Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойхана есігі «Ашық»

Тойхана есігі «Ашық»

Пейілінің ішіне дала түнеп, көңіл көзіне көркем ниетін толтырған қоңыр төбел қазақтың қуанышын әлемге жар салып, жария етпесе әсте тыныш ұйықтай алмайтыны несі осы? Бесік той, шілдехана, құрсақ шашу, сүндет той, тілашар, қыз ұзату, үйлену тойы, құдалық күту, мерейтойдан бастап, түрлі дүрмек жиындармен астасып жататын дүр-думанның естісі мен есері екі бөлек. Десек те «той дегенде қу бас домалайды» дейтін қазекем карантинде де тығылып той жасап, тойхананың артқы есігін күзетумен күн кешті емес пе?
Иә, әлем елдерін шарпыған індеттің ілмегіне ілінгенде жақын туыстан көз жазып қаламыз ба деген үреймен үйден шықпауға тырыстық. «Тәжтажалдың» түрленіп, сағызша созылып тұрғаны тағы бар. Пневмония алдыңғы буын ағаларды арамыздан алып кетсе, балалардың арасынан «делта штам» анықталды. Осылайша, сан түрлі кәсіп тұралап, оқушылар онлайн білім алды. Биыл 2021-2022 жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталып, дертке қарсы вакцинаның күшімен қайтадан тіршілікке жан біте бастады. Оқшаулау тәртібінде өзгерістер туындады. Ең бас­тысы, жылдан астам уақытқа созылған карантиндік шектеудің ең қаталы тойхана иелеріне тиген еді. Яғни, осы кезге дейін той-томалақ, ас беру сынды жиынға рұқсат болмады. Бірақ, жуырда ғана ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын, соңғы екі аптада сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі 60%-ке төмендегенін айтты. Осыған байланысты 27 қыркүйектен бас­тап «Ashyq» бойынша «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің қатысуымен іс-шараларды өткізуге рұқсат етілді. Бұл туралы Шиелі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекеевадан сұраған едік.
– Нақты қаулы әлі қолымызға тиген жоқ. Бірақ, әр өңірдегі ахуал ескеріле отырып, той жасаудың өзіндік шарттары белгіленді. Атап айтқанда, салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды өткізуге рұқсат беріліп отыр. «Жасыл» аймақта тұрған өңірлерде зал 50%-ке дейін ғана толуы керек, 100 орыннан аспауы шарт. «Сары» аймақта да 50%-ке дейін, 70 орынға рұқсат етілді. «Қызыл» аймақта 50%-ке дейін, 50 орыннан аспауы керек. Сондай-ақ, конференциялар, форумдар және басқа да бұқаралық шараларды, көрмелерді өткізуге рұқсат етілді. Бұған қоса, таза ауада марафон ұйымдастырып, көрермендердің қатысуымен спорттық шаралар ұйымдастыруға болады. Спорттық-сауықтыру орталықтары мен спорт кешендерінің, ойын клубтарының қызметі жанданады, – деді.
Той жасауға рұқсат беріледі деген хабар ең әуелі тұрғындардың көңілін көтеріп тастағандай. Әлеуметтік желілердегі ақпараттың басым бөлігі енді тойға тығылмай-ақ баруға боладымен байланысып жатыр. Ал, аудан тұрғыны ? карантиндік шектеу біршама ысырапшылдықтан тыйғанын тілге тиек етті.
– Бұл күндері қазақтың астамшылыққа ат мінгізіп, алыстағы ағайынын әурелетіп туған күні мен қызметке тұрған күнін атап өтетін дарақылықты халықтың қай мінезіне жоримыз. Ас демекші, уағында хакім Абай әкесі Құнанбай қажының асын өткізбей, оған кетер шығынды есептеп, соның бәрін қайырымдылыққа жұмсап, білім қуған жас өскіндер мен шәкірттерге үлестіріп, қалғанын төңірегіндегі жағдайы жоқ жарлы-жақыбай мен жетім-жесірге таратып берген екен. Ештеңеден таршылық көрмеген, ақылы асып, дәулеті тасып тұрған дала данышпаны Абайдың, әулеттің ғана әкесі емес, күллі қазаққа аты мәлім, «қарадан шығып хан болған» Құнанбай қажының жылдық асын үлкен өнегелі сауапты іске айналдырғаны даналықтың белгісі емес пе? Әйтпесе алты алашқа атағы жайылған аға сұлтанның асын аяқсыз қалдырды дегенге кім сенеді? Мұндағы айтпағым соңғы жылдары асыра сілтеп, шашылып-төгіліп той жасаушылардың қатары көбейіп кеткендігі еді. Бірақ, індет тарап, шектеулер қойғанда осындай ысырапты істен тиылған едік. Тойханалардың есігі қайта ашылғаны қуантады. Бірақ, дана Абайдың ісінен үлгі алып, асыра той жасағанша сауапты іске шашылғанға не жетсін? – дейді қария. Расында, тойдың да естісі бар, есері бар.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
24 қыркүйек 2021 ж. 356 0