Елге болсын деген Ергешбай
Халқымызда «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» – деген аталы сөз бар. Осы бір қанатты сөз ішкі істер саласының майталманы, халқына қалаулы, еліне елеулі Ергешбай Бекпенбетов сынды азаматқа қаратып айтылғандай. Ол үнемі адамгершілік қасиетті пір тұтып, қарапайымдылықтың жалауын жоғары ұстап, келбетін кісілігімен көріктендіріп, тектілігімен көпті тәнті ете біледі. Сондықтан да оны ел-жұрты қадірлеп, ұлағатты істерін құрмет тұтады.
Әкесі Бабаомар ұзақ жыл бойы шахтер болып қызмет істесе, анасы Есенкүл күрішші болып еңбек етіп, ел құрметіне бөленді.
Әкесі Бабаомар ұзақ жыл бойы шахтер болып қызмет істесе, анасы Есенкүл күрішші болып еңбек етіп, ел құрметіне бөленді.
Бүгінгі кейіпкеріміз Ергешбай Бабаомарұлы 1966 жылы 14 сәуірде Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Небәрі 13 жасында техниканың тілін меңгеріп, 1979-1984 жылдар аралығында Қызылту колхозында мәртебелі мамандық механизатор қызметін атқарады. Еңбекке ерте ет үйретіп, қызу тіршіліктің ортасында жүрген жігіт 1984 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Украинаның Днепр Петровск қаласына аттанады. Ергешбай өз қатарластары секілді жоғары білім алмаса да, өмір оны заңгерлікке тәрбиелейді. Содан әскерден келген соң, қайсар азамат 1986 жылдан бастап Шиелі аудандық ішкі істер саласында табан аудармастан 25 жыл жұмыс істеп, зейнетке шығады. Ергешбай еткен еңбегін пұлдамайтын, асып-саспайтын, көкірек қақпайтын, кеуде кермейтін, даңғазалық пен өтірікке жаны қас, сөзге сараң, қарапайым азамат. Оны көз көріп, аралас-құралас жүрген Шиелі жұрты жақсы біледі. Бейнеттің зейнетіне жетсе де, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын, тынымсыз тірлікке үйренген ол 2011 жылы «Охот ЗооПром» өндірістік бірлестігінде аға инспектор қызметін де абыроймен атқарды. Сол кезде де Ергешбай өте сабырлы, салмақты, көп сөйлемейтін, мінезге бай, шыдамы жоғары, адами болмысы биік, жаратылысынан іскер, қолға алған ісіне адал, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін тағы да дәлелдей түсті. Одан соң 2018 жылдан бері Жаңатұрмыс ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ауыл ішіндегі ауызбіршілік пен татулықты үйлестіріп келеді. Оның адалдықтан, азаматтықтан, әділдіктен аттап өткенін осы жасқа келгенімізше көргеніміз де, естігеніміз де жоқ. Болайын деген баланың маңдайы қай ортада да жарқырап тұрады. Бабаомардың Ергешбайы көпшіліктің назарына еңбекқорлығы және қайырымдылығымен ілікті. Иә, туған елі, халқы ардақтайтын, ауыл-аймағы айтып жүруге тұрарлық, сол ауылдың дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтығын айту – менің парызым деп білемін. Дүйім елдің алдында түзу де жарқын жол көрсетіп, ілкімді іс бастауға шақыратын ел ағасы ауылдағы ағайынға көмек беріп жүр. Былтыр жақсы жаңалықтың лебі есіп, Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізген еді. Ергешбай болса Жаңатұрмыс ауылындағы 2 отбасыға жеке қаражатына газ жүргізіп берді. Сондай-ақ, Алла үйі саналатын ауылдағы мешітке де жылу жүргізіп, керек-жарағымен қамтамасыз етуді үрдіске айналдырған. Одан кейін, 15-ке жуық адамға облыстық «Сыр бойы» газеті мен аудандық «Өскен өңір» газетіне жазылуға мүмкіндік сыйлады. Ауылдағы таза судың ұңғымасын 17 жыл бойы жөндеуге атсалысып келе жатқанын да жұрт жақсы біледі. Естеріңізде болса, осыдан 14 жыл бұрын Жаңатұрмыс ауылындағы жолдарды қалтасынан қаржат шығарып, аудандағы мекемелерден «гридер» алдырып тақтайдай етіп тегістеттірді. Ол жан-жағына шуағын шашып, жан жадыратар жақсы істер істеп, туған-туысқан мен ағайын-жекжатқа, әріптестерге қамқорлық жасап, өз жәрдемін беріп келеді.
«Жемісті ағаш жерге иіледі, жетелі жігіт елге иіледі» демекші, асыл азамат туабітті тегіне тартты, әу бастан-ақ айналасына қарасып, әулеттің сәулелі соқпағын жарасымды жалғастырды. Ат жалын тартып үлгерместен қызметке араласып, Отан қорғау парызын адал өтеуі, елге оралысымен бәтуәлі іске білек сыбана кірісіп, көп ұзамай ішкі істер саласының жұмысын қолға алуы бәрі-бәрі заңды құбылыс еді.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» демекші, адал әрі абыроймен атқарған қызметі еленіп, елінен қолдау тапты. Мемлекет тарапынан даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы медалімен марапатталды.
«… Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген екен ғұлама әл-Фараби. Ендеше қай жағынан алсақ та еліміз үшін тер төгіп жүрген, халқына жанашыр осындай азамат халық қалаулысы болуға әбден лайық! Міне, өмір майданында сүрініп көрмеген, бүгіліп көрмеген, азаматтың өмірлік ісі, ұстанымы осы.
Сейітбек Жақаев,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»