Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Техника тілін меңгерген Нұрлыбек

Техника тілін меңгерген Нұрлыбек

«Еңбек, бәрін де жеңбек». Осынау аталы сөзді ту етіп, еңбегімен ел ішінде абыройға бөленіп жүрген жандар көп. Олардың бірі өндірісті өркендетуге ат салысса, енді бірі экономиканы алға жылжытуға, татулық-бірлікті бекем етуге күш салып жүргендер. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз – техниканың тілін меңгеріп, онымен табыс тауып жүрген жастың бірі Нұрлыбек Әбдіраманов.
Соңғы жылдары жастардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтардан қашқақтап, заңгер, қаржыгер сияқты «төрелік» кәсіпті немесе күзет, такси жүргізушісі сияқты жеңіл-желпі жұмысты қалайтын болды. Сөйтіп, елімізде жұмысшы және шаруа кадрларының жетіспеушілігі байқала бастады. Ұл-қыздың барлығы жоғары орындарға талпынады. Грантқа түсе алмаса, қыруар ақша шығындап, ақылы бөлімде оқиды. Қолына диплом алып, жұмыс таба алмай, көше кезіп жүргендер қаншама? Міне, бүгінгідей жұмысшы мамандықтары қат болып тұрған шақта, еңбек адамының орны тым бөлек болса керек.
Кейіпкеріміз Нұрлыбек Мұхтарұлы Шиелі кентінде 1988 жылы өмірге келген. Әкесі Мұхтар кез келген техниканың тілін меңгеріп, шаш етектен келген шаруаны иіріп алып кетер еңбекқор жан болған. Сондықтан әулеттің құт шаңырағында ес таныған бала 7-8 жасында тіршілкке бейім болып, үлкендердің тапсырмасын тап-тұйнақтай етуге дағдыланыпты. Ол №244 Ы.Жақаев атындағы мектепті бітірісімен техника рөліне отырады. Содан бірнеше жылдан бері экскаватор арқылы табыс тауып, елдің алғысын алып жүр. Оның айтуынша, жұмыстың қызар шағы ерте көктем мен күз мезгілі екен. Себебі, ала жаздай егістікке су баратын каналдардың ұлтанын тазалап, алқап басындағы басқа да жұмыстар осы уақытта көбейеді.
– Бала күнімізден еңбекке ерте араласып, істің жанынан табылуға тырыстық. Техника рөліне отырғалы, таңнан кешке дейін тыным таппай ­шаруада болдым. Көбіне егіс басындағы істерді атқардым. Жалпы, экскаваторға отырғаныма биыл төртінші жыл. Қазіргі техникалар өте мықты. Қыста бұзылып қалады деп қорықпайсың, іші жылы заманға сай жабдықталған. Астымдағы көлік Кореяда жасалған. Жұмыс талғап тұрған жоқ, қыста жердің қаттылығы оған түк емес. Емін-еркін басқарып отырасың, – дейді ол.
Әр адамның өзі қызығып, бар ынтасымен істейтін ісі болатынындай кейіпкеріміз де техника саласын таңдап, еңбек етіп жүргеніне еш өкінбейтінін жеткізді. Себебі, дала жұмыстарына деген қызығушылығы басылмаған. Керісінше, өз жұмысын сүйе білген адам ғана сол істің маманы болатынын жете түсінеді. Арнайы дипломы жоқ демесең, кәсіби мамандардан кем түспейтін Нұрлыбек техниканың тілін меңгергенінің нәтижесінде өз отбасын адал табысымен асырап жүр.

Шапағат Тілеубаев
14 қыркүйек 2021 ж. 306 0