Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екінші тоқсан қалай басталады?

Екінші тоқсан қалай басталады?

Көп ата-ананың көкейінде жүрген осы бір сауалға коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия жауап берді. Енді екінші тоқсаннан бастап, оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматта жалғасады.
Таңның атысы кештің батысы тыным таппай еңбек етіп жүрген жұмысбасты ата-аналар үшін баласының қашықтан оқуы оңайға соқпай тұр. Үйдегі оқушыға қарап отырайын десе, түздегі табысы ортаяды. Онсыз тағы болмайды. Ал жұмысқа кетсе, үйде жалғыз қалған баланың өз ықтиярымен жөнді оқи қоюы екіталай. Көбіне телефонға телміріп, әлеуметтік желі ақтарып, не аулаға доп қуып кетеді. Ойын баласы емес пе, қайтсін? Олар да төрт қабырғаға қамалудан шаршаған шығар.
Бұрын тоқсан аяқталарда бала тықыр таянса, қазір бүкіл жанұя болып жабылып ТЖБ мен БЖБ жұмысын орындайды. Кейбір ата-аналар баласы үшін өздері баға алып мәз. Ондайларды көргеде журналға түсетін сандарды аяғаннан емес, қашықтан оқыған баланың білім деңгейінің таяздап кеткеніне күйінесің.
Соған орай комиссияның шешімімен мектептерде 1-сыныптан 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді. Бәрі ата-ананың мақұлдауымен жүзеге асады. «Мектепте дәстүрлі түрде білім алсын, үйде ­отыр­­масын» деген ата-ана арнайы өтініш жазып, баласын кезекші сыныптарда оқыта алады. Бұл жағдайда оқушылар санитарлық-дезинфекциялық, маскалық режимді, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықты сақтауға міндетті. Алайда ертең бала індет жұқтырып жатса, таяқтың бір ұшы ата-анасына да тиері анық.
Бала тәрбиесімен тікелей айналысып, денсаулықты бірінші орынға қоятын кейбір ата-аналардың да өз еркінде. Олар өтініш жазбай-ақ қашықтан оқуын жалғастыра бермек.
Білім және ғылым министрлігінің ресми парақшасында жариялаған мәліметте, қазіргі кезде мектептерде 3,4 млн бала оқиды. Бірінші тоқсанда қашықтан оқыту форматында – 2,4 млн, дәстүрлі форматта – 953 мың оқушы білім алған. Ал 647 мың бала кезекші сыныптарда (1-4 сынып), шағын жинақты 3047 мектепте 306 мың оқушы білім алды. Ал аудан мектептерінде алғашқы тоқсанда 3539 оқушы, 261 кезекші сыныпта білім алған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл елімізде ғана емес, әлемге ауыр соққан пандемия әсерінен көп жағдайлар орын алып, көп сала кенжелеп қалып отыр. Оның ішінде білім саласы да көп өзгеріске ұшырады. Барлық білім беру мекемелері есіктеріне қара құлып салып, білім алушыларды онлайн оқыта бастады. Ал келер жылғы жағдайды тіпті болжауға келмейді. Себебі эпидемиологиялық жағдайдың қалай жалғасары белгісіз. Сондықтан әр нәрсеге сабыр етуді ұсынады жауапты мамандар.

Гүлхан ЯХИЯ
14 қараша 2020 ж. 451 0