Маған 3,5 жыл бұрын айтқан: Тоқаев өзінің президент болатыны туралы
Қазақстанның тұңғыш президенті 19 наурыз күні өзінің өкілеттігін тоқтатқан болатын. Сол күні бұл қызметтің Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелетіні белгілі болды. Алайда екінші президенттің өзі бұл шешім туралы осыдан 3,5 жыл бұрын білгені туралы айтты.
«Осыдан үш жарым жыл бұрын ол маған «Келесі президент сен боласың» деп айтқан болатын. Бұл уақыттың еншісіндегі дүние болды. Біз лайық сәтті таңдауға тырыстық», - деді Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбатында.
Мұнымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатта қалғанын жеткізді.
«Ол кісімен стратегиялық мәселелерге қатысты пікір алмасып отырған дұрыс деп есептеймін. Жалпы мұны жиі жасап отырамын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі Қазақстанды екі адам басқармайтынын және өзінің кететінін айтқан болатын. Бірақ президентке көмектесіп отыратынын жасырмады. Ал қаншалықты ұзақ көмектесетіні оның қолында», - деді Тоқаев.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда азаматтарға наразылығын ашық білдіруге рұқсат беретін заңның қабылданатынын жеткізді. Мұнымен қатар, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы және елде қос биліктің болмайтыны туралы айтып өтті.