Қаңтар қасіреті: Тоқаев "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандарды азаптау дерегіне қатысты пікір білдірді.
Президент әлеуметтік желілердегі азаптау туралы видеолар, жазбалар, үндеуге қатысты пікір білдірді.
Президент әлеуметтік желілердегі азаптау туралы видеолар, жазбалар, үндеуге қатысты пікір білдірді.
"Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды", - деді Президент телеарнаға берген сұхбатында.Ол қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кеткенін айтты.
"Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады", - деді Тоқаев.Тоқаев бұзақылар туралы мәселеге де тоқталды. Ол кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлап, жалған ұрандарды ел ішінде тарататынын айтты.
"Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет", - деді ол.