Есірткісіз өмір ғажайып
#есірткігеқарсыбайқауы
Өмір ғажайып! Әрине ол есірткісіз болса. Улы затқа күллі ғұмырыңды тәуелді етіп, жын қаққан адамдай әркімге жәутең қағумен өткен өмірді «ит өмір» демейді ме? Ал, оның кімге керегі бар? Бақытты балалық шақты, махаббатқа толы бозбала мен бойжеткен күнді, жетістікке жетер есейген кезді көзге елестету расында ғажайып. Мектепте үздік, оқуда озат, жұмыста беделді болған жанның болашағы да жарқын болары хақ. Сондықтан, алға мақсат қойып, армандау қажет екен. Ал, ол арманды былғамау, есірткіге жоламай, алға қарай талпыну да өз қолымызда. Ата-ананың үкілеген үмітін өшіріп алу ең қорқынышты дүние мен үшін. Себебі, әке-шешем «адам ұрпағымен мың жасайды» деп жиі айтады. Ал, сол ұрпағы есірткіге үйірсектеп, нашақорлықтың шылауына шырмалып жүрсе, одан әрі өсіп-өнумен емес, өкінумен күн кешері анық. Мектеп қабырғасында ұстаздарымыз есірткінің өте улы зат екенін және оны бір мәрте дәмін татып көрген адамның тәуелділікке ұшырайтынын жиі айтады. Сондай-ақ, тісі сарғайып, көзі қызарып, туған-туыс, достарына өз зардабын тигізетін күйге түседі екен. Қалыпты өмірдегі қызықшылықтың бәрі қараңғы түнекке айналып, басқа әлемге тап болады. Міне, осындай адам жаны түршігерлік себеп-салдары бар есірткіге осыдан соң қызығудың өзі жиіркенішті емес пе?
Нашақорлықтың айықпас кеселіне бой алдырмас бұрын отбасыңды қаншалықты жақсы көретініңді ойла! Іні-қарындастарыңды есірткімен уламаудың жолын қара. Кең байтақ қазақ елінде жалғыз, ешкімге керексіз болып қалмаймын ба деп сауал қой! Жақындарыңның қасында жарқын болашаққа бастар жолды таңда! Ең бастысы есірткісіз өмірдің ғажайып екенін ұмытпа, жас дос! Бәріміз бірге есірткісіз Қазақстан елін қалыптастырайық!
Әсел ЖАҚСЫЛЫҚ
№244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің
8 «Б» сынып оқушысы