Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамды өлтіре салу – ойыншық па?

Адамды өлтіре салу – ойыншық па?

Аудандық «Өскен Өңір» газетінің 23 қазан 2021 жылғы №84 санында басылым тілшісі Сымбат Сұлтанның «Адам өлтіру – ауыр күнә» атты мақаласы «Аудандық ардагерлер Кеңесінің назарына» айдарымен жарық көрді. Автор «Арамызда өз ажалы келмей жатып, ақтық сапарға аттанып жатқандар қаншама. Айтпағым, кісі қолынан қаза тапқандар жайында» – депті.
Ешкімнің атын атап, түсін түстемесе де, бірден «Еңбекші» ауылында болған оқиғаны меңзегені сезіліп тұр. Ол жөнінде бір топ ардагерлер 21 қазан күні ауыл ақсақалдарымен сөйлескенбіз. Әңгіме барысында Еңбекші ауылдық округінің әкімі Б.Серікбайұлы, ауылдық ардагерлер кеңсенің төрағасы Б.Әбдіжапбаров, қоғамдық кеңес төрағасы О.Керімбеков, ауылдың белсенді ардагерлері А.Өмірәлиев, Д.Нұрбаев т.б. тосын оқиғаны айтудың өзі ауыр екендігіне тоқталған болатын. Отызында, орда бұзар шағында жауынан емес, бір көше ­бойында тұратын, қыз алыспайтын туысқан інісінің қолынан мерт болған қыршын жанның, енді үйленгелі отырған азаматтың нендей жазығы бар еді? Осында туып-өсіп, Алматы қаласында тұратын жәбірлеуші жігіт қамауға алынған. Ал, жәбірленуші азамат тоғыз күн ауруханада жатып, ауыр соққыдан ес жимай, өмірмен қоштасқан. Ауылдың оншақты жігіті түнгі сағат бірлер шамасында төбелесіп қалып, жұдырықтасқандарға арама түскен жігіт ажал құшқан көрінеді. Ақсақалдар сол жерде: «Жастар арасында тәртіп керек. Ауылға бөлінген учаскелік инспекторға арнайы берілетін үй бар. Мынадай оқиғадан кейін полиция қызметкері ауылға көшіп келмесе, бұл жерге басқа инспектор жіберілсін», – деген уәж айтты. Ауыл балалары түнімен ұйықтамай, ішімдік ішіп, бірімен-бірі төбелесіп, ақыр соңында адам өлтіріп қылмыскер болып жатса, үлкенді үлкен екен деп тыңдамаса, ата-аналарының рұқсатынсыз көше кезіп жүрсе, оған кім кінәлі? Әрине, бәріміз! «Адамды өлгенше тәрбиелеу керек» деген де ата-бабаларымыз. Адам түгілі, жан-жануарларға азап көрсеткендер қылмыстық жауапқа тартылады. Ал, нақақтан-нақақ, жазықсыз адамның өмірін қию – кешірілмейтін, ауыр қылмыс. Оның ақ-қарасын ажырату – тергеушілердің құзырында. Бұл жерде жастардың жікке бөлінуі – ұйып отырған ауылдың ынтымағына селкеу түсірмеуі тиіс.
Ауыл ардагерлері елді мекенде қатаң тәртіп орнатып, жастар тәрбиесіне аса мән бергендері жөн. Мына ауыр оқиғаға байланысты халықтың, ауыл ардагерлерінің пікірі: «Егер тергеу орындары жәбірлеушіні қылмыскер деп тапса, заңды жазасын ала жатар. Біздің ұйғарымымыз – осы отбасын ауылдан аластату керек», – деп отыр. Ненің болса да, заң аясында шешілгені дұрыс. Қазақтың хас батыры Б.Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деді емес пе?
Адам өлтіру – ойыншық емес. Қатаң жаза, қатаң тәртіп қана қылмыстың жолын кеседі. Сондықтан да тәртіп, тәртіп, тағы да тәртіп керек. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» демей ме?!

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
12 қараша 2021 ж. 503 0