Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақиқатына көз жеткізбей, арандап қалмайық

Ақиқатына көз жеткізбей, арандап қалмайық

Қаңтар оқиғасы орын алғалы міне 2 айға жуық уақыт өтті. Аласапыран орын алғанда тек елдің амандығын тілеген жұртшылық ес жия бастады. Пендіміз әрине. Әйтесе де, мемлекет басшысының соңғы сұқбатында айтылғандай ақиқатқа көз жеткізбестен, «аңқау елге арамза молда болғысы келетін» теріс ниеттілердің арбауына қайта түсіп қалмауымыз қажет.
Мемлекет басшысы соңғы сұхбатында бұл жайлы былай деген болатын:
– Бұзақылар туралы мәселеге келсек, кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек: олардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл – қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет.
Мемлекет басшысының сөзінде жан бар. Себебі сол қаралы күндерде біз қазір бейкүнә санап жүрген азаматтардың құқық қорғау органдары қызметкерлерін қалай аяусыз ұрып-соққанын, тіпті жап-жас курсанттардың басын кесіп алғандығын естідік, көрдік. Ол да біреудің баласы, ол да бір үйдің отағасы болатын. Сондықтан қамаудағының барлығын бейкүнә санап, құқық қорғау органдары қызметкерлерін негізсіз айыптаудан аулақ болайық. Заң барлығына ортақ. Адамның аласы да, құласы да болатыны секілді олардың арасында да шаш ал десе, бас алатын жауыздар бар шығар. Бар болса, әділ жазасын алары анық. Мейлі ол заң алдында болсын, мейлі ол Құдай алдында болсын. Ең бастысы осынау қиын сәтте елдің бірлігі мен тұтастығын жоғалтып алмау маңызды.

Ә.Алдияров,
Қазақстан Халық ­Партиясы Шиелі аудандық филалының төрағасы
22 ақпан 2022 ж. 260 0