Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қызға – қырық үйден тыйымды» ұмытпайық!

«Қызға – қырық үйден тыйымды» ұмытпайық!



Мен «Замананы» 2001-жылдан бері тұрақты түрде оқып келемін. Бұл газеттен небір тақырыптарды қамтитын қызықты мақалаларды оқыған едім. Соның ішінде әсіресе таяудағы нөміріндегі «Қазақ қызы Қытай азаматына тұрмысқа шықты» деген тақырыппен жарияланған мақала мені қатты толғандырып, терең ойға қалдырды.
Негізі қазақ қытаймен жақын араласуға болмайтынын әуел бастан білген. Ерте замандарда қытайлар қазақ еліне жаулықпен келіп, жеңіліп қайтқанда хандарымызға, батырларымызға патшаларының қызын беріп айыбын жуған, бірақ сол қыздардан туған жиендерін аналары арқылы үгіттеп, өз ішімізден жау дайындаған. Сондықтан бұл халыққа сенуге болмайды.
Бүгінде елімізде сол Қытайдан келіп, кәсіп ашып алғандардың ішінде қазақтың қыздарын жұмысқа алып, алдап-сулап, түрлі сыйлықтар әперіп немесе қарызға батырып, қорқытып өзіне әйел етіп алып жүргендері де бар шығар. Егер солар бір себептермен еліне кетер болса, ол жақта екі баламен қабылдамайды, яғни бала тууға шектеу бары белгілі. Сонда қытайға тиген кей қазақ қыздарының топырлап жесір қалуы әбден мүмкін емес пе?
Жоғарыда аталған мақала кейіпкері – Ұлжан деген қызға менің былай дегім келеді: «Қарағым-ау, қазақтың ең нашар деген жігітінің өзінің бойында бабадан қанға сіңген таза қазақи қасиеттер бар, иманды, адамның қадірін білетін, адал жүректі азаматтар емес пе еді? Ол Қытайдың мың патшасынан қасиетті еді ғой! Қазір нені сағынып, нені аңсап барасың Қытайға? Есіңді жи, әйтпесе өмір бойы еліңді сағынып, аңсап, жылап өтетін боласың!»
Бұл – өзге ел жігіттеріне құмары ауып жүрген барша қазақ қыздарына ескерту.
Ал осы оқиғаны жариялап, жан-жақтан шапқылап, ұлтқа жаны ашып жүрген азаматтардың бәріне, Жәнібек Иманмәзір деген жігітке, жылап отырып өлең жазған Сайрагүл Сауытбекқызына халықтың атынан алғыс білдіргім келеді.
Ағайын, баршаңыздың құлақтарыңыз­ға – алтын сырға, барлығыңыздың қыздарыңыз бақытты болуға лайық, тек бөтен елде емес! «Қызға – қырық үйден тыйымды», аталарымыздың «У ішсең – руыңмен», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөздерін ұмытпайық!
Сайлау БАЙБОСЫН.
О.Тайманов ауылы.
Бәйдібек ауданы.
Zamana.kz
18 желтоқсан 2018 ж. 1 022 0