Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қашықтан білім алып жүр, әр қазақтың баласы

Қашықтан білім алып жүр, әр қазақтың баласы

Елде орын алған күрделі жағдайға байланысты, оқушылардың қашықтан оқыту жүйесіне көшкені белгілі. Әрине, мұндай сын сағаттың туатынын ешкім күткен жоқ. Бірақ елдің болашағы – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуды кейінге қалдыруға болмайтындықтан, бұл – бүгінгі таңдағы ең оңтайлы шешім болып тұр. Осылайша балалардың жаңа формат аясында білім алып жатқанына бір айдан асты. Оффлайн сабақ беруге үйренген ұстаздар қауымы аз уақытта жаңа жүйеге қаншалықты төселді? Ата-ана баласының үйде өз бетінше білім алуына, оқуға деген ынтасының төмендемеуіне тиісті деңгейде қолдау-көмек көрсетіп отыр ма? Жауапкершіліктің жүгін қаншалықты сезінуде? Әрине, мұндай сауалдар көпшілікті толғандыратыны жасырын емес. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалаудың (ТЖБ) жыры тіптен бөлек.
Қазір елдегі 3 миллионнан астам мектеп оқушысы қашықтан оқып жатыр. «Еларна» мен «Балапан» арнасы мектеп тілінде сөйлеуде. Мұғалімдер желі арқылы сабақ түсіндіріп, оқушы ата-анасымен бірге жаңаны үйренбекке ұмтылды. Әлеуметтік желіде тау-тастың арасында ноутбук құшақтап отырған оқушы күйін көргенде, еріксіз ойға қалдық. Расымен, пандемия еліміздегі біраз саланың кемшілігін бетпе-бет көрсеткенде, жүзді төмен салғанымыз бар.

Цифрлы технологияның қауқары
Білім және ғылым министрі сынамадан соң оқу жүйесінің стримингтік сабаққа дайын емес екенін мәлімдеді. 1 сәуір күні онлайн режимде 1 млн 250 мың оқушы дәріс алғанын, елімізде техникалық тұрғыда олқылық көп екенін алға тартты. Бір сөзбен айтқанда, оқушы мен ұстаз бір мезетте сабаққа қатысуға интернеттің қауқары жетпеді. Министр интернетпен толық қамтылмағандықтан, стримингті қолданбайтынын айтты. Оқушылар онлайн оқымаса да, қашықтан білім алатынын мәлімдеді.

Теледидарда сабақ қалай өтеді?
Хош, қашықтан оқытудың форматын министр бірнеше мәрте түсіндірді. Ата-аналар жаңа тоқсанның жырын игерсін деп әлеуметтік желіде онлайн-жиналыс өткізгені тағы бар. Оқушылар теледидар, радио, пошта мен интернет төрттігі арқылы білім алады. Жалпы мұғалімнен тиісті тапсырмасын алып, видеосабақ қарап, білмегенін үйренеді.
Bilimland, Daryn Online, Kundelik, Opiq.kz оқушыға сабақты барынша меңгеруге көмектессе, ұстаздар WhatsApp пен Telegram арқылы кері байланыс жасайды. Оған қосымша «Еларна» мен «Балапан» арнасынан 10 минуттық, барлығы 3 360 бейнесабақ түсіру жоспарланған.
Жоғарыда теледидардан 10 минут бейнесабақ берілетінін жаздық. Телеарна 8 сағат бойы 1-11 сынып оқушыларына қызмет көрсетуде.

Қашықтан оқудың машақаты
Ең маңыздысы да осы. Қашықтан оқытудың салмағы ең алдымен ата-ана мен мұғалімге түсті. Бұл айтпаса да белгілі. IV тоқсан басталмай жатып, желіде ұстазға алғыс пен қарғыс қатар жауды. Интернет жүктемесі, үй тапсырмасы, баға қою мен түгендеудің арасында жүрген олар шарасыз қалды.
«Болғанынан боладысы қызық той» секілді, қашықтан оқудың да пәлсапасы мен машақаты мол болды. Оқушылардың барлығы алғашқыда жаңа оқу жүйесін қызық көріп, әр сабаққа ыждағаттылықпен қатысты. Оның үстіне әшейінде ата-анасы ұстауға рұқсат бере бермейтін ұялы телефоннан бас алмай отыру да қызықтырғаны рас. Десе де уақыт өте көпшілігі жалыға бастағандай. Әрине, бәрі емес, әр сабаққа жауапкершілікпен қатысатын, білімқұмар, алғыр, үздік оқушыларға сөз жоқ. Бірақ көп үйден сабақ басталғанда баласы ойын қуып, далаға қарай қашатынын, оны анасы жетектеп әкеліп, тоқпақтап отырып оқытатынын байқаймыз. Тіпті баласына щамасы келмесе отыра қалып тапсырманы өзі орындап мұғалімге жібере салатын немесе өзге оқушының жұмысын көшіріп алатын жағдайлардың да көп екенін ешкім жоққа шығармас. Бұл кімге пайда, кімге зиян?

БЖБ мен ТЖБ
Қызықтың көкесі дәл қазір бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалаудың кезінде орын алып жатыр. Былайғы күнде Бжб мен Тжб десе тыжыраятын оқушы қашықтан отырып тапсырманы өз бетінше орындауы қиын. Ал ата-аналардың көпшілігі мектепке барып бұрынғыдай сабақ оқымаған соң бала бойындағы оқуға деген ынта жоғала ма деп қорқады.
Жазира есімді аудан тұрғынының айтуынша, балалары қашықтан оқытуды алғашқыда қуана қабылдаған. Желідегі сабақтың басталуына 10 минут қалғанда сақадай сай дайын отырады екен. Мұғалім оқушыларды түгендеген соң, жаңа сабақты түсіндіру басталады. Үй тапсырмасын орындап суретке түсіреді немесе видео арқылы жібереді. Ата-ананың сөзінше, интернет жиі қатып қалады. Десе де, олар WhatsApp желісі арқылы үй тапсырмаларын мұғалімдеріне уақытылы жіберіп отыруға тырысады. Бжб тапсыру кезінде қиындықтар болатынын да жасырмады. «Балалардың мектепте партада отырып алған білімдеріне жетпейді» дейді Жазира.
Ал орыс тілі мұғалімі Ақнұр Байтілес күніне 40-тан астам оқушыға сабақ түсіндіріп, білімін бағалайды. Қиын деп меңзегені – WhatsApp желісі арқылы оқушы тапсырмасын тексеру.
– Негізі тапсырманы Kundelik-ке жүктейміз. Бірақ оқушыларға тапсырманы WhatsApp-тан жіберген ыңғайлы. Ойлаңызшы, қаншама баланың хабарламасына жауап беріп, жеке-жеке түсіндіруіміз керек. Толассыз хабарламадан смартфонның да жағдайы біржақты болды. Маңыздысы, оқушының сабақты түсініп, меңгергені. Сол үшін тапсырмасын жеке-жеке тексеремін. Үй жұмысын топқа жібере беріңдер десем, бәрі бір-бірінен көшіріп алмай ма? – дейді ол.
Оқушы қашықтан оқу арқылы мұғалімнің қадірін түсінген сыңайлы. Әр қиындық қолда бардың бағасын арттыратыны белгілі. Дегенмен мәртебелі мамандық иелерінің қадірін төтенше жағдай кезінде ғана түйсінгеніміз өкінішті.
Қашықтан оқимыз деп оқушылардың сөмкесін асынып мектепке барғанының өзі үлкен жетістік екенін ұқтық. Қолда бар гаджетке үңіліп, одан қалса телеарнаға жүгініп, білім алудың машақатын сезіндік. Осылайша кезекті оқу жылын аяқтауға сәл қалдық. Енді алғашқы қыркүйекте оқушылар жылдағы дәстүр бойынша «ақ көйлек, қызық галстугын» сайлап, мектепке қарай асығатын күн тусын деп тілейік.

Гүлхан Яхия
19 мамыр 2020 ж. 487 0