Білім саласындағы оңды бетбұрыс
Пандемия қай салаға болмасын өзгеріс әкелгені хақ. Соның ішінде білім саласына жаңашылдық әркез керек. Елімізде қазіргі күні бұл саладағы жойқын өзгерістердің енуіне осы індет бірден-бір себеп. Баршамыз куә болғандай, білім жүйесінде жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Атап өтсек, компьютер, смартфон, планшет пен интернет желісі арқылы жаңа білім әдістері ауқымды түрде қолданысқа енді. Мұнымен қатар қосымша оңтайландырылған білім платформалары да пайда болды. Біз басылымның бүгінгі санында білім саласындағы оңды бетбұрыстарға қалам тербемек ойдамыз.
Есіңізде болса, карантин талаптары еніп, оқу форматы түгелдей онлайн режимге көшкеннен кейін қолданушылар пікірі екіге жарылды. Бірі қашықтан оқудың тиімділігін тізбектесе, келесі бірі жаман жағынан басқа тұсын көрмеді. Иә, таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, бұл мәселеге қатысты қос пікірдің болуы – заңдылық. Бір айта кетерлігі, осы онлайн оқудың арқасында ата-ана мен бала арасында байланыс бекіп, соның салдарынан ұстаз жүгінің ауырлығын сезіндік.
Есіңізде болса, карантин талаптары еніп, оқу форматы түгелдей онлайн режимге көшкеннен кейін қолданушылар пікірі екіге жарылды. Бірі қашықтан оқудың тиімділігін тізбектесе, келесі бірі жаман жағынан басқа тұсын көрмеді. Иә, таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, бұл мәселеге қатысты қос пікірдің болуы – заңдылық. Бір айта кетерлігі, осы онлайн оқудың арқасында ата-ана мен бала арасында байланыс бекіп, соның салдарынан ұстаз жүгінің ауырлығын сезіндік.
Жағымды жаңалыққа көшсек. Сәуір айынан бастап онлайн оқыған оқушылар енді екінші тоқсаннан бастап мектепке баруы мүмкін. Әрине, аймақта эпидемиологиялық жағдай тұрақталса. Осы жаңалықтың шет-жағасын естіген біраз бала қуанып жатыр. Сәйкесінше білім ордалары дәстүрлі қалыпқа көшсе, санитарлық нормалар қатаң сақталуы тиіс. Ал балалар бетперде киюге міндетті.
Келесі көңіл қуантатын жаңалықтың бірі – әліппе қайта оралмақ. Бұл оқулықты оқу бағдарламасынан сызып тастауға әлек болғандар, әліппенің орнын сауат ашу баса алмайтындығын ұғынған сыңайлы. Әліппемен қоштасу кеші мен 42 әрпі бар тәж кию бақытын сезінген біздерге бастапқыда мұны есту оңай болмады.
Бұл бақыттың кейінгі ұрпаққа бұйырматынын естіп, іштей обал-ақ дедік. Бірақ көп кешікпей осы өкініштің орны толмақ. Жасыратыны жоқ, әліппемен қайта қауышатынына қуанып қалған қауымды бас оқулықтың қандай форматта шығатыны қызықтырмай қоймас. Иә, ел назарындағы жаңа оқулық бұқараның көңілінен шығатынына шүбәсіз сену керек секілді. Себебі Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленіп жатқан әліппеге жұмыс тобы барынша байыппен қарап, зерделеп жатыр.
Әліппе – балғын балалық шақтың ұмытылмас естілігі. Алғаш рет қолға қалам ұстап, әріп тануды үйреткен ұстаз бен әліппе оқулығына деген сарғайған сағыныш әрбір жанның жүрегіне сәуле шашып тұратыны анық. Өйткені бүгінгі кез келген саналы азамат осы әліппемен өсіп, есейді. Мұқағалиша айтсақ, «әліппе бар кітапқа бас болған». Сол үшін білім есігін алғаш ашқан әр адам бар кітаптан бұрын бас кітапты қолға алуы керек. Сөз соңында айтарымыз, әліппенің әлегі осымен аяқталып керісінше, оның әлемі әрлене түссін демекпіз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА