Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕР СІЛКІНІСІ ЖҮРЕК АУРУЫН АРТТЫРАДЫ

ЖЕР СІЛКІНІСІ ЖҮРЕК АУРУЫН АРТТЫРАДЫ


26 наурызда Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезгені туралы хабарланған еді. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының мәліметіне сенсек, зілзала магнитудасы 5,5 болған. Бұл жағдайға байланысты сейсмология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Досым Сүлеев Алматыда биыл 7 балдық жер сілкіністері болмайтынын мәлімдеді. 
Жер сілкінісінің жануарлар алдын ала сезетіні белгілі. Ал зілзаланың адам денсаулығы мен психикасына әсері бар ма, бар болса қандай?
Жер сілкіністері жүрек ауруларының көбеюіне себеп
2011 жылы 11 наурызда Жапонияның Хонсю аралында ел тарихында жойқын зілзала болды, жер дүмпулерінің күші 9,0 баллға жеткен болатын. Апат салдарынан 388 783 үй қирап, 15 861 адам қаза тапты, ал 3 018 адам із-түссіз кеткен еді. Зілзаланы ауыртпалығын Иватэ, Мияги және Фукусима перфектуралары көбірек сезді.
Осыдан кейін кардиолог Широаки Шимокава бастаған Тохоку университеті медицина факультетінің қызметкерлері зардап шеккен аймақтарға зерттеу жүргізеді. Зерттеу қорытындысы зілзаланың жүрек жетіспеушілігі (жүректің өз жұмысын атқара алмауы), өткір коронарлық синдром, инсульт пен өкпенің қабынуы сынды арулардың көбеюіне себеп болатынын көрсетті. Сонымен қатар, жүректің тоқтап қалу оқиғалары артқан екен. Жер сілкінісі салдарынан жүрек-қан тамыры жүйесінің қызметінде ақаудың пайда болуын мамандар «жер сілкінісінің дерті» деп атап кетті.
Жер дүмпунін эпицентрінде қалып қойған адамдарды қорқыныш билеп, жүрегінің қағысы жиілейді, аяқ-қолдары суып, өне бойы қалшылдайды, жүрегі қысылып, гипертоникалық кризис пен инсульт қаупі артады екен.
Осылайша, дәрігерлер жүрек пен ми тамырлары ауруларының сейсмологиялық дүмпулер жиілігіне тікелей қатысты екенін хабарлады. Сонымен қатар, дерттің меңдеуі мен оның емі де осы жағдайға байланысты болып шықты. Дегенмен жер сілкіністерінің адам денсаулығына әсері толық зерттелген жоқ.
Жер сілкінісі кезіндегі психологиялық жағдай
Көбіне алғашқы жерасты дүмпуін сезгеннен кейін бұрын мұндайды көрмеген көптеген адамда мелшиіп қалу байқалады (өзге экстремалды жағдайларға тән). Адам бұл жағдайдан сыртқы тітіркену әсерінен 15 минуттан кейін құтылады екен.
Зигмунд Фрейд атындағы Вена университетінің құрметті профессоры, психология ғылымдарының докторы М.М.Решетников зілзала мен одан кейінгі уақыттағы психикалық жағдайды төрт деңгейге бөліп көрсеткен көрсеткен:
«Өткір эмоционалдық шок» (3-5 сағат). Психофизиологиялық қорлар барынша дайындыққа келіп, қабылдау өткірлене түседі және ойлау процестері жылдамдайды. Ессіз батырлық жағдайлары да кездеседі. Адамның физикалық мүмкіншілігі 2 есе артады. Сонымен қоса, бас айналу мен ауруы байқалады.
«Психофизиологиялық демобилизация» (3 тәулікке дейін). Қайғылы оқиғаның көлемі туралы түсінік келеді. Әлсіздік пайда болады, эмоционалды жағдай нашарлайды. Адамның қызметі, зейін мен есте сақтау төмендейді. Жүрек айну, бас ауруы мен тәбет нашарлайды.
«Шешілу деңгейі» (3-12 тәулік). Адамның физикалық қабілеттері тұрақты деңгейге келеді, алайда, эмоционалды жағдай төмен күйде болады. Жалпы жағдай жақсарды деуге келеді.
«Қалыпқа келу деңгейі» (12 күннен кейін). Адамдар қарым-қатынасқа түсе бастайды, түс көру мен тілдесудің эмоционалдығы қайтып оралады. Физиологиялық жағдай жақсармауы да мүмкін.
Өзге де табиғат апаты жағдайларында осындай жағдай кездеседі. Алғашқы фазада тұрып қалу күйзелістен кейінгі травмалық ауытқуларға әкеп соғуы мүмкін, ал бұл міндетті психотерапевтикалық емді қажет етеді екен.
kaz.tengrinews.kz
28 наурыз 2018 ж. 1 098 0