СЕНАТОРДЫҢ САУАЛЫ СЕЛТ ЕТКІЗДІ НЕМЕСЕ АПАТ БОЛСА, ҚАЙДА ҚАШАМЫЗ?
…Тырағайлап қашып барамыз. Асығыста қолға түскенді ғана алдық. Тезірек қаладан шығып кету керек. Көлігі бардың бәрі қашып жатыр. Біреулер сайға түсіп барады, біреулер тауға өрмелеп барады. Әйтеуір, жер қайта сілкінгенше қаладан шығып кетудің амалы…
Осы оқиға жадымда жатталып қалды. Алматылықтар жер сілкінеді десе, анау-мынауын буып-түйіп, алысырақ кетіп қалуға тырысады немесе үйіне кіре алмай, түнімен далада жүреді. Неге? Өйткені қауіпті.
«Шаһар (Алматы) соңғы 130 жылда ғана екі рет толықтай қирап, қайта тұрғызылған. Ғалымдардың пайымынша, Алматы қаласы орналасқан өңір – сейсмологиялық апатты аймақ. Бірінші рет 1887 жылы жер сілкінісі болып, 236 адамның өмірін қиып кетсе, бұл оқиға екі жылдан кейін 1889 жылы тағы қайталанған. Одан соң 1910 жылдың 22 желтоқсанында 9 баллдық жер сілкінісі болып, 44 адам қаза тапқан. Ал қираған ғимараттарда есеп жоқ.
«Егер сол кездегі 9 баллдық жер сілкінісі бүгінгі таңда орын алар болса, Алматыда 25 000 ғимарат құлап, 100 мыңнан астам адам шығыны болуы мүмкін» дейді жапон ғалымы Сэгава Сюке». 2016 жылы наурызда nur.kz порталы осылай деп жазған болатын.
Табиғи сейсмикалық қауіптілігі жоғары жерлерде орналасқан Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Өскемен қалалары халқының көңілі неге алаң екенін осыдан-ақ байқауға болады.
«Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Ақсақалдарымыз бала кезімізде намазының соңында «Ей, Алла, өрттен, судан, зілзаладан, айтып келмейтін апаттардан сақтай гөр!» деп тілеу қылып отыратын. Баламыз ғой, апаттың не екенін қайдан білейік. Түсінбеуші едік. Алды артымызға қарамай қашқаннан кейін өзіміз де намаздан соң сол тілекті айтатын болдық.
Алайда апатқа тек тілеу тіреу болмайтыны анық. Онымен күресетін қызмет сақадай сай болуға тиіс. Өкінішке қарай, олай емес сияқты.
Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Парламент Сенатының отырысында бір топ депутаттың атынан сенатор Аңсар Мұсаханов елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу, ескерту және олардың зардабын жою саласындағы сын көтермейтін қазіргі жағдайы туралы депутаттық сауал жариялады. Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына жолданған депутаттық сауалдың қысқаша мәтіні төмендегідей.
«Осы бірер жылдың ішінде республика бойынша орташа есеппен алғанда барлығы 17 308 түрлі төтенше жағдай болды. Мұның 14 мың 843-і –техногендік және 2 мың 465-сі табиғи сипаттағы апаттар еді.
Апатты жағдайлардан бір жылда шамамен 1212 адам қаза тапты, 4016 адам жапа шекті. Бұдан 23 миллиард 591,11 миллион теңге материалдық шығын келді.
Осындай апатты жағдайлардың алдын алу, саланың заңнамалық қамтылуын нақтылау мақсатында биылғы 11 қаңтарда бір топ Сенат депутаты Сейсмология институтында болып, осы институттың тұрақты сейсмологиялық қадағалау-бақылау жүргізу арқылы республиканың барлық аумағының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен танысқанда анықтағаны, сейсмология институттың қазіргі жабдықтары ескірген.
Іс жүзіндегі 63 қолданыстағы стансаны толыққанды қайта жабдықтау, республикалық сейсмологиялық қадағалау желілерін кеңейту үшін жаңадан 52 кешенді станса мен 40 күшті жер сілкінісі бекетін ашу қажет.
Республиканың сейсмикалық қауіпті аймақтарында, атап айтқанда Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан елдімекендер аумақтарында сейсмикалық шағынаудандастыру жүргізу қажеттілігі пісіп жетілді.
Осыған орай, Үкімет тарапынан түбегейлі шараларды дереу қабылдауды талап еткен сенаторлар: А.Мұсаханов, Б.Жұмағұлов, Д.Нөкетаева, Т.Мұқашев, Д.Мусин, Н.Қылышбаев Үкімет басшысының әуелі республикамыздың сейсмикалық жағынан қауіпті оңтүстік-шығыс бөлігінің және пайдалы қазба байлықтарының қарқынды өндірілуіне орай техногендік жер сілкінісі қатеріне ұшырауға бейім аумақтардың «Сейсмикалық шағынаудандастыру картасын» жасау үшін және ағымдағы сейсмикалық жағдайларды қажетті деңгейде болжау және бағалауға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін «Сейсмология институты» серіктестігінің жұмыстарын бюджеттік қаржыландыруды қарастыруды депутаттық сауалға өзек етті.
Сенаторлар еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді жүйелі жүзеге асыруы үшін «Сейсмология институты» ЖШС-іне тұрақты бюджеттік қаржыландыруды қарастыру қажет деп санайды.
«Сейсмология институты» ЖШС, сондай-ақ құрамында 63 сейсмологиялық бақылау стансасы бар «Сейсмология тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ЖШС орталық мемлекеттік органға ведомстволық бағынысты болғаны жөн.
Бұдан басқа, сенаторлардың Үкімет басшысына арнаған депутаттық сауалында Қазақстан Республикасының «Сейсмикалық қауіпсіздік туралы» заңнамалық құжат қажет екенін және осыған орай, Үкімет тиісті қаулы шығару қажеттігі ұсынылды.
Сенаторлар Премьер-министр Б.Сағынтаевқа саладағы кемшіліктерді көрсете отырып, «Сейсмология институтының» еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігі үшін өз жұмыстарын жүйелі жүзеге асыруды қамтамасыз етіп және ағымдағы сейсмикалық жағдайларды өз деңгейінде болжау мен бағалауға байланысты жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын ширата түсуді, оны бюджеттен қажетті деңгейде тұрақты қаржыландырып отыруды талап етті. Бұл талаптарға орай Үкімет тез арада шаралар қолдануы тиіс. Олай болмағанда көрші үйдің «холодильнигі» қаттырақ істеп кетсе де алматылықтардың жүрегі дір ете қалатын қорқыныштан арылмайтын болады.
Әділбек ҚАБА