Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкеннің шымшыма шумақтары әлі күнге ауылдастарының жадында

Шәкеннің шымшыма шумақтары әлі күнге ауылдастарының жадында

«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген француз халқында көнеден келе жатқан мәтел сөз бар. Францияда айтылғанмен әлемге ортақ тарихи құбылыс. Қаламгерлердің көбісі ауылдық жерден шығатыны, білім қуып, әдеби орта іздеп қалаға (мәдени орталыққа) келетіні рас қой. Шығармашылығына шырмалып, сол шаһарда қалып қоятыны да шындық...
Ежелден «жыр елі» атанған Сыр бойы талай шайыр мен сүлейдің құтты мекені. Соның ішінде Шиелі тарихы бай, шежіресі мол өңір. Еңбегімен ел сүйсінткен ерлерін айтпағанның өзінде, қаншама ақын-жазушы шықты. Көбісі ерен еңбегімен елімізге танымал болды. Мемлекеттік сыйлық, мемлекеттік марапат алғаны да жоқ емес. Арасында Парламент сенатының депутаты да бар. Тұрмыс жағдайымен ауылдан ұзап кете алмаған таланттар да жоқ емес...Кезінде «Коммунизм» колхозының (қазіргі Нартай ауылы) бөлімшесі болған «Еңбекші» ауылынан оннан астам қаламгер бой көрсетті. Бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын туған жердің тіршілігіне арнаған еңбекшілік азамат – Шәкен Әбдіұлы. Ол қысқа ғұмырында (1944 – 1988 ж.ж.) шаруашылықтың сан түрлі жұмысын атқара жүріп, соңында аз да болса мазмұнды жыр мұрасын қалдырды. Шәкеннің шымшыма шумақтары мен лирикалық жырлары кейбір ауылдастарының әлі күнге аузында айтылып жүр. Оқып көрейік.

Шаштаразда
– Полькі ме?..
– Жоқ, полу бокс.
– Толкі ме?
Шаштаразы сұрады оқыс.
...Тікірейтіп қойып берді
«Еж» дейтінді.
Танымадым өз кейпімді.
Жеті қатар жыр жолына шаштараздың бүкіл болмысы: шаш алдырушының өтінішімен санаспайтыны, «өзім білем» дейтін өр көкіректігі сиып кеткен. Өлеңде артық жол, жарамсыз буын жоқ. Өлшеніп пішілген киімдей шап-шақ болып тұр. Міне, шеберлік деген осы. 22-23 жастағы ауыл бозбаласы жазды деуге сенгің келмейді. Мұндай өнегелі өлең Оспанхан сияқты оспақ сөздің озатына ғана тән болса керек.

Адуын арыстан
Аңдардың барлығын
Жинап алып алыстан.
Естіртті жарлығын
Адуын Арыстан.
– Ескеріп қабілетін қасқырдың
Қой күзетін тапсырдым.
Так,так, қойыңдар күлкіні!
Бақташы етіп Қоянға
Бекітемін Түлкіні.
Орман жұмысы да қиын-ды,
Сондықтан,
Сеніп қойдым тиынды.
Қарсы жоқ осымен
Жабамын жиынды...
***
Мұндай бастық болса тиыңдар,
Ауруы асқынса қиындар.

Саудагер
Өзіміздің Өтенді,
«Пайда десе еті өлді,
Алыпсатар, «жылпос»деп,
Сын мақала көтерді.
Мәселе содан қағынды,
Өтекең жауапқа алынды...
–Алланың берген нәсібі бар,
Әр пенденің кәсібі бар.
Саудагер елдің қоры емес,
Сотқар, яки ұры емес.
Оқыған, шоқыған,
Дейді-ау, бұларды да есі бар.
Менде жұрттың несі бар? –
Деп, тергеушіге шүйіліп тұр.
Пайдамен тапқан малы
Есіне түсіп күйініп тұр...
–Өтеке, хал қалай?
–Ой, балай,
Дүние, малды алды,
Тек бас аман қалды,
Керек емес күпірлік, –
Деп келді Өтеніміз.
***
Енді еңбеккер атануын күтеміз біз.
Шәкең қара сөздің де майын тамызатын. Мақаланы өлеңдетіп, ұйқастырып жазатын. Тілі өткір, бірақ ащы емес, әрбір сөзі мергеннің оғындай межелеген жеріне дөп тиіп жататын. «Сізге өтірік, бізге шын» деген сатиралық мақаласына назар аударайық:

Сізге өтірік, бізге шын
«...Шыны былай нансаңыз: Егер жолыңыз түсіп «Коммунизм»колхозының «Еңбекші» участогіне барсаңыз, «клуб» деген терминді бәрі білмейді. Кездесіп біреуден сұрап едік клубты, үйіне кіріп кетті де, әкеліп берді құлыпты. Ия кәдімгі құлыпты. Онысына күліп едік, түсін бізге суытты. Бақсақ, ол кісі клубты естіген, бірақ көрмеген. Колхоз басшылары сан рет уәде еткен, бірақ салып бермеген. Ал, жастар жағы мәдениет орны болмаған соң ойнағаны «күліс», бейсауыт жүріс, тұрыс. Одан кейде келісіп, кейде керісіп тарқайды. Сондықтан да олар қазір былай деп ән шырқайды:
Жұрт тілегін есіткен,
Бас бух пенен басекең:
Саламыз деп клубты,
Әлде неше нандырды.
Уәде етіп, қаулы алып,
Құлақ құрышын қандырды.
Бірақ...
Сылтауменен сан түрлі,
Жылдан жылға қалдырды.
Шықпасақ серттен жұмыста,
Бізге кәрін төгеді.
Ал, сөзінен шықпаған
Оларды кім сөгеді?..»
Клуб тақырыбы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өзекті мәселенің бірі болатын. Қолына қалам алған ауыл жастары мақала жазуды клубтан бастайтын. Мұндай жағдай менің де басымнан өткен. «Мүмкіндік бар, құнт жоқ» деген тұңғыш мақалам («Өскен өңір», 1964 жыл, ақпан.) осы ауылға – «Еңбекшіге» клуб қажеттігі туралы жазылған еді.

Құрбыма
Күлімдеп қарашы,
құрбыжан,
Көзіңнен ұғайын сырыңды
Арманшыл сезіммен құрылған,
Өзіңе арнаймын жырымды.
Нұр жүзің өзгеден ерек тым,
Сүйкімді,
жібектей мінезің.
От болып балқыттың,
жүректің
Тетігін биледің бір өзің...
Шәкеннің махаббат туралы лирикасы бұл. Бары-жоғы екі шумақ. Бірақ сол екі шумақ көңілі қалаған бойжеткенге деген жүрек лүпілін, сезім үкімін жеткізіп тұрған жоқ па?
Шәкен Әбдіұлының өмірі қысқа болғанымен өлеңдері өміршең.Жастар арасында отаншылдық, ұлтжандылық қасиет жетіспейді дейміз. Қысқа ғана ғұмырында соңына өміршең өлең, өнегелі іс қалдырған ауыл талантын неге дәріптемеске. Ауылдың оқу-білім ордасы – мектеп пен мәдениет ошағы – Мәдениет үйінің қызметкерлері Шәкен шығармашылығына әдеби кеш арнап, жастарға өлеңдерін оқытып, отбасы мүшелерімен кездесу өткізсе, нұр үстіне нұр емес пе? Рухани жаңғыру деген осы ғой. Жасыратыны жоқ бұл игі де маңызды шаралар ауыл әкімінің басшылығынсыз, қамқорынсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Дегенмен руханиатты жаңғырту, қазақы қалпымызды қалыптастыру, салт-дәстүрімізді дәріптеу бұлар да әкімнің көп міндеттерінің бірі болса керек.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстанның құрметті журналисі», Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»
28 қаңтар 2022 ж. 696 0