болса, рейтингті көтереді» деген қағиданы ұстанып, қаптаған жобалардың тізгінін жұлдыздарға ұста­та салуы керісінше халықтың теріс пікірін қалыптастыруда. Жастардың, қала берді орта буын өкілдерінің сүйікті бағдарламасына айналған жобаға қатысушылар онда жар іздеп емес, жұлдыз болу үшін келген секілді. Эфирді тұтас ел тамашалайтынын ұмытқан жігіттер арасында жұдырықтасып та алады. «Болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дер» деген. Сол азаматтар бірін-бірі әдепсіз сөзбен түрткілегенше, ірі мінез көрсетіп, кесек ойын неге айтпайды? Ал, қазақ қызына тән ұяңдықты ысырып қойып, ер адамның алдына шығып жарыса сөйлеген, жыртыңдап күлген, бетбақтырмаған қыздар да бұл алаңнан ойып тұрып орын алған. 
Не десек те, жанкүйерлері қалай жақтаса да «Қалаулым» қазақы менталитетке мүлде жат. Еуропалық қағиданы ұстанған бағдарламаның ұраны біреу-ақ. «Барлық адам өз бақытын табуға құқылы». Оған таласымыз жоқ, бақытын тапсын. Бірақ, жер-жаһанға жар салып, маған күйеу керек деу ұлттық болмысымыздан айырмаса, дәріптемейтіні ақиқат. Танысқан қыз бен жігітті «Шай ішу» бөлмесіне кіргізіп, сосын олардан «нәтиже» күту батыстың дәстүріне саяды. Мұнан соң эфирден тыс кезде жолыққан жастар ертеңіне күллі елге өздерінің суреттерін көрсетіп әңгімелейді. «Егер менің қалаулымдағы» өмірім қызықтырса, төмендегі парақшаға жазылыңыз» деп әлсін-әлсін өзін жарнамалайтындары тағы бар. «Қалаулымнан» қалаулысын аңдамай тапқан қаракөздеріміз үміттеніп келіп, қалаулысы бүкіл ел алдында бетін қайтарғанда қысылмастан кете барады. «Бұл не сұмдық?» деп айта-айта жағымыз талды. Бәрібір айтар ауыз болғанмен, тыңдар құлақ болмай тұрғанын қайтерсіз?! 
Айтпақшы, жуырда отандық танымал әзілкеш осы уақытқа дейін ұйымдастырылған шоу дегенге дес бермей келген қалаулымдықтардың өтірігін әшкереледі. Ол өзінің «Инстаграм» желісіндегі парақшасына «Ашаның құлағындағы ушканың даусын басып қойса қайтедi. Ар жағындағы сценаристтiң даусы головной микрофонға естiлiп тұр ғой. Сонда, Аша өз ойынан ештеңе айта алмайтын боп тұр ма? Әлде, сол жерде болып жатқан ситуацияны сипаттап бере алмай ма өз сөзiмен?», – деп жазды. Әзілкеш тіпті, мұны дәлелдейтін видеоны да жүктеді. 

Үлкен үміт күттірген бағдарламамыздың сыйқы осындай болса, оны телеарнадан алып тастау еш­кімнің қолынан келмесе қайтеміз, тек құлаққа түрпідей тиетін олақ сөздерді естіп, кейіп қоя салатын болдық. Сіздіңше «Қалаулымның» қалауы не, оқырман?..

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
13 қаңтар 2019 ж. 1 588 0