Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ баспасөзінің сардары

Қазақ баспасөзінің сардары

Жастайынан зор талантымен танылып, қазақ журналистикасының шоғырында айрықша орын алатын белгілі журналист, танымал ақын Күлімбетов Мұрат Мәлібекұлын Шиелі халқы мақтаныш тұтады.
Жасындай жарқылдап Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің соңғы курсында оқып жүріп-ақ, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастайды. Республикалық жас­тар газетінде тәлім алып шыңдалған, еліміздің әдеби ортасында дараланған М.Мәлібекұлы 1971 жылы туған жеріне оралып, 1971-1979 жылдар аралығында Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарады. Бұл жылдары газет бетінде оның лирикалық өлеңдері жиі жарық көріп, аудан еңбекшілері шопандар, ­механизаторлар, сауыншылар, күрішшілер, тарышылар, қауыншылар, сиыршылар, жылқышылар мен түйекештер туралы жазған мақалалары, очерктері мен суреттемелері «Өскен өңірдің» бетін гүлдендіріп, ажарландырып жіберетін. Мұрат ағамыз момын, өте қарапайым, мақтануды жақтырмайтын, көп оқып, мол ізденетін, үлкенге ұлғатты, кішіге ізетті, оқырмандарына көзінен от шашып, жүргенінен жылулық сыйлап тұратын қаламгер ретінде әлі есімізде. Сол оқырмандардың бірі, куәсі болған шақтарыма мен де ризашылығымды білдіргім келеді. Бір Мұраттың өзі аудандық газетті түрлендіріп, халықтың сүйіп оқитын басылымына айналдырып жібергені рас. Ол жауапты хатшы қызметімен білімін, біліктілігін, табиғи дарыны мен талантын сол кезде-ақ, танытып кеткен еді. Сонда М.Мәлібекұлы қайран жиырма беске де, орда бұзар отыз жасқа да жетпеген жиырма үш жасар қылшылдаған жігіт екен. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегендей, М.Күлімбетов 1979 жылы Алматы қаласындағы әдеби ортасына қайта оралады. Бұл енді оның қаламының ұшталған, қарым-қабілетінің толысқан кезі болатын. Мұрат Күлімбетов сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің органы «Қазақстан коммунисі» қазіргі «Ақиқат» журналында аға әдеби қызметкер, сектор, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін ойдағыдай атқарып, 1999-2012 жылдар аралығында «Қазақстан әйелдері» журналы бас редакторының орынбасары, 2013 жылдан «Жазира» журналының бас редакторы болып қызмет етеді. 2015 жылы Қазақстан Республикасы мұражайына сектор меңгерушісі болып ауысып, осы жылдың шілде айында «Қазақстан әйелдері» журналына қайта оралып, 2018 жылға дейін бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. М.Күлімбетовтың қаламынан туған өлеңдер мен прозалық шығармалары өз оқырмандарын тауып жататын жүректен шыққан жырлары мен жылуы мол жақсы сөздері қазақ әдебиетіне қосылар бір тамшы судай болса да қуанып отырамыз. Өйткені, қазақ бабамыз «Тамшы тасты теседі» деп бекер айтпаған. Қырғи ақын Мұқағали жазып кеткендей,
«... Ойла жас!
Өлең менің бар тынысым.
Жақсы сөзім – жаны игі
Халқым үшін»
Мұрат Күлімбетовтің де поэзиясы мен прозалық туындылары да халқымен бірге жасап келеді. Әр жылдары оның қаламынан шыққан «Бастау» атты өлеңдер жинағы, «Сабыр туралы сыр» деректі повесі, «Ғибрат ғұмыр», «Ел ағасы Елекең», «Аңызға айналған адам», «Елеусіздің ерен қызы», «Жердегі із» естелік кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағасын алған еді. Сондай-ақ, Мұрат өзінің Социалистік Еңбек Ері, замандасы Жадыра Таспамбетованың өмірінен сыр шертетін «Жүрегімнің жолдамасы» атты шығармасы арқылы бір аяғын комбайн жеген механизатор қыздың ерлігін бүкіл Қазақстан жастарына үлгі етіп, олардың бойына еліне, жеріне, Отанына деген патриоттық, отансүйгіштік сезімді, батылдық пен батырлықтың символын ұялатты. Осы шығармасы Мұраттың өзін де биікке самғатты.
М.Мәлібекұлының Оңтүстік Қазақстан облысындағы қызылқұмдық совхоз директоры Ә.Елекеев туралы «Аңызды аймақтың адамдары» деп аталатын әдеби жазбасы, сонымен қатар оның сыршыл өлеңдері «Бір нәзік сәуле» атты жыр жинағына еніп, республикалық газет-журналдарда «Жаңару жолымен», «Уақыттан озғандар», «Өз жұлдызыңды жақ», «Темірқазық», «Туған өлке», «Академик Жолдасбеков» тағы басқа очерктері еліміздің басылымдарында жарық көріп жатты. Таяу уақытта, құдай қаласа, М.Күлімбетовтың «Ғұмыр бойы ғашықтық» атты жыр жинағы, сондай-ақ таңдаулы мақалаларынан іріктеліп құрастырылған екі томдық кітабы баспадан жарық көргелі жатыр. М.Мәлібекұлы жазу шеберлігімен, терең білімділігімен ерекшеленеді, халық тілімен сөйлейді. Оның шебер жазушылығы, бастамашылдығы жас қаламгерлерге үлгі бола білді. Ол тынбастай еңбекқорлық қабілеттері мен адами қасиеттерімен де дараланып, өзге әріптестеріне өнеге көрсетті. Редакция ұжымдарын басқарғанда да қарапайым, байсалды, парасатты, құрметті басшы қатарында саналып, жас кадрлерге, талантты журналистерге көлеңкесін түсіріп, жауынды, желді күндері пана болды. Мұрат Күлімбетов туған жері Шиеліге де, қала берді елімізге де ерен еңбек сіңірген, сонымен бірге қазақ баспасөзінде айрықша орны бар тұлға ­десек, бірелі артықшылық болмас еді. Оның бар болмысы елі үшін, халқы үшін адал қызмет жасаумен айшықталды. Мұрат Мәлібекұлы қай ұжымда еңбек етсе де биязылығымен, жайлы мінез-құлқымен, әдептілігімен, сыпайылығымен, көп оқыған жан-жақтылығымен, жұртпен тілтапқыштығымен, пейілінің кеңдігімен, шығармашылықта бола беретін көре алмау, қызғаншақтық әдептерден бойын аулақ салуымен оқырмандар жадында да, журналистер мен жазушылар арасында да беделді, абыройлы болды. Осынша әдемі, жағымды қадір-қасиеттер оның әке-шешесінен дарығандай. Әкесі Мәлібек Күлімбетов Ы.Жақаев атындағы №149 қазақ орта мектебінің ұзақ жыл директоры болса, анасы Тасымбетова Қалымжан да осы мектепте ұстаздық жасап, директорлық қызметін атқарған. Ұлағатты ұстаздар әулетінен шыққан оқымысты Мұрат та білімділігінің, тәрбиелігінің нәтижесінде КСРО Журналистер одағының, Қазақстан Республикасы журналистер және ­жазушылар одағының мүшесі дәрежесіне жетті. Отбасында бес ағайынды болып өсіп-өнді. Бүгінде өмір заңдылығы ­болса керек, әке-шешесі де, ұстаз апасы Лариса да, сауда қызметкері, Рәш апасы да дүниеден озып кеткен. Інісі Болат Күлімбетов облысқа танымал дәрігер атанды, ал қарындасы Гүлнар Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледждің директоры қызметінде. Бір қызығы Мұрат ағамыздың да ұл-қыздары бесеу екен. Сүйікті жары, өмірлік серігі, жұбайы Баян да ұстаз. «Жақсы жұбай – жарым бақыт» демекші, жазушыға шыдамды, төзімді, әрі шабыт беріп отыратын Баяндай келіншектер көп болса, одан артық қандай бақыт, қандай қуаныш, қандай махаббат керек? М.Мәлібекұлының үлкен қызы Гүлнар мен күйеу баласы Берік еліміздің қарулы күштерінде қызмет етіп, екеуі де отставкаға шыққан. Гүлжаны әке жолын қуып, журналист мамандығын таңдайды. Гүлназ медбикелікті қалайды. Ұлы ­Дидар жоғары білімді суретші-дизайнер, келіні Жанар Л.Н.Гумилев атындағы университетінде ұстаз. Қарашаңырақ иесі Жомарт «Қазатомөнеркәсіпте» қаржыгер болса, келіні Динара Республикалық Қаржы Министрлігінде бас маман қызметін атқарып келеді.
Мұрат ағамыздың отбасын – ошаққасын тәптіштеп жатқанымыз, жырақта жүрген журналист-жазушы жерлесіміздің күй-жайынан да хабардар болсын дегендік.
Күлімбет Мұрат Мәлібекұлы 1947 жылы 17 желтоқсанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев атындағы ауылда туған. Ауылдағы №149-шы және кент орталығындағы №45 қазақ орта мектептерінің түлегі. Баяғыда ақылды патшалар сарайына ақындар мен ғалымдарды жинайтын көрінеді. Мектеп қабырғасынан, бала кезінен талантымен танылған ақын, журналист-жазушы М.Күлімбет шығармашылық шыңында. Оның еліне берері, халқына жазары сарқылмасын, жерлес ағамызға шалқар шабыт, зор денсаулық, ұзақ та тәтті ғұмыр тілейміз. М.Мәлібекұлы ақпарат министрлігінен алған «Құрмет грамоталары» мен көптеген мерекелік медальдарының жетерлік екенін айта келіп, «оны тізбелеудің қажеті жоқ» деп ескертті. Бұл да болса, оның «ұлық болсаң кішік бол» дегенді меңзегендігі болса керек. Ол Мұрат ағамыздың өзіне ғана жарасып тұр.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы

28 қыркүйек 2021 ж. 494 0