Қалмақ сиырын баққан қандай?
Қазір елімізде мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мұндағы басты мақсат – мал өнімдерінің көлемдерін ұлғайту, халықтың сұранысын толық өтеу, оған сәйкес шетелдерге экспорттап пайда табу. Мал бағу қазақтың ата кәсібі енді осы кәсіпті жаңа заман талабына бейімдеуіміз керек.
Бүгінде ауылда шаруа қожалығын ашып, тірлік жасаймын деушілерге қолдау жақсы. Оның ішінде, әсіресе, асыл тұқымды ет бағытындағы мал басын арттырғысы келетіндерге түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінгі мемлекет жасаған қолдаудан қанаттанып, өз ісін алға бастырып, өркендетіп отырған жандар заман талабына сай қоғамның ағысымен ілесіп түрлі кәсіппен айналысуда. Иә, Қаратаудың етегінен қоныс тепкен құтты мекен Қосүйеңкі ауылы атакәсіпті арқау еткен берекелі өлкенің бірі. Мұндағы ағайынның негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Басқасын қайдам, мал бағудың қыр-сырын қазақтан артық білетін халық бар деу қисынсыз. Халқымызда мал бағу бұрындары тіршілік тірегі болып келсе, бүгінде берекелі кәсіп түріне айналды. Бірақ, мал шаруашылығын шалқыту екінің бірі қисынын таба білетін шаруа емес. Сондықтан да болар, «Мал баққанға бітеді» деген дана халқымыз. Қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан жандар ата кәсіпті жалғауда жігерлілік танытуда. Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған бұл кәсіппен шұғылданғандардың ырысы мол. Осы орайда, «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген тәмсілді Қосүйеңкі ауылының тұрғыны «Аңсата» шаруа қожалығының төрағасы Саттарбек Орынбаевқа айтсақ жарасады. Кейіпкеріміз ата кәсіпке бала кезінен бейімділігін танытқан. Әкесіне қолғанат болған соң болар, оған бұл шаруаның қыр-сыры мәлім. Иә, өмірде барлық нәрсенің құны болатынын, еңбексіз ештеңе болмайтынын Саттарбек ерте байыптады. Сондықтан болар, ауыл баласы уақыт өте мал басын көбейтуге ден қойды. Өзі басшылық ететін «Аңсата» шаруа қожалығы 2013 жылы құрылған. Аталған шаруа қожалық асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсірумен айналысады.
– «Мені әкем еңбек жолында жігеріңді жоғалтпа» деп адал еңбекке тәрбиеледі. Содан болар, ауылдың қара жұмысына шынығып, еңбекпен есейдік. Сиыр бағу қажырлы қайратты адам үшін берекелі іс болғандықтан, осы кәсіппен айналысуға бел будым. Мемлекет жұмыссыз жастарды қолдап, кәсіп ашуына ықпал жасап жатқандығын естіп, мен де көп ойланбай өз ісімді ашуды қолға алдым, – дейді Саттарбек.
Кейіпкеріміз «Ауыл шаруашылығын» қаржылай қолдау қорынан 19 миллион 80 мың теңге алған. Әрине, мал шаруашылығын жандандыру мен санын арттыру мақсатында. Содан алған ақшаға Алматы қаласынан 57 бас қалмақ сиырымен қораны толтырады. Одан соң, 2021 жылы 24 миллион өз қаражатына 80 бас қалмақ сиырын алып, кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, мал басын арттыруға сүбелі үлес қосуда.
– Сондай-ақ, қалмақ сиырларын жақсылап жемдесе салмақты тез қосады. Климат ауысуына да тез үйреніп кететін тұқым. Себебі, ет пен терінің ортасындағы май – қыста жылу беретін, жазда салқындатып тұратын қасиетке ие. Ас қорыту жүйесі де мықты дамыған. Шөпті қатты немесе жұмсақтығына байланысты талғамай, ауызына іліккенін жей беретін тұқым. Негізгі иелері көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан сиырлар ұзақ жүріске шыдамды. Шоқпыт биіктігімен есептесек бойы 126-128 см, кеудесі 68-70 см, дене тұрқының ұзындығы 155-160 см, жауырынымен қоса алғандағы кеуде көлемі 186-188 см, сиырдың салмағы 420-480 кг, бұқалары 750-950 келіге дейін тартады. Сүтінің майлылық көлемі 4,2-4,4 процент. Бір сиыр шамамен 8-9 ай бойы сүт бере алады, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстаннан бөлек, Ресейдің бірнеше аймағында, атап айтсақ, Төменгі Волга, Ростов облысы, Қалмақияда, Забайкалье аймағында кездеседі. Шөл және шөлейт жерлерде бұл сиырлардың алдына түсетін тұқымдастары жоқ десек те болады. Бұл сиырды қолға ұстаудың артықшылықтары: аса қатты күтімді қажет етпейді, көктемде жайылымға ерте шығып, қыста қолға кеш қарайды. Сүт және ет беру өнімділігі жағынан да тиімді. Қажет болған жағдайда қыста қар астындағы шөпті де жей береді. Қалың әрі ұзын түкті терісі қысқа шыдамдылығын арттырады.
Шапағат Тілеубаев