Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орынсыз ғайбат опындырмасын

Орынсыз ғайбат опындырмасын

Өткенді таразыламай болашаққа нық қадам жасай алмаспыз. Иә, бүгін тағы да тарихты қозғап, қанға сіңіп бара жатқан қажетсіз қасиет жайында қаузамақпыз. Алаш ардақтыларын айдауға салып, «халық жауына» балап, түрмеге тоғыттырған көреалмаушылықтың салдарынан жолдасына жала жауып, құрдасын құрдымға жібергенін ащы шындық айшықтап берді. Халық қалаулыларына жағылған күйе әшкереленгенімен, тарихта қаралы кезеңге айналды. ХХ ғасырдың басындағы сталиндік қуғын-сүргін ­саясаты қазақ халқының саяси, мәдени өміріне зор шығын келтірді.
Қазір де дәл сол кезеңдегідей орынсыз сын мен міннің, жалған өсек пен дақбырттың дәуірі секілді көрінеді біздерге. Тек ол кезде қазақ зиялылары кеңес үкіметінің қудалауына түссе, қазір бір-бірімізді қаралап әлекпіз. Бүгінде жөнсіз ғайбат пен жалған жаланың кең таралған жері – әлеуметтік желілер. Оған себеп – желі қолданушыларының белсенділігі мен ақпаратты дұрыс-бұрыстығын ажыратпай таратуы. Әсіресе, әлеуметтік желідегі адамдардың «Like» пен «комментарий» жинауға құштарлығы ерекше рөл ойнайды.
ХVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Жанақ ақын сауатты, аузы дуалы кісі болған екен. Оның тегін адам емес екендігі жөнінде ел аузында әлі күнге бір аңыз айтылып жүр.
Жанақ ақын бірде орта жүз – найман елін аралап жүріп, үлкен жиынға тап болады. Астында адам қызығарлық шұбар аты бар екен. Жиында әлгі елдің бір жуаны ақынның астындағы атына көзі түсіп, қызығады. Аударып алайын десе үш жүзге аты шыққан Жанақтан жасқанады. Бірақ, өзі айлакер қу екен, шұбар аттың жанында айналсоқтап жүріп, ат есінегенде таңдайындағы бармақтай қалын көріп қалады. Озбыр неме дереу дау соғады. «Мынау Жанақ ақынның мініп жүрген шұбар аты – кезінде қолды болып кеткен менің жылқым. Өзіме қайтарсын»,–дейді. Жанақ ақын аң-таң болып: «Ей, ағайын, бұл – Ақтоғай-арқадағы бір байдың биесінен туған құлын. Мына пенденің сөзі түбірімен жалған», – дейді. Ақыры дау өршіп, биге жүгінеді.
Төбе билер «Қане, сенің қандай датың бар?» – деп, әуелі дау салған жігіттен сұрайды. Ол: «Бұл шұбардың тай күнінде аузына ұры тіс шығып, соны суырған едім. Сонда көзім шалғаны – үстіңгі таңдайында қап-қара қалы бар еді», – дейді. Билер атты алдырып, аузын ашып қараса, шынында таңдайындағы қалды көреді. Бәрі «Енді сен не айтасың?» дегендей Жанаққа қарайды. Жанақ ақын бұл істе бір шикілік барын біледі, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Содан, «Бір шартым бар, бұл жігіт «Мынау менің шын жоғалтқан атым еді» деп, Алланың атымен ант ішсін де алып кете берсін», – дейді. Әлгі адам ойланбастан Алланың атымен ант ішіп, шұбарды жетелеп жүре береді.
Атының үстінен ер-тұрманын сыпырып алып, қолына ұстап тұрып қалған Жанақ ақын:
– Мына адам шұбарды «менікі» дер,
Жанын берген Жанақтың шұбарын жер.
Жақсы атымды жалғанға сатып алған,
Я, Алла, залымның жазасын бер! – деп дұға оқып, бетін сипайды да қала береді.
Атты алған жігіт ауылына кетіп бара жатып, жолда бұлақтың басына тоқтайды. Аттың шылбырын беліне орап алып, бұлақтан секіріп өтпекші болғанда шалқасынан түседі. Ат үркіп, иесін сүйретіп, денесін тау-тасқа соғып өлтіреді. Содан дауқойдың сау-тамтығы қалмай, сүйегі шашылып қалған екен.
Осы оқиғаға куә болған жұрт «Бұл адам Алланың атымен жалған ант ішті, содан осындай пәлеге жолықты» деп бірден үкім етіпті. Ақсақалдар Жанаққа келіп, «Қарағым, сенің ісің ақ екен, жалғаншының жазасын Алла берді. Енді өз атыңды өзің ал» дегенде, Жанақ ақын «Жалғаншының жаза­сына себеп болған жылқыға енді менің ер салғаным жарамас, Алла Тағаланың «Зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасын қабыл етемін» дегенін білемін. Дұғам қабыл болды, маған дүниенің қажеті жоқ» деп, шұбар атты өлген жігіттің жаназасына сойдырыпты. Міне, осылайша орынсыз ғайбат, жөнсіз жала жауып, соңында өзі қазған орға өзі түскен мысалдар тарихта аз емес.
Қазір де қоғамдағы кейбір мәселелер шегіне жетпей, шекемізге тимейтіні өкінішті-ақ. Әлеуметтік желіде біреуді жабыла ғайбаттау, мәселенің анық-қанығын білмей жатып кісіге ауыр айып тағу, орынсыз ұрсып, зекіп тастау секілді әрекеттерге етіміз үйреніп барады. Экранның арғы жағында сол пікірлерді мұқият оқып, әрқайсысына мән беріп отыратын жандардың барын ұмытып кетіп жатамыз.
Сын мен ұсыныс мүлдем айтылмасын деу қателік болады. Бірақ қаншама білімді, өз жұмысын жетік білетін, қарапайым қызметкерден бастап сатылап өсіп келе жатқан іскер азаматтардың болмашы кемшілігін іліп алып, аяғынан шалған сәттерде әттеген-айлап қалатының рас.
Халық аузындағы «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген сөз, қоғамға дұрыс сынның қажет екендігін білдіреді. Осы тұста дұрыс сын мен дұрыс пікірді кім айтуы керек деген мәселе ортаға шығады. Әрине, әрнәрсені тек өз ісінің мамандары айтқан жөн. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» (Нахл сүресі, 43) делінген.
Бұдан шығатыны, нақты іске қатысты сол мәселенің игерген білгірінің ғана сыны мен ұсынысы, жауабы пайдалы әрі жемісті болмақ. Онымен қоса, сын мен ұсыныс жанашырлық пен шынайылықтан туындауы қажет. Біреуді кемсіту, оның қателігін көрсету мақсатында айтылған сынның нәтижелі болуы екіталай.
Қалай десек те біреуді нақақтан нақақ айыптау – қазіргі қоғамның көзге көрінбейтін дертіне айналып отыр. Оған әлеуметтік желідегі зиянды ақпараттар мен желі қолданушыларының арасындағы «сыншылардың» әсері зор. Әсіресе, қозғалған мәселе жайлы мүлде білімі жоқ адамдардың «пікір» айтып, мін іздеуі жағдайды одан да қатты өршітіп отыр. Өкініштісі сол, қоғамдағы адал азаматтардың абыройы мен жеке өміріне де зияны тиюде. Бұл мәселенің алдын алу үшін кемшілікті барынша өзімізден іздеуге, өзімізді түзетуге күш салудың маңызы зор. Ал, сын мен ұсынысты сол саланы жетік меңгерген маманның еншісіне қалдырған жөн.
Байқаусыз айтылған бірауыз сөз біреуді құтқарып не жоқ қылатыны санамызда жаңғырып тұрса, құба-құп.

Гүлхан ЯХИЯ
24 желтоқсан 2021 ж. 548 0