Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі бекем ел озады

Бірлігі бекем ел озады

Халқымызда «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Ал, біз елдің жаңаруына, адам танымастай түлеп-өркендеуіне небәрі 30 жыл ішінде қол жеткіздік. Біздің Отанымыз – әлемнің дуалы ауыз саясаткерлері, өркениет төріндегі мемлекеттердің басшылары, көрнекті қоғам қайраткерлері жиі-жиі бас қосатын сыйлы да беделді шаңыраққа айналды. Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Тәуелсіздіктің қазығын енді қаққан жас мемлекет үшін айқын бағыт-бағдар, ұлы жоспар керек еді. Дәл осы тұста аяғын тәй-тәй басқан Қазақстанға ықпал ететін 20 сын-қатер сарапталып талданды, шешу жолдары қарастырылды. Дені сау ұлт, болашақ ұрпақ үшін Семей ядролық полигоны жабылды. Тиімді мемлекет болу мақсатында барлық бағыттарды қамтыған 1997 жылы дүниеге келген 2030 стратегиялық құжаты 25 бас­ты нәтижемен өз қажетін мерзімінен әлдеқайда бұрын өтеп, керегесі кеңейген әлемдегі алдыңғы қатарлы озық отыз елдің қатарына ену үшін 2050 стратегиялық құжаты қабылданды. Мұндағы мақсат – Мәңгілік ел болу. «Мәңгілік Ел» сөзі біздің тамыры тереңде жатқан түп тарихымыздан белгілі. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Елбасы Н.Назарбаев та Тоныкөк бабамыздың өсиетін тілге тиек ете келіп: «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік ел деген құдіретті ұғымға сыйып­ тұр»,– деген болатын. Олай болса, болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясының ұғымын, оның мазмұнын, мәңгілік мұраттарға қол жеткізудің құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі.
Егемендіктің ендігі жемісі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Елімізде тұратын көп ұлтты қазақстандықтардың мүддесін күйттейтін, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, 2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутатын сайлады. Ата заңымыз қабылданып, уақыт талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ұлттық валюта теңгемізді қолымызбен ұстап, зейнетақы реформасы жасалды. Көпқырлы сыртқы саясаттың арқасында деңгейі биік сая­­си диалогтар өз жемісін берді, Қазақстанның бітімгер функциясын орындауы соның айғағы. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы елді әлемге танытудың жоғары баспалдақтары еді. Ұлт жоспары, Жалпы еңбек қоғамына қарай 20 қадам бағдарламалық құжаты еңбек адамының қоғамдағы орнын белгіледі. Отаншылдық сезімді нығайту жұмыстары қолға алына бастады. Бұл жерде үш құндылық қатар жүріп отырады, ол – жер, тіл, бірлік. Айтып отырған үш құндылығымыз ұштасу үшін табиғи отаншылдық, ұлттық идея жоғары деңгейде болуы тиіс. Ұлттық рух – елімізде тұратын барша халықты топтастыратын біріктіруші күш. Ұлттың бірлігі үшін табиғи отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі тарихи сананы қалыптастыру десек, «Рухани жаңғыруға» ораламыз. Азаматтардың санасына Ұлы Дала тарихын сіңіру арқылы тәуелсіздікті нығайтудың, ұлттық рухты көтерудің маңыздылығын аңғарамыз.
Қазақ халқы «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» деп бекерге айтпаса керек. Бірлігі жарасқан елдің босағасына береке ұялайтыны бесенеден белгілі. Ендеше, бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

А.Асанов,
штаттан тыс тілші
16 қараша 2021 ж. 453 0