Ортақшылда оңды істер
Жуырда Ортақшыл ауылынан 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының тұңғыш президент күніне орай балалар ойын алаңы мен заманауи үлгіде салынған қоғамдық моншаның ашылу салтанатына куә болдық. Оған аудандық мәслихат депутаты Б.Өтебаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Орынбайқызы, ауыл әкімі Жақсылық Ноғайбаев, сала ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Тарыны табыс көзіне айналдырған ортақшылдықтардың қазаны ортайған емес. Аудандағы жалғыз тары өсірумен айналысатын ауылдық округте бүгінгі күні 271 үйден түтін шығады. Халық саны 1421 адамды құрайды. Сондай-ақ, 2 тары өңдейтін шағын цех, 4 азық-түлік дүкені, 1 шаштараз, 1 асхана, 2 автокөліктерге арналған сервистік қызмет көрсету орталығы халық игілігіне жарап тұр.Жақсылық Ноғайбаев басшылық жасайтын Ортақшылда соңғы 4 жыл көлемінде едәуір өзгерістер орын алған. Мәселен, 2017-2020 жылдар аралығында 5 шаруа қожалығы, 50 жеке кәсіпкерлік субъектісі іске қосылса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 26 шаруа қожалығы мен 62 жеке кәсіп орнын көрсетіп тұр.
«Ауылды көркейту-көгалдандыру және абаттандыру» жұмыстары негізінде республикалық бюджеттен бөлінген 7 млн теңгенің 3,4 млн теңгесіне балаларға арналып әткеншек, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылған. Ойын алаңы түрлі-түсті сырлармен әсемделіп, безендіріліп, балалар ойнайтын алаңға құм төгілген. Ортақшыл ауылындағы балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстарын «ЖК Эльмира» жүргізген.
Ойын алаңының ашылу салтанатына ауыл әкімі Жақсылық Ноғайбаев қатысып, ауыл тұрғындарына ыстық ықыласын жеткізді.
– Еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан да біз көп жағдайда олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Бүгін балаларымыз үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Неше түрлі әткеншектерде тербеліп, жұмсақ құм үстінде ойын ойнап, таза ауамен демалуға арналған орындықтармен жабдықталған. Осы игілікті іске атсалысқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, – деді ауыл басшысы.
Одан әрі, талапқа сай соғылған жаңа моншаның ашылу салтанаты өтті.
Қалима Жұматаеваның бастамасымен салынған. Ол 2016 жылы Атамекен кәсіпкерлік палатасында бір ай оқып Ұлттық тағамдарды өндіру оның ішінде талқан, сөк, жент өндіру бойынша бизнес жоспарын қорғап, «Бизнес Бастау» жобасы аясында мемлекеттен 700 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, тары өңдейтін шағын цех ашады. Кішігірім цех ауыл халқына қызмет істеп қана қоймай, ел игіліге жарап тұр. Содан 2018 жылы шағын цехты кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен 6 процент жеңілдікпен 1,5 милион теңге несие алып, үлкен цех ашады.
Одан кейін, жеке кәсіпкер Қалима Қалмырзақызы, 2020 жылы Еңбек Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 6 процентпен 3 миллион қаражат алып, игілікті істі қолға алды. Моншаның құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, барлығы талапқа сай салынған. Айта кетейік, монша бір мезетте 10 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ, мұнда санитарлық, гигиеналық талап қатаң сақталған. Моншаның кіреберіс бөлігінде кезек күтіп отыруға арналған ыңғайлы орын, және келушілерге арнайы дем алуға арналған жайлы жер салынған. Алдағы уақытта кәсіпкердің жаңа құрылыс нысаны ел игілігіне жарамақ.