Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАМ ӨЛТІРУ АУЫР КҮНӘ

АДАМ ӨЛТІРУ АУЫР КҮНӘ

Бұл өлшеулі өмір. Құдіреті күшті Алла Тағалла дүние дидарына жіберген әр пендесінің пешенесіне ғұмыр дариясының мезгіл-мөлшерін өлшеп береді. Бұл туралы түрлі аңыз-дастандарда, діни кітаптарда көп мысалдар келтірілген. Рас, адам баласы фәни дүниеде мәңгі тұрақтамайды. Ажалы келіп, дәм-тұзы таусылған шақта мәңгілік сапарына аттанады. Кімнің қанша жыл өмір сүретіні тек бір Аллаға ғана аян. Өлшеулі өмірде әдемі қартайып, ешкімге масыл болмай өмірмен қоштасқанға не жетсін? Алайда, арамызда өз ажалы келмей жатып, ақтық сапарға аттанып жатқандар қаншама. Айтпағым, кісі қолынан қаза тапқандар жайында...
Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарының бірінен түгелдей бір отбасының кісі қолынан қаза тапқандығы жайлы деректі көзім шалып қалды. Ресми мәліметтерге сенсек, бұл оқиға осыдан бір ай бұрын Алматы қаласында орын алған. Адам шошырлық жағдай жергілікті тұрғындардың зәре құтын қашырып, әбден тыныштығын бұзған. Көршілерінің айтуынша, қаза тапқан отбасы мүшелері ауқатты адамдар болған деседі. Қыруар қаржыға қаскөйлердің көзі түсіп, зәулім үйге баса көктеп кірген. Әуелі, әлгіндегі үйдің дүние мүлкін тонамақ болған олардың арамы ойлары жүзеге аспаған. Содан кейін құпия жәшіктегі қыруар қаржыны алмақ болып, отбасы мүшелерін түгелдей пышақтап тастаған. Бірақ, қылмыскерлер көп ұзамай қолға түсіп, құрықталған. Осы оқиғадан кейін әлем желі шулап, бұл ақпарат қоғам наразылығын туғызған болатын. Елімізде тек бұл ғана емес, осыған ұқсас көптеген жағдай орын алуда. Оны көзіміз көріп те, естіп те жүр. Статистикалық мәліметтер бойынша, соңғы жылдары кісі қолынан қаза тапқан адамдардың саны көбейген. Олардың біразы қоғам назарына іліксе, жұртқа жария болмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқандары қаншама.
Алысқа ұзамай-ақ қойған дұрыс-ау. Соңғы жылдары мұндай оқиғалар біздің де өңірде белең алып кетті. Былтырғы жағдайды есептемегенде биылдың өзінде адам өлтіру бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркелген болатын. Не айтпағымды өздеріңіз біліп отырған боларсыздар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Бірнеше апта бұрын ауданда орын алған оқыс оқиғадан біршамаңыз хабардар боларсыздар. Бұл туралы бізге полиция бөлімі ешқандай ақпарат берген жоқ. Алайда, жергілікті тұрғындардың айтуы ­бойынша, бір отбасының бірнеше адамы кісі қолынан қаза тапқан.
Мына заманда үлкендер былай тұрсын, қылмыстық іске мектеп жасындағы балалардың барып жатқанын білеміз. Тіпті, пышақ кезенуден қорықпайтын жастарымыздың саны көп. Оның барлығына кімді кінәлаймыз? Меніңше, бұған әлеуметтік желінің тікелей әсері бар секілді. Себебі, бүгінгі қоғамның санасын улап жатқан интернет желісінің адамға тигізер пайдасына қарағанда, зияны әлдеқайда көп. Ауыр қылмысқа әсер етуші факторлардың бірі де осы. Себебі, әлемжеліде қазір бәрі бар. Керек десеңіз, адам өлтіру жолдарына дейін. Одан қала берсе, ақыға адам өлтіріп беретіндері де бар арада. Айтудың өзі қорқынышты. Алайда, мұндай қылмыстарға баратындардың дені ауыл балары. Әлде олар ауылдан ұзамай, қала көре бергенде сана-сезімдері бұзылып, басқа ортаға тап бола ма? Әйтеуір статистика осылай дейді.
– Адам өлтіру жақында пайда болған қылмыстың түрі емес. Ол сонау Адам ата жаратылғаннан бері, орын теуіп келеді. Адам атаның (аләйһиссәләм) тұңғыш ұлы Қабыл болатын. Сонда Қабыл інісі Абылды себепсізден себепсіз өлімге қиды. Кейбір деректерде бұл оқиғаның үйлену себебінен шыққандығы айтылады. Мінеки, осы қисынсыз оқиға жер бетіндегі ең алғашқы қан төгу болып саналады. Ислам дінінде әрбір адамзат баласы өмірге келгеннен кейін өмір сүру құқығына ие. Бұл құқықты адамзатқа Аллаһ Тағала берген. Адамзатты бұл құқықтан айыруға ешкімнің хақысы да жоқ. Шариғаттың үкімдеріне келсек, асыл дінімізде нақақтан-нақақ, жазықсыз адамның өмірін қию – ең ауыр қылмыс һәм үлкен күнә деп қарастырады. Шариғат тұрғысынан кісі өмірі қасиетті, оны ардақтай білу – парыз. Пайғамбарымыздың (с.а.с) сөзімен айтсақ, адам жаны мен оның иелігі айлардың ішіндегі – мұххарам, ішіндегі (Меккедегі Қағбада), күндердің ішіндегі – құрбан, қажылық уақытындағы – Арафатта тұру сынды қастерлі. Адам жаны тұрмақ, жер бетіндегі тіршілік атаулысына, тіпті жан-жануар, жәндіктерді өлтіруге, тиісуге болмайды. Жан алу жаратушының иелігінде, бұйрығымен жүзеге аспақ. Бөгде жан иесін себепсіз жер жастандыру – Жаббар Иесінің орнатқан шариғатына үзілді-кесілді қайшы.
Адам өлтірудің өзі бір індетке жатады. Сондықтан күйзеліске ұшараған, жүйкесі жұқарған адамға кез келген қоғамның мүшесі көмектесетін болса, онда мұндай кедергілердің алдын алар едік. Себебі, адам өлтіруге көбіне күйзелісте жүрген жандар ғана оқталады. Бұл да қоғамның ауыр дерті. Пандемеяға дейін біз мектеп оқушылары арасында және коледж студенттері арасында «өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнә» тақырыбында кездесулер ұйымдастыратынбыз. Өкінішке қарай, елімізде өршіп тұрған індетке байланысты бұл тоқтап қалған еді. Алла қаласа, осы мәселені қайтадан қолға алып, түрлі түсіндірме жұмыстарын жасамақ ниеттеміз. Бірақ, мұндай түсіндірме жұмыстарына мектеп және коледж басшылықтары тек бір-екі ғана сыныпты береді. Бізге толық оқушылармен жұмыс жасау мүмкін болмай тұр. Мұндай ауқымды мәселеге тек қана имамдар немесе ішкі саясат бөлімі ғана емес, барлық мектеп мұғалімдері, барлық мекемедегі психолог мамандар да, қосылып жұмыс жасайтын болса, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттеміз, – дейді ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев.
Ал, енді бейбіт күнде қылмыстық істердің белең алуына не түрткі? Соны ойланайықшы. Мәселен, кісі өлтірген адамның ісі кейде сотқа жетпей-ақ, жылы жабылып, екі жақ келісімге келумен шешіледі. Әрине, оқыс жағдайда, әдейі әрекетке бармаған жанның темір торға тоғытылғаны керек емес. Бірақ, кез келген мәселені медиациямен шеше берсек, қылмыс жасаушылардың ойын «ақшамен оңай шешіп аламын» деген пиғыл билемесіне кім кепіл? Қатаң жаза, қатаң тәртіп бар жерде қылмыстың саны артпас еді...

Сымбат СҰЛТАН
22 қазан 2021 ж. 892 0