Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз есімі ұмытылмайды

Ұстаз есімі ұмытылмайды

«Ұстаз» деген – адамға жылулық беретін, аяулы тұлға бейнесі көз алдыңа келетін ерекше сөз. Сондықтан ол тек мектепке, білім беру ісіне ғана емес, ол – тәлімі мен тағылымы бар, өзіндік жол көрсететін, үлгі болатын тұлғаға да қатысты ұғым. Ақын Жарасқан Әбдірашевтың «Әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралады» дегенін осы ұстаз сөзімен байланыстырғым келеді. Халқымызда «Ер елімен, ел ерімен мақтанады» – деген мақал бар. Біздер, Майлытоғай ауылының тұрғындары, осындай елдің сый-құрметін арқалаған, қоғамда нәтижелі еңбек еткен, абзал азамат атанған, Сақтан ағай десек – ауылымыз еске оралатын ұстазымызбен мақтанамыз. Осы орайда ауыл тұрғындарының қалауын ауыл және аудан әкімдеріне жеткізуші Алтынбек Абдреев ағамыздың ұсынысын қолдап, осы мақаламызды жазып отырмыз.
Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Құлмаханов Сақтан – өз өмір жолын толығымен елге қызмет етуге жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие беруге, жол көрсетіп, үлгі бола білуге арнаған шын мәніндегі нағыз ұстаз. Ол Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогтік институтын бітіріп, 1954-1987 жылдар аралығында ауылдағы №141 «Ким» орта мектебінде химия және биология пәндерінен мұғалім болып сабақ берді. Әр жылдары мектептің оқу ісінің меңгерушісі, тәрбие мен білім берудің ұйымдастырушысы, басшысы болып ұстаздық жолда аянбай қызмет атқарды. Кейін ауыл тарихы мен мектеп тарихын байланыстыра келе мектеп атын елдің біртурар азаматы Қапан Сәбіровтің есімі берілуіне барынша атсалысты.
1963-1970 жылдары мектеп жанынан 1 гектар көлемде оқу-тәжірибе участігін ұйымдастырып, түрлі жеміс ағаштарын, бақша өнімдерін өндіріп, оқушыларды еңбекке баулыды. Оны биология пәні сабағында түрлі өсімдіктердің құрылысын, құпия-сырын зерттеп тануда пайдаланды. Мектеп оқушысына тек теориялық білім ғана емес, практикалық та, лабороториялықта дағдыларын қалыптастырып, қолымен ұстатып, көзбен көргізді. Ауыл баласына табиғатпен бірге болуға, оны қорғауға, аялап құрметтеуге үйретті. Ауылда сирек кездесетін өсімдіктерден түрлі гербария жасатқызып, оқу құралдарының қатарына қосқызды. Осы жұмыстар арқылы оқушыларды жалықтырмай, көңілді, қызықты, еркін оқытып, еңбекті сүюге ықпал етті.
Сақтан ағай ауыл тарихын, ондағы жер-су атауларын, олардың қойылу себептерін терең білетін. Оны ауыл тұрғындарының ата-бабалық шежіресімен байланыстырып, талдай алатын еді.
Сол заманда ауылдың қоғамдық өміріне қызу араласып, мектеп ұжымымен бірге талай асулардан асып, қилы жолдардан өтті. Ұстаздық еткен жылдары мыңдаған түлектер жаңа өмірге жолдама алып, қияға қанат қақты. Сол түлектердің ішінде елге белгілі азаматтар шықты. Атап айтар болсақ, Ишанбек Сыздықов – Шымкент химия-технология институтының профессоры, Аман Абасилов – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филологияғылымдарының кандидаты, Қуаныш Сәдібеков – Қызылорда облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы, Расул Серіков – «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы, журналист, Алтынбек ­Абдреев – «Құрметті теміржолшы», Қызылорда қаласы мәслихатының бірнеше дүркін депутаты, Нұрия Сәдібекова – мектеп директоры, Бибіжамал Омарова – мектеп директоры, Ыбрайхан Мұсабаев – облысқа танымал кәсіпкер, Марсбек ­Молдабеков – Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы т.б. азаматтарды айтуға болады.
Жақсы адамдардың бойында болатын өмірге деген құлшыныспен қарау, дүние мүлік пен байлыққа бой алдырмау, жақсыға жақын жүру, сыйласа білу сияқты қасиеттер Сақтан ағайдың бойынан табылатын. Ол осы адами қасиеттерінің, білімі мен білігінің арқасында 40-жылдан астам ұстаздық еңбек етіп, көптеген республикалық, облыстық, аудандық деңгейлердегі құрмет грамоталарымен марапатталды.
Оның басты мақсатының бірі ауыл жастарын білім алуға, имандылыққа, адамгершілікке, шыншылдыққа тәрбиелеу, келешекте жақсы азамат болуына өз септігін тигізу еді. Ол ауылда сыйлы да құрметті, салмақты, шынайы мінезді, шешен, ізденгіш, мектеп ұжымында өз орны бар ерекше ұстаз еді.
Мектепте талай жас мамандарға мұғалім болудың қыр-сырын ұқтырып,оқу-әдістемелік әдістерді үйретті. Жас жеткіншектерге тәрбие мен білім берудің жолын, әдіс-тәсілерін меңгертті. Сақтан ағайдың тікелей тәлім-тәрбиесін алып, оның ізін жалғастырған талай мұғалім-мамандарды атауға болады. Жарылқапова Құрманай, Жәкешова Ұлжан, Қожахметова Әния, Құлмаханова Рысты, Балқаев Бақыт т.б. көптеген ұстаздарға өзінің тәжірибесімен бөлісіп, келешекте білікті ұстаз атануына бағыт-бағдар беріп отырды.
Сақтан Құлмаханов отбасында Айша апай екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қызы - Рысты мұғалімдік мамандықты таңдап әке жолын жалғастырса, ұлы - Есен құрылысшы мамандығын таңдады.
Өзінің саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, елге танымал талай азаматтарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосқан Құлмаханов Сақтанның есімін ел есінде сақтау мақсатында тарихы терең ауылымыздың бір көшесін сол кісінің атымен атауға әбден болады және ол осындай құрметке лайықты тұлға.

Аман Абасилов,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының
кандидаты
28 қаңтар 2022 ж. 789 0