ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ДАҢҒЫЛЫ, БАР ҚАЗАҚТЫҢ ЖАМБЫЛЫ
Өркениетті ел өнер туындысынан құнар болатын рухани азық алуға қашанда құштар. Қазіргі қоғам келбеті инновациялық технологиялардың қарыштап дамуымен тікелей байланысып тұр. Әлемдік аренада бәсекеге түскен әрбір мемлекет өзінің ұлттық жәдігерімен бойын тіктейді. Ал, ұлт руханиятының алтын кені ұлы істермен және сол істерді атқарған ұлылар есімімен толысады. Ұлы даланың еншісіндегі ұлттық мұра қоры сіз бен бізге айтпаса да белгілі дүние емес пе?! Әдебиет пен мәдениет, өнер мен спорт, білім мен ғылым саласында мөрдей басылып бейнесі сомдалған тұлғалар легі сансыз. Соның бірі – жыр алыбы Жамбыл Жабаев.
Тарих беттерінен ұлтты діңгегінен айырмай сақтап қалған құндылық – өзара үндестік екендігін аңғарамыз. Үндестік үні билік пен халықты бітімге бастап, бірегейлік жолын қалыптастырған. Осы орайда бүтін бір халықтың бірлігін әдебиет арқылы жұмылдырғандығы ақиқат. Әдебиет – рухани тәуелсіздікке жетелейтін бірден-бір қозғаушы күш. Әдебиет арқылы ұлтты тәрбиелеуге болатындығы әуелден-ақ белгілі. Осы орайда Алаш әдебиетінің жыр күмбезі – Жамбыл жырының жасампаздығы ойға еріксіз оралады.
Тарих беттерінен ұлтты діңгегінен айырмай сақтап қалған құндылық – өзара үндестік екендігін аңғарамыз. Үндестік үні билік пен халықты бітімге бастап, бірегейлік жолын қалыптастырған. Осы орайда бүтін бір халықтың бірлігін әдебиет арқылы жұмылдырғандығы ақиқат. Әдебиет – рухани тәуелсіздікке жетелейтін бірден-бір қозғаушы күш. Әдебиет арқылы ұлтты тәрбиелеуге болатындығы әуелден-ақ белгілі. Осы орайда Алаш әдебиетінің жыр күмбезі – Жамбыл жырының жасампаздығы ойға еріксіз оралады.
Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мəшһүр жыр жампозы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында, Ұлы жүздің ішіндегі шапыраштының екей руынан шыққан Жапа Ыстыбайұлының отбасында дүниеге келген. Əкесінің аты Жапа болғанымен, ел «Жабтай» деп атап кеткен. Жапаның Ұлданай атты əйелінен Тəйті, Жамбыл, Коман туады. Арғы аталары дəулетті кісілер болған. Жамбыл Жабаев бар ғұмырын Майтөбе мен Суықтөбе тауының етегіндегі құт қонып, бақ дарыған өлкеде өткізді. Ғасыр жасаған халқының аса дарынды перзенті батырлықты, өрлікті, әділдік пен теңдікті жырлады.
Жамбыл ақын өз дәуірінің біртуар перзенті һәм жүрегі. Биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. Жамбылдың бір ғасырлық ғұмыры тылсым ғажайыпқа толы. Ұлы даланың шоқтығы биік жұлдызына баланған Жамбылды жазбаған ақын әрі қалам тартпаған жазушы кемде-кем. Ақындық екінің біріне қона бермейтін қасиетті кие. Бірақ ақындардың ішінде әртүрлі деңгейдегі алуан-алуан жүйрік бар.
Біреудің аты ауылынан аспайды, енді біреулері бір өңірге танылады. Өлең-жыр құдіретімен осы дарындар ел мақтанышына айналады. Қазақ елі аузы дуалы, сөзі киелі ақындарын қадірлеп, әспеттеген ел. Ал, қазақ атын бүкіл әлемге танытып, өлеңдері мұхиттардан асып, елдерді шарлап, бүкіл төрткүл дүниеге тарап кеткен Жамбыл шынында да ұлы ақын.
Қазақстанның бірінші басшылары Мирзоян, Скворцов, Шаяхметов, бүкіл игі жақсылары ауылға жиі келіп, Жамбыл ақынға сәлем беріп қайтуды үлкен мәртебе санады. Тоқсан жасында бақ қонып, бүкіл Кеңес одағы төбесіне көтеріп алып кеткенде де даңқ пен атаққа мастанбай, тектілік танытып, биік адами қалпынан таймады. Ғасыр жасаған әулие ақын атамыз адам танымай асқақтап кеткендерді бет-жүзің бар демей тайсалмай, тайсақтамай жырымен дауыл тұрғызып, қара жерге шегедей қағып жіберетін. Қарадан да, ханнан да сескенбей, тең дәрежеде сөйлесіп, ғибратты ғұмыр кешті. Сонысымен бар қазақтың есінде өшпей, өлмей сақталып қалды.
Айбек Асанов,
штаттан тыс тілші
штаттан тыс тілші