Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн қызметті тиімді пайдаланып жүрміз бе?

Онлайн қызметті тиімді пайдаланып жүрміз бе?

Елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты мемлекеттік мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшті. Бұл кезең үйде ­отырып, қажетті қызмет түріне қол жеткізуге болатын онлайн жүйенің мүмкіндігін көрсетті десе болады. Бүгінде электронды форматта көрсетілетін қызмет саны артқан. Оған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы оң әсер етті десек қателеспейміз.
Алайда, қашықтан жұмыс істейтін мекемелердің электронды форматтағы қызметін барлық тұрғын қолдана алып отыр деп айту да қиын. Жалпы онлайн қызметті тиімді пайдаланып жүрміз бе?
Қазіргі уақытта электронды үкімет порталындағы қызметтің 80 пайызы онлайн режимде қолжетімді. Жыл соңына дейін­ мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы қашықтан көрсетіледі дейді мамандар. Сондай-ақ үйде отырып, қажетті анықтамаға қол жеткізетін тұрғындардың саны күннен-күнге артып келеді. Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары 1414 байланыс орталығы арқылы қоңырауларды қабылдауда. Халыққа қажетті ұялы байланыс операторлары мен банктердің де көптеген қызметтері онлайн режимде қолжетімді болып отыр. Коммуналдық төлемдерді де тиісті мекемеге барып қаптаған кезекті күтпей-ақ, қалта телефоныңыз арқылы бір-ақ сәтте төлеуге болады. Бұдан бөлек, тағы бірқатар қызметті электронды форматқа ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жаңа автокөлікті онлайн тіркеу ісін қолға алынып жатыр. Қазір адамдар өз атындағы көліктерді өзгеге сатқан кезде құжатын электронды форматта рәсімдеп жүр. Енді автосалонда сатылатын көліктер де онлайн режимде қолжетімді болады. Ең бастысы, адамдардың цифрлық сауаттылығы артып келе жатқаны қуантады.
Аудан тұрғыны З.Мұхтарова:
– Мемлекеттік қызмет түрін онлайн режимде алу тиімді әрі уақыт үнемдейді. Мәселен, тұрғылықты мекенжайға электронды форматта тіркеуге тұрдым. Жолдасым екеуміз үйленер алдында онлайн режимде некеге өтініш бердік. Декреттік жәрдемақыны да қашықтан рәсімдедім. Елдегі төтенше жағдайға байланысты университеттегі оқуымыз онлайн өтуде. Облыс орталығындағы оқу орнында білім алсам да, ауылдағы үйімде отырып, сабаққа қатысудамын. Осыдан-ақ цифрлық жүйенің тиімділігін көруге болады. Жас болғандықтан заманауи технологияларды меңгеру біз үшін оңай. Қазіргі уақытта баланы 1-сыныпқа беру, балабақша кезегіне қою сынды қызметтер де электронды форматта көрсетілетінін білемін. Соған сәйкес, туған-туыстарыма электронды форматта қызмет алу жүйесін үйретудемін, – дейді.
Үлкендердің есінде болар, 2000 жылдардың басында халық арасында «Келешекте бір түймені баса қалсаң, үйіне тамағыңды әкеп береді. Компьютермен киімге тапсырыс беретін күн туады» деп шуылдасатын еді. Ол кезде смартфон тұрмақ, ғаламтор туралы түсінік те жоқ болатын ел ішінде. Сол сөздер бала болып ойнап жүрген біздерге ертегідей көрінуші еді.
Қазір адамдардың өмір сүру салты да, тұрмысы да күрт өзгерген. Әлемде сәт сайын түрлі жаңалық ашылып, адамның ойына келмейтін небір дүние жасалып жатыр. Ақпараттың көптігі сонша жаңа нәрсеге таңқалудан да қалғанымызды кімнен жасырайық? Бұл да болса жаһандану дәуірінің жемісі болса керек. Бүгінгінің басты мүмкіндігінің бірі – онлайн қызмет те соның бір бөлшегі. Қазір тіпті баланың туу туралы куәлігін қашықтан рәсімдей аласыз. Перзентханада отырып, хабарлама жолдау арқылы сәбиге есім қоюға болады. Ол аз десеңіз, қашықтан несие де ала алуға мүмкіндігіңіз бар. Күнделікті киімге, тағамға тапсырыс беру де әдетімізге айналып барады. Біз заман көшінен қалмау керекпіз. Сондықтан бәрін уақытылы меңгеріп, қызметтерді үйде отырып-ақ алайық.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

06 маусым 2020 ж. 502 0