Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
C.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қызметкері, жазушы, сатирик Алпысбай Хонж байқауда Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының арнайы жүлдесін иеленді.Байқауға екі тілде жүзден астам шығарма түскен. Детектив жанрын жандандыру мақсатында байқауды «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС ұйымдастырды, - деді кітапханада.
Облыстық кітапхананың мәлімдеуінше, Алпысбай Әбділұлының бұл алғашқы жеңісі емес. Алпысбай әдебиеттің поэзия, проза, сатира, балалар әдебиеті жанрларына жиі қалам тартады. Сатиралық туындылары республикалық «EGEMEN QZAQSTAN» және «AIQYN» газетінің «ARA» сатиралық қосымшасында тұрақты түрде жарияланып тұрады.
Алпысбай Хонж өткен жылы балалар әдебиеті және сатира жанры бойынша республикалық тәуелсіз «Алтын қалам-2020» байқауының жеңімпазы атанды. «Әріпті соттау» атты жеке сатиралық жинағы да 2020 жылы жарық көрді. Биыл республикалық «Серт» детективті жанрлар байқауына «Екеудің көлеңкесі» повесімен қатысып, 2-орын иегері атанды. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке енді.