Тарысымен танылған ауыл
Тарыны табыс көзіне айналдырған ортақшылдықтардың қазаны ортайған емес. Аудандағы жалғыз тары өсірумен айналысатын ауылдық округте бүгінгі күні 272 үйден түтін шығады. Ортақшыл ауылында №150 қазақ орта мектебі, Қызылқайың елді мекенінде №151 негізгі мектеп ауыл балаларының сауатын ашуда. Сондай-ақ, 2 тары өңдейтін шағын цех, 4 азық-түлік дүкені, 1 шаштараз, 1 асхана, 2 автокөліктерге арналған сервистік қызмет көрсету орталығы халық игілігіне жарап тұр.
Жақсылық Ноғайбаев басшылық жасайтын Ортақшылда соңғы 4 жыл көлемінде едәуір өзгерістер орын алған. Мәселен, 2017-2020 жылдар аралығында 5 шаруа қожалығы, 50 жеке кәсіпкерлік субъектісі іске қосылса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 26 шаруа қожалығы мен 60 жеке кәсіп орнын көрсетіп тұр. Тек өндірісте емес, мал шаруашылығында да өсім бар. Мәселен, 2017 жылы 2338 бас ірі қара болса, 2021 жылы 3023 басқа артқан. Ал, Қамбар ата түлігі 554-тен 755 басқа көбейген. Аталған ауылда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында екі қолға бір күрек тауып, кәсібін өрге домалатқандардың саны жыл санап артып келеді. Мемлекеттік қолдауды сезініп, несиемен несібесін арттыруға кіріскен «Дулат», «Рамазан», «Бақыт» сынды жеке кәсіпкерлер мен «Расул», «Жұман ата», «Табиғат» т.б шаруа қожалықтардың ісінде береке бар.
Ауыл тіршілігіне көз тастасақ, көркейту-көгалдандыру жұмысы да жүйеленгенін аңғаруға болады. Ауыл әкімі Ж.Ноғайбаев «2020 жылы аудан әкімі Қ.Мүбараковтың қолдауымен Өңірлерді дамыту бағдарламасы арқылы абаттандыру жұмыстарына 2 млн теңге қаралып, Н.Бәйімбетов, К.Ерубаев, А.Құнанбаев, Ш.Уалиханов көшелеріне 49 дана түнгі жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ, С.Сейфуллин, Ы.Алтынсарин, Есабыз ата көшелеріндегі 250 Вт-тық жарық шамдары заманауи үлгідегі 100 Вт-тық шамдармен алмастырылды. Жастарды спортқа
баулу, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Қызылқайың елді мекені, Достық көшесі бойынан спорттық алаң салынды. Оған қоса Ортақшыл ауылы, С.Сейфуллин көшесі бойынан балалар ойын алаңы ашылды» – деп, өткен жылғы жұмысты саралап берді. Ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеп, әлеуетті арттыруды мақсат тұтқан ауыл басшысы биылғы жылы көгілдір отынға қосылуды жоспарлап отыр. Тұрғындардың көптен күткен арманы табиғи газға қосылу екенін тілге тиек еткен Ж.Ноғайбаев алдағы уақыт еншісінде Ортақшыл ауылына дәрігерлік емхана ғимаратын салу жұмыстары барын да жеткізді. Іскер басшы ауыл ақсақалдарымен ақылдаса жүріп, К.Ерубаев, А.Иманов, С.Тілеубаев көшелеріне күрделі жөндеу, асфальттау жұмыстарын жүргізуді де биылғы жылдың жоспарына бекітіп отырған көрінеді. Сондай-ақ, осы аталған көшелермен қатар Достық, Бейбітшілік көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнатамыз деп бекініп отыр.
Сөз басында атап өткендей Ортақшылдағы негізгі дақыл – тары. Осыдан 23 жыл бұрын «Өскен өңір» газетінде (№46 (6847) 28 қыркүйек, сенбі, 1998 жыл) «Ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы қалай?» атты мақалада 163 гектар жерге тары дақылы егілгені жазылған. Бүгінгі күні бұл көрсеткішке жетпесе де, тары өсіріп табысын арттырған ортақшылдықтар биылғы жылы 74 га жерге тары орналастырған. Иә, Ортақшыл ауылының тұрғындары бүгінде ірі тары өсіру базасына айналып келеді. Әрине, тары өндірісінің өрісін өсіруге, өнімін көбейтуге көбірек көңіл бөлінсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Ауыл шаруашылық мамандардың айтуынша, осы дәнді егіп отырған, тек жеке шаруа қожалықтар емес, қарапайым тұрғындар да бар. Олар тары егіп, сөк арқылы нәпақасын табады. Тұтас бір ауылдың тіршілігіне құлақ түріп, көз тастап, жылдан жылға жаңарғанын аңғардық. Сатистикалық мәліметтер де әр салада өсім барын сайрап тұр. Бұл әрине, еңбектің, сол еңбекті үйлестіре білген ауыл басшысының жемісі емес пе?!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ