Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек адамы – ел тірегі

Еңбек адамы – ел тірегі

Соңғы жылдары жастардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарынан қашқақтап, заңгер, қаржыгер сияқты «төрелік» кәсіпті немесе күзет, такси жүргізушісі сияқты жеңіл-желпі жұмысты қалайтынын ешкім жоққа шығармас.
Осыдан келіп, елімізде жұмысшы және шаруа кадрларының жетіспеушілігі байқала бастады. Өйткені, мектеп бітіруші түлектің бәрі жоғары оқу орнына түсуге талпынады. Грантқа түсе алмаса, қыруар ақша шығындап, ақылы бөлімде оқиды. Қолына диплом алып, жұмыс таба алмай, көше кезіп жүргендері қаншама? Міне, бүгінгідей жұмысшы мамандықтары қат болып тұрған шақта еңбек адамының орны тым бөлек болса керек. Әсіресе, қазір шаруашылықта еңбек ететін жастарды кездестіру қиын.
Нәпақасын маңдай тер, алқаптағы адал еңбектен тау­ып жүрген санаулы жастың бірі – Дәурен Шорабаев. Ол 1993 жылы Бидайкөл ауылында дүниеге келген. Мектепте оқып жүріп-ақ әкесінің тракторын айдап үйренген ол, техниканың тілін ерте меңгерген. Бұл – қанда бар өнер әкеден балаға тарағанының дәлелі. Десе де, мектеп бітірген соң геофизик мамандығы бойынша білім алады. Сөйте тұра әкесі секілді техниканың құлағында ойнауды армандаған Дәурен «Байсын» шаруашылығына келіп, трактор тізгініне жайғасады. Шаруашылыққа келгенде алғаш айдаған техникасы «Беларус» тракторы болған. Бүгінде комбайнды да еш қиындықсыз тізгіндеуге қауқарлы.
Әке жолын қуған жігіттің көлігі үнемі бабында, жұмысқа сақадай-сай тұрады. Жас та болса кәсібіне адалдық танытып, үлкен жауапкершілікпен қараған Дәуреннің жұмысқа деген құлшынысына жұртшылық тамсанады. Ал шаруашылық басшысы Аятжан Есжанов шаруаға деген ынтасына сүйсініп, өзгелерге үнемі үлгі қылып жүреді.
– Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау – табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен темір-терсектің арасында өскендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Әкем де техникаға жақын болған соң осы салаға бүйрегім бұрып тұрды. Міне, алты жыл бойы шаруашылықта қызмет етіп келемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйренгендеймін, – деп қанағатшылдықтың қарапайым үлгісін көрсете білген Дәурен бүгінде бір ұл мен қыздың әкесі.
– Қазіргі техниканың бәрі ақылды. Бұрынғыдай емес, жұмыс ауыл шаруашылығы саласында әлдеқайда жеңілдеген. Ол, әрине, техникалардың жаңаруының нәтижесі. Көктем шыға тракторға мініп, дала қосын егінге дайындаймыз. Жаз мезгілінде де жер жыртып, өңдейміз. Одан кейін шөп ору науқаны келеді. Онда да тынымсыз еңбектің үстінде жүреміз. Күзбен қатар келетін егін ору сәті – мүлдем бөлек әңгіме. Егін алқабының сәніне көзіміз тоймайды. Сол алқапқа қарап тұрып-ақ көңілің көтеріледі. Өзің дәнін сеуіп, күтіп-баптаған өнімің жайқалып өскенін көргенде бүкіл қиындықты ұмытып, марқайып қаласың. Осылай бір мезгілден, келесі мезгілге дейін жұмысымыз жалғаса береді, – дейді маңдайдан шып-шып білінген терін білегімен сүрткен Дәурен.
Бітік егін – ел ырысы. «Нан болса, ән болады» деп халқымыз бекер айтпаған. Байлық та, береке де – нанда. Дән өсіріп, оны жинау­шылар нан қадірін жақсы біледі. Астық – тоқшылықтың белгісі. Дастарханымыздан нан үзілмеуі үшін бетін күнге қақтап, егін даласының ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамдары қашанда мақтанышымызға айнала бермек.

Гүлхан ЯХИЯ

12 қазан 2019 ж. 1 928 0