Есірткісіз өмір ғажайып!
#есірткігеқарсыбайқауы
Заман дамыған сайын ондағы мәселелер де өзгеше белең алып жатыр. Мәселен бұрындары есірткіге тәуелділік дегенді құлағымыз шалмайтын еді. Ал қазір қай жаңалықты ашсаңыз да «Есірткі тасымалдау ұсталды», «Есірткі пайдаланып тұтқындалды» дегенді еститін болдық. Соған қарап бүгінгі қоғамның басты мәселесі – есірткі деп топшылауға болады. Мұның барлығын психолог мамандар күйзелістің салдарынан деп болжайды. Қазақ халқы ежелден «аурудың алдын ал, даудың алдын ал, қайта шапқан жаудың алдын ал» деп тегін тәмсілдемесе керек. Сондықтан біз есірткіге тәуелділікке осы бастан тосқауыл жасауымыз қажет. Бұл әрине, тек бізді ғана емес, күллі әлемді мазалап отырған жайт. Әсіресе, шет елдіктердің басым көпшілігі апиынды атадан қалған асындай тұтынатыны өтірік емес. Біздің елге де бұл зат қаннан дарып пайда болмады. Осылайша өзге елден келіп, жастарымыздың санасымен қоса денсаулығын да улап жатыр. соның кесірінен нашақорлық тамырын тереңге жайған дертке айналды. Тек еркектер ғана емес, аяулы жанға теңеп, нәзік гүлге балап жүрген қаракөз қыздарымыз да наша қолданбаса өмір сүре алмайтын халге жетті. Жастардың жас шыбық секілді болатыны белгілі. Оларды қалай баптасаң, солай өседі. Сол себепті біз ендігі кезекте жастарға назар аударып, олардың зиянды әдетке әуес болмай, тек түзу жолмен жүруіне жағдай жасауымыз қажет.
«Ертеңінді ойласаң, есірткіге жолама» демекші есірткіні пайдаланған адамның болашағы жарқын болмайды. Ол есірткі арқылы тек болашағына балта шабады. Себебі есірткінің басты мақсаты – мына әлемнен алыстатып, өз құрсауына түсіру, өзіне тәуелді етіп алу. Әрине, нашақорлықтың ауру екенін оны пайдаланушылар мойындамайды. Себебі олар үшін есірткі ғажап өмірдің кепілі. Дегенмен бір сәт есірткі шекпек түгілі арақ ішкен адамның сыртынан бақылап көріңізші. Қандай көрініске куә боласыз. Әрине, аласұрып есінен адасқан адам сияқты жүреді, одан қалды отбасының шырқын бұзып, әйеліне тіпті балаларына қол көтереді. Ал оның қасында есірткіні тұтынған адамның қандай қорқынышты әрекетке баратынын елестету қиын. Есірткі шеккен адам өзіне ғана емес, айналасындағыларға да кесірін тигізеді. Басында бір сәттік ғажап болып көрінгенімен, кейін жаныңызда ешкім қалмағанын байқайсыз, одан соң денсаулығыңыз сыр бере бастайды, сосын бір қарасаңыз қалтаңызда ақша, үстіңізде киім, ал басыңызда ешқандай білім жоқ екені байқалады. Міне, есірткі тек тағдырды тұмандандырып, басқа әлемге әкетеді. Оның соңы кейде өліммен аяқталатыны да жасырын емес.
Еліміз егемендік алу үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай жаумен жаға жыртысып, соғысты, айқасты. Нәтижесінде хас батырлардың арқасында жеңіске жетіп, тәуелсіздік таңы атты. Ақыры тәуелсіздікке қол жеткізіп, болашағымыз жарқын, ертеңіміз айқын бола бастады ма дегенде елімізде әртүрлі қарусыз майдан басталып та кетті. Соның бірі – есірткімен күрес. Иә, бұл біздің жауымызға айналды. Дәл қазіргі таңда қарусыз майдан жүріп жатыр. Еліміздің бетке ұстар азаматтары, ұстаздар барлығы есірткінің адамның жауы екенін насихаттап, өскелең ұрпақты одан алшақтатуға тырысып әлек. Әрине, жүйелі жұмыс нәтижесін берері сөзсіз. Соның арқасында жасөспірімдер есірткіден аулақ болып, жасампаз елдің ертеңі үшін үлес қосары белгілі. Сондықтан насихаттау жұмысын үздіксіз жүргізген абзал. Расымен есірткісіз өмірдің ғажап екеніне барлығының көзін жеткізу керек.
Шиелі ауданы, Алғабас ауылы, №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Ағзам Бауыржанұлы