Президенттің жаңа сұхбаты: Тоқаев айтқан негізгі 10 мәселе қандай?
"Менсінбеу емес". Қазақша сұхбат туралы
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін неліктен қазақша сұхбат бермегенін түсіндірді. Оның сөзінше, бұл ешқандай да кемсіту емес.
"Бұл ешқандай кемсіту емес, ешқандай менсінбеу де емес деп айтуға болады. Көптеген арна осыған дейін менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған. Ешқайсына келіспедім. Кейін тек "Хабар" арнасына сұхбат беремін дедім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Өйткені, Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына беру керек еді. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз. Қалай десек те, орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал, қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы.Қаңтар оқиғасы туралы
Президент қаңтар оқиғалары кезінде шыққан арандатушылар мен қарақшылардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болғанын айтты.
"Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.Мемлекеттік төңкеріс туралы
Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынғанын да айтты.
"Бұл оқиғаны ел ішінде әртүрлі атап жүргенін білемін. Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ, дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе.Үтік басып азапталған талдықорғандық туралы
Ашығын айту керек, жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Француз тілінде осындай әрекетті coup d’etat деп айтады. Бұл – төңкеріс деген сөз. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар өздерінің сүйікті қаласын өз қолымен қиратпайтыны белгілі. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату", - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қаңтар оқиғалары кезінде үтік басып қиналған талдықорғандыққа қатысты пікір білдірді.
"Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын."Лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары деп айтуға болмайды"
Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде бұзақыларға қатысты қандай іс-шаралар қабылданатынын айтты.
"Бұзақылар туралы мәселеге келсек. Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл - ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет", - деді Президент Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында.Сонымен қатар, Президент Ресейдегі елімізде болған оқиғаға қатысты "Төңкерісшілердің мақсаты Президент Тоқаевты Қазақстаннан қуып шығу немесе тұтқынға алу" деген болжамына қатысты пікірін айтты.
"Бәлкім, бұл Ресейдің барлау қызметінің көзқарасы шығар. Бұл рас та болуы мүмкін. Олар біздің еліміздегі оқиғаларды мұқият бақылап отырады ғой. Қалай десек те, арнайы жасақталған қарулы бандалар билікті басып алғысы келді. Сондықтан, шетелдік сарапшылар айтқан пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Дегенмен, барлығына байыппен қарап, салмақты баға беру қажет. "Сабыр түбі - сары алтын" деп халқымыз бекер айтпаған. Бізге керегі – асығыс шешім шығарып, істі жауып тастау емес, міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізу. Бұл – менің алдыма қойған мақсатым", - деді Мемлекет басшысы.ҰҚШҰ әскерін шақыру туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғалары кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін Қазақстанға шақырғанына өкінбейтінін мәлімдеді.
"Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды", - деді Президент.Президент Ресей Қазақстанның қарым-қатынасына қатысты пікірін жеткізді.
"Осындай жағдайда оның бізге көмекке келуі айтпаса да түсінікті. Мұны құтқару емес, ортақ мүддемізді қорғау үшін жасалған іс-әрекет деп түсінуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, аталған мәселеге геосаяси ахуал тұрғысынан да қарау керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – бәрімізге ортақ құрылым. Ресей және Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ғана емес, өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін көмек қолын созды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Одан бөлек, Тоқаев "Мәскеу біздің жерімізге көз алартып жүр, солтүстік облыстарды тартып алады" деген пікірге қатысты ойын айтты.
"Бірінші сұрағыңызға қатысты айтар болсам, Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді. Екінші мәселе. Иә, расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан "Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі" деген сөздер айтылды. Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В.Путиннің өзі "жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз" деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті", - деді Тоқаев сұхбатта.Алматының жаңа әкімі туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйістер туралы пікір білдіріп, Алматы қаласының жаңа әкімі туралы да айтты.
"Ондай ойым жоқ. Алматы - еліміздегі ең ірі, ерекше шаһар. Қаланың ахуалы, тұрғындардың әл-ауқаты менің жеке назарымда. Қаңтар оқиғасы кезінде қаланың экономикасы зардап шекті. Азаматтардың және бизнес иелерінің дүние-мүлкі тоналды. Көптеген нысан өртелді, қиратылды. Соның бәрін қалпына келтіру керек. Бұл - оңай шаруа емес. Сондықтан осындай жауапты жұмыс жаңа әкім Ерболат Досаевқа жүктелді, қолынан келеді деп үміттенемін. Себебі оның бизнес саласында, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Іскер, еңбекқор адам. Жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн деп ойлаймын" - деді ол.Президент Елбасы туралы
Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлайтынын айтты.
"Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын", - деді Президент.Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару туралы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз жіберілген қаражатты қайтару мәселесіне қатысты пікір білдірді.
"Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Бұл мәселе бойынша Үкімет екі айдан кейін маған нақты ұсыныстарын айтады. Содан кейін жұмыс басталады. Бұл мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізуге кірісеміз. Бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытқа созылатын жұмыс болатын сияқты. Оны ашық айтқан жөн. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға тиіспіз", - деді ол.Қоғам алдында тұрған ең маңызды мәселе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі қоғам алдында тұрған ең маңызды мәселені атады.
"Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін азаматтар аз емес. Басқаша айтсақ, құқықтық нигилизм белең алуда. Ағаларымыз "Тәртіпсіз ел болмайды" деп баяғыда айтқан болатын. Менің ұстанымым: қоғамда заң мен тәртіп болса ғана, ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез-келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым", - деді Тоқаев телеарнаға берген сұхбатында.