Қашықтан оқыту – бүгінгі күннің талабы

Әрине, бұған дейін ұстаздар қауымы цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журналмен жұмыс істеді. Демек ұстаздардың цифрлық жүйені пайдалануда едәуір тәжірибесі бар. Әйткенмен қашықтан оқыту білім беру жүйесіне жаңа өзгеріс енгізгені жасырын емес. Жасыратыны жоқ, бұл кезең сандық технология мен мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын сынаған сәт болды. Әуелгіде оқушылар мен ұстаздар одан қалды ата-аналар да әуре-сарсаңға түскені ақиқат. Ал қазір қашықтан оқытудың бүгінгі күннің талабы екенін барлығы ұғынды. Сәйкесінше телефонның тілін білмейтін білім алушылар онлайн форматта мектеп бағдарламасынан шет қалмай таным көкжиегін кеңейтуде. Ал ұстаздар сәт сайын сандық білім беру мен қашықтан оқытуды жан-жақты меңгеруде. Содан болса керек бүгінгі таңда онлайн оқудың оңтайлы тұстары да бар екенін ұйғардық. Бұл жерде ең бастысы, баланың денсаулығына ешқандай қауіп төнбейді. Екіншіден, жылдар бойы бір дағдымен сабақ өткізіп келген ұстаздардың тәжірибесі артып, заман талабына сай уақытында білімін жетілдіріп отырады. Қашықтан оқыту алғашқыда алынбайтын асу секілді көрінгені рас. Ал қазір мұғалімдер «Zoom», «SaveFrom», «Open Broascater Software», «Movavi Screen Recorder», «Google диск» сынды сабақ өтуге қажетті бағдарламаларды толықтай меңгеріп, өз тәжірибесінде қолданып жүр.
Қазақ халқында «Көз қорқақ, қол батыр» деген ұғым бар. Карантин режимі енгізіліп, оқушылар онлайн оқиды дегенді естігенде жағасын ұстаған жұрт аз болмады. Ал қазір көпшілік қашықтан оқытудың пайдасын көріп отыр. Тек бұл орайда ұстаздар мен ата-аналар және оқушылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істеу қажет. Сол кезде қашықтан білім алу қиынға соқпайды.
Венера ПІРНАЗАРОВА