Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті жұманы қаралама

Қасиетті жұманы қаралама

Соңғы жылдары еліміздегі сауда орталықтарында, тұрмыстық техника дүкендерінде «Қара жұма» (черная пятница) атауы қолданылып жүргені баршамызға мәлім. Жеңілдіктер күні болса да мұсылман қазақтың құлағына ерсі естілетіні анық.
Біріншіден, қазақ үшін «жұма» - қасиетті күн. Ал, оған «қара» сөзін қосу арқылы оның қасиеттілігін, маңызын жоққа шығарғандай ой туады. Екіншіден, қазақ халқында «қара» сөзі көбіне қайғы-қасіретпен байланыстырылып жатады. Бұрын ата-әжелеріміз әлдебір қайғы-қасіретті шақырар сөз сөйлеп қалсақ, «тәйт әрі» деп тыйып тастаушы еді. Әзірге көп сауда орталықтарына ондай сөзді қолдануға ресми түрде тыйым салынар емес. Керсінше, аудандағы (Sulpak, Alser, Evrika, Технодом) атты ірі сауда дүкендері жұма күні болатын жеңілдіктерді жарыса жарнамалап, келушілерді тартуға тырысуда. Хош, биыл жұма күнгі «қара жұма» деп аталған жеңілдіктер науқаны желтоқсан айының алғашқы аптасымен аяқталмақ. Дегенмен, әлгіндей атау қайдан шыққан, не үшін олай атала бастады деген сұрақтар мазалайды бәрімізді. Сондықтан осы сөздің шығу тарихына аз-кем тоқтала кетуді жөн көрдік.
«Қара жұма» ұғымы XIX ғасырда пайда болған. Бірақ, ол кезде бұл ұғымның жеңілдіктер мен дүкендерге қатысы жоқ еді. АҚШ-тың сол кездегі президенті ­Авраам Линкольн қарашаның соңғы бейсенбісін алғыс айту күні деп белгілеп, мерекені ресми демалыс күн деп жариялайды. Артынша алғыс айту күнінен кейінгі жұмадан реждостволық маусым басталып – отбасылар жақындарына түрлі сыйлық ала бастайды. Бұл сатушыларға да керемет күн, себебі, сатылым сол күні бірнеше пайызға артады екен. Түрлі дүкендер клиент санын көбейту үшін түрлі жеңілдіктер жасаған.
Бірақ, ол кезде «Қара жұма» деген ұғым бірден пайда бола қоймады. Негізі «Қара жұма» сөзі мереке үшін емес, дағдарыс үшін қолданылған. 1869 жылы бірнеше америкалық алып-сатар алтын қорын сатып алады, нәтижесінде алтын құны 30 пайызға төмендеген. Салдарынан АҚШ нарығы құлап, дағдарыс басталады. Сол жылғы 24 қыркүйекті, яғни, дағдарыс басталған күнді халық «Қара жұма» деп атап кеткен. Ел экономикасы бұл дағдарыстан бірнеше жыл бойы шыға алмаған.

Дүкен аралау үшін шығарған қулық
«Қара жұма» ұғымы америкалықтар тарихында осындай қайғылы кезде пайда болғанын түсіндірдік. Енді жеңілдіктер күніне оралайық. 1941 жылдан бастап алғыс айту күні қарашаның төртінші бейсенбісінде атап өтіледі. 1950 жылдардың басында көп адам мерекеден кейінгі жұмада ­ауырып қалдым деген сылтаумен жұмысқа шықпайтын болған. Осылайша, олар төрт күн қатарынан демалып, оны дүкендерде, кинотеатрларда өткізеді екен. Бұл қулық елдің барлық аймағына тарап, «ауыратындар» саны көбейген. Ал, компаниялар кімнің рас, кімнің өтірік ауырып жатқанын біле алмаған. Бүкіл ел жұма күні дүкен аралап, Рождество мен Жаңа жылға дайындықты бастап кетеді. Соны пайдаланған дүкендер түрлі жеңілдік ұсына бастаған. Содан бері Алғыс айту күнінен кейінгі кезең – дүкен қожайындары үшін ең табысты күн. Алғаш болып мерекеден кейінгі жұма күнгі жеңілдіктерді Филадельфия штатының сатушылары қолданған екен.
Қазіргі таңда АҚШ-та бұл күні дүкендер 90 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынып, сатып алушылардың жалпы саны 200 миллионнан асады екен. Соңғы жылдары түрлі маркетологтар «Қара жұманы» өз елдерінде қолдана бастады. Бүгінде қарашаның төртінші жұмасы дүние жүзінде жеңілдіктер күніне айналды.

Жеңілдіктер күні міндетті түрде қара жұма деп аталуы керек пе?
Бүгінде «Қара жұма» сөзінің мағынасы XIX ғасырдағы дағдарыс та емес, XX ғасырдағы кептеліс те емес. Сатушылар мен маркетологтардың «Қара жұма» сөзін позитив мағынада қолдануға тырысқанынан пайда болған. Ағылшын тілінде «in the black» деген ұғым бар, бұл «оң баланс, пайдалы баланс» дегенді білдіретін көрінеді. Осылайша, сатушылар «Black Friday» сөзін «пайда табу» мағынасына ауыстырған. Ал, біз болсақ, өзге елдің тарихында қаралы саналған бұл күнді өзімізге таңсық етуге асықпыз. Дәл осы күнде түрлі жеңілдіктер жариялап, қисынсыз атауын жарқыратып қоюға қымсынбаймыз.

Мәселен, Дінтанушы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхан Исахан былай дейді:
«Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жұма күнін «Қара жұма» деп атау өте орынсыз. «Қара жұма» атауы Еуропа елдерінде қалыпты термин ретінде қалыптасқан шығар. Алайда, мұсылман елдері, мұсылмандары басым елде мұндай терминді қолдану дұрыс емес. «Қара жұма» деген жеңілдік жасалады деп хабарлаудың өзі – мұсылмандардың ар-намысына, діни сеніміне қолсұғушылық. Сондықтан, бұл терминге біздің елде тыйым салу қажет. Бұған діни алауыздықты қоздыратын ұғым ретінде қарау керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға болмайтыны айтылған. Осы бап бойынша мұсылмандардың қасиетті саналған нәрсесін аяққа таптау қылмыс болып саналады.
Шынында, мәселе акцияның атауында болса неге оны өзгертпеске? Мәселен, Германияда «Қара жұманы» «Сауда күні» (Shopping Event), «Сары жұма» (Yellow Friday) деп атайды екен. Ал Қытай, Тайланд, Сингапур елдерінде бұған «Қызыл жұма» деген атау беріп, сауда фестивалі түрінде өткізеді. Түркияда «Қара жұма» атауын түрліше атайды. Бұл күні Түркияда «Керемет жеңілдіктер», «Ғажайып жұма», «Сәтті сауда» секілді акциялар жүреді. Ал, Араб елдерінің көпшілігінде акция атауын «Ақ жұма» деп өзгерткен. Соған қарағанда бізге де акция атауын басқа сөзбен ауыстыру керек шығар?! Ел ішінде «Қара жұманы» басқаша атау туралы түрлі нұсқа айтылып жүр. Соның ішінде көкейге қонымдысы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұсынған «Жомарт жұма» атауы.

Бұл ұсынысын Бас мүфти былай жеткізді:
«Жомарт жұма» – жүрекке жылы тиетін, халқымыздың ұғымына да сай келетін сөз. Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, «қара жұманы» – «жомарт жұма» деп өзгертсек, бұл Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша, кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің нәтижесінде «жомарт жұма» акциясы аясында қаншама жанның алғысына бөленер еді.
Қорыта айтқанда, жақсылықтың үлкен -кішісі болмайтыны секілді, жеңілдіктің де ақ пен қарасы болмауы тиіс. Халқымыздың діни ұстанымына қарсы келетін болса, атауын ауыстырғаннан ешкім ұтылмайды. Бірнеше жыл бұрын «ALSER» тұрмыстық техника дүкенінің дәл осы жеңілдікті «Жасыл жұма» деп атағаны да есте. Демек, дүкен иелері қаласа жеңілдіктер күнінің атауын әп сәтте алмастыруға болады деген сөз. Сіз не дейсіз?

Рамазан ӘНӘПИЯ
10 желтоқсан 2021 ж. 619 0