КӨП ТІЛ БІЛГЕН КӨШТЕН ҚАЛМАЙДЫ
Төрткүл дүниеге тараған коронавирус дерті адам өміріне үлкен өзгеріс енгізді. Карантиннің әсерінен біраз сала тұралап қалғанымен, аз ғана уақытта қарыштап дамыған тұстар да болды. Ол әрине – онлайн жүйе. Елдегі көптеген мекеме қызметкерлерінен бастап мектеп оқушыларына дейін бұрын-соңды болмаған онлайн Жүйеге ауысты. Осылайша, елде төтенше жағдай енгізілгеннен кейін білім ордалары біраз уақыт қашықтан оқу жүйесіне көшкен еді.
Тәжтажалдың беті қайтып, жағдай тұрақтала бастаған соң оқу ордалары қайта дәстүрлі форматқа оралды. Білім жүйесіндегі бұл өзгеріс оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де оңай болмады. Сондықтан ұстаздардың өзара тәжірибе алмасып, білім деңгейін жетілдіре түсуі қажет-ақ.
Тәжтажалдың беті қайтып, жағдай тұрақтала бастаған соң оқу ордалары қайта дәстүрлі форматқа оралды. Білім жүйесіндегі бұл өзгеріс оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де оңай болмады. Сондықтан ұстаздардың өзара тәжірибе алмасып, білім деңгейін жетілдіре түсуі қажет-ақ.
Жақында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі базасында «COVID-19-дан кейінгі кезеңде ағылшын тіліндегі білім беруді қайта қарастыру: Оқытудың жаңа перспективаларын құру» тақырыбындағы XVII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылары және ағылшын тілі мұғалімдерінің республикалық қауымдастығы мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен жиынға қауымдастық президенті Татьяна Летяйкина мен облыстық ағылшын тілі мұғалімдері қауымдастығының вице-президенті Ләззат Фазылова және еліміздің түкпір-түкпірінен келген конференция спикерлері мен 100-ге жуық ұстаз қатысты.
Қонақтарды Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі тартылып, оқушылар 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) арнау тілектерімен қарсы алды. Шара барысында аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетов пен №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицей директоры Сауле Нұрманова алғы сөз сөйлеп, конференция жұмыстарына сәттілік тіледі. Конференция спикерлері 3 сессия бойынша 4 топқа бөлініп, өз жұмыстарын көрсетті.
Бақытжан БӘЙІМБЕТ