Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КІТАП ҚҰНДЫЛЫҒЫН ЖОҒАЛТПАЙДЫ

КІТАП ҚҰНДЫЛЫҒЫН ЖОҒАЛТПАЙДЫ

Бүгінде кітапханаға арнайы бас сұғып, кітап іздейтін жандар кемде-кем. Оқушылардың өзі мектеп кітапханасына мұғалімнің мәжбүрлеуімен, мектептің тапсырмасын орындау үшін ғана амалсыз кіретін сияқты. «Кітап тақтан да қымбат» деуші еді бұрынғылар.
Қазір балаға кітаптың маңызынан гөрі ақша мен мансаптың маңызын жиі айтатынымызды кімнен жасырамыз? Алайда ақша өміршең емес. Бүгінгі қазақ қоғамында материалдық зат үстем болғанымен, әлемнің көптеген елінде рухани байлықты құрметтеу дәстүрі сақталған. Мысалы, Жапонияда баланы кітапқа құрсақтан тәрбиелейді. Ал кітапханаларда еңбектеген балаларға арналған бөлімдер ашылған. Кітап оқуға қолайлы бөлмеде анасы сәбиіне суретті кітаптарды көрсетіп, оқып береді. Жапон мектептерінде оқушыларды кітапқа қызықтыратын арнайы дәрістер бар. Жалпы кітапханаға жапон оқушылары көп барады. Еңбекқор жапондар білімге құмар, білімді адамдарды құрметтейді, сондықтан кітап оқуға да көп уақытын бөледі.
Соңғы жылдары қазақ қоғамында балалардың кітап оқымау мәселесі жиі көтерілуде. Балаға кітапты қалай оқытамыз деген мәселе туралы айтқанда, әрине, алдымен ата-ананың өзі үлгі көрсетуі керек. Әке-шешесінің кітап оқып отырғанын көрген балада кітапқа деген құрмет сезімі пайда болады. Ал тәрбие көзін тек қана теледидар деп білетін әке-шешеден туған ұл мен қызға кітапты қанша тықпаласаң да оқымасы анық.

Балаға кітапты қалай оқытқан дұрыс?
Балаға алты жасқа дейін ертегілер мен жеңіл әңгімелерді ата-анасы не балабақшадағы тәрбиеші оқып бергені дұрыс, әрине. Жай оқып қана қоймай, мәтіннің мазмұнын сұрап, кітаптың идеясын баланың өзіне айтқызу керек. Оқиғаның ары қарай қалай өрбитіні туралы сұрақтар қойып, кітапты баламен бірге талқыласа, ойлау қабілетінің артуына бұл да әсер етеді. Сондай-ақ оқыған кітабындағы кейіпкерлер мен оқиғаны қағаз бетіне түсіруге баулу баланың суретшілік қабілетін оятады. Тіптен суретші болып кетпегеннің өзінде көркемдік ойлау қабілеті жетіледі, шығармашылық еңбектің қадірін біледі. Балаға аты белгілі бір жазушыны үнемі тықпалап, «оқы» деп зорлауға болмайды. Ғылыми-танымдық, көркем әдебиеттен бастап суретті кітаптар, анықтамалық кітапшаларды да көрсетіп, қызығушылығын оятқан дұрыс.
Түптеп келгенде тәрбиенің басы дастарқаннан басталады емес пе? Ас ішіп отырғанда баладан оқыған кітаптары туралы сұрап, ортақ тақырыптарды талқылау білім көкжиегінің кеңеюіне ықпал етеді. Дастарқан басында әкесі әдебиет пен саясаттағы ұлы адамдар өмірі туралы, ертедегі батыр бабаларымыз жайында тағылымды дүниелерді мысал келтіре отырып әңгімелесе, баласы ұйып тыңдар еді. Анасы да өз өмірінде кездескен ұлағатты адамдардың іс-әрекеті туралы сөз қозғаса, бала үшін ғибрат қой.
Кеңес кезінде ең жақсы сыйлық кітап болатын. Адамдар бір-біріне кітап тарту еткенді және сыйлыққа кітап алғанды ұнататын. Қазіргі қазақ қоғамында кітап бағалы сыйлық саналмайды. Сондай-ақ баланың қолына смартфон ұстатып қою оның кітап оқуға қызығушылығын төмендетеді. Бала планшетттің ішіндегі қызықтарға алаңдап, кітаптан алыстай береді.
Терең білімді, қиялы ұшқыр, жасампаз азамат болып ержетсін десек, баланы кітапқа баулиық!

Айгүл ЖҰМАҒҰЛ
22 ақпан 2022 ж. 417 0