Бағалаудың жаңа жүйесі
ҚР Президенті Н.Назарбаев «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға тиіс» деп атап көрсетті. Мектептерге баланың өз бетінше оқу дағдысын қалыптастыратын бағдарламалар енгізілуде. Бұған дейін де айтылып жүрген мектептердегі білім беру бағдарламасын жаңартылған мазмұнға көшіру ісі нақтыланды. мектептер 2021 жылға дейін осы талап үдесінен шығуы керек. «Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады» деді Жолдауда Елбасы.
Әне-міне дегенше 2018-2019 оқу жылының ІІ тоқсанына да аяқ бастық. Осы орайда, тоқсандық баға, үлгерім жайлы әңгіме өрбісе, «қазір барлығы басқаша, жаңартылған білім жүйесі» деген сөз естіп жатамыз. 1 қыркүйектен бастап еліміздің білім беру мекемелері жаңартылған жүйеге көшкен болатын. Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес, бағалау жүйесі де толығымен өзгерген. Қазір бұрынғыдай сынып журналына баға қойылмайды. Оқушылар күнделіктегі бестік бағаларын көрсетіп, ата-аналары қуантатын заман артта қалды. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Қарапайым тілмен айтсақ, қазір жиынтық баға, балмен есептеу. Оны тоқсанның соңында бірақ білесің. Кез келген оқушы өзінің тоқсандық бағасын қолындағы ұялы телефоны арқылы «күнделік.кз» арқылы біле алады. Сонда бұл жүйенің баяғы сынып журналынан артықшылығы неде? Бұл бағдарламаның бұрынғы оқу жүйесінен өзгешелігі қандай? Аталмыш бағдарламаның мәні, Критериалды бағалау жүйесі дегеніміз не? деген сұрақтар көкейімізде жүрген еді. Сол себепті ауданның бас ұстазы Б.Сейілхановқа хат жолдаған болатынбыз.
– Болат Пернебайұлы, жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктері, критериалды бағалау жайлы түсіндіріп өтсеңіз?
– Дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Әлемдегі дамыған елдер сияқты тәуелсіз елімізде де білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында орта білімнің алар орны ерекше.
Қазақстандық білім беру жүйесінің жаңартылған білім мазмұнына көшуі жылдам келген жаңалық емес, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асырып, жүйелі түрде келді. Мемлекет мектеп базасы мен мамандарды дайындап, білім беру мазмұнын жаңартуды кезең-кезеңімен көшіруді қолға алды. 2016-2017 оқу жылы 1-сынып, 2017-2018 оқу жылы 2,5,7-сыныптар, 2018-2019 оқу жылы 3,6,8-сыныптар жылма-жыл сатылап көшіп келе жатырмыз. Биылғы жылы мектепте 1,2,3,5,6,7,8-сыныптар жаңартылған мазмұнмен білім алуда.
Жаңартылған білім мазмұнының бірнеше ерекшеліктерін атап өтуге болады. Әр сыныпқа көшкен сайын білімнің қарапайымнан күрделіге қарай қайталана отырып «оралымды» («спиральді») берілуі, күнделікті әрбір сабақтың оқу мақсаттары оқушы назарында болуы, бағалау жүйесінің өзгеруі, пән бөлімдеріне ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сәйкес келуі, өмірде қолдану дағдыларына бағыт берілуі.
Бағалау жүйесіндегі өзгешелік – критериалды бағалау. Критериалды бағалау екі түрде жүреді. Біріншісі – қалыптастырушы бағалау. Бұл күнделікті сабақта мұғалім оқушының оқуға қызығушылығын тудырып, белсенді білім алуға ынталандыра отырып бағалауы.
Екіншісі – жиынтық бағалау. Бөлім бойынша және тоқсандық болады. Пәннің бөлімі аяқталғанда сол бөлімнің оқу мақсаттарына негізделген тапсырмалар орындалады, бағамдар балмен белгіленеді. Орындау уақыты – 15-20 минут. Бөлімнің жиынтық бағалауынан кейін оқушының деңгейі туралы ата-анаға рубрика беріледі, сол арқылы баланың бөлім бойынша білімін бақылауға, қадағалауға мүмкіндігі болады.
Тоқсандық жиынтық бағалау бөлімдердің оқу мақсатының орындалуын көздейді, орындалу уақыты – 40 минут.
Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы – баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуға ықыласын туғызады. Белсенді, іскер тұлға қалыптастыруға әсер етеді. Бағалау қолжетімді, анық және ашық түрде болады. Ол қажетті ақпаратты уақытында беріп отыруға мүмкіндік тудырады, оқушылардың өзін-өзі реттеу тәртібін дамытып, үдеріске қатысушылардың жауапкершілігін арттырады.
– «Kundelik.kz» жүйесінің мүмкіндіктері қандай? Аталған жүйеге қазіргі уақытта қанша мұғалім, қанша оқушы және ата-ана тіркелген?
– «Kundelik.kz» – оқушыға, мұғалімге, ата-анаға арналған ақпараттық жүйе. Оқушының сабақ кестесін, бағасын, үй тапсырмасын, мұғалімнің сабақ туралы хабарламасын немесе мұғалімге сұрақ қоюға, мектеп шараларынан хабардар болу, сондай-ақ, білім ресурстарына онлайн үлгісінде тұрақты қолжетімді мүмкіндіктері қарастырылған журнал әрі күнделік деп те қарастыруға болады. Биылғы оқу жылы «Kundelik.kz» жүйесіне аудандағы барлық 40 мектеп қосылған. 2983 қызметкер, 18800 оқушы, 13281 ата-ана тіркелген. Мектептерде қағаз журналдарды электронды журнал алмастырып отыр. Бұрынғы қағаз журнал берілген білімнің нәтижесі қойылатын мектептің қатаң есептегі құжаты болатын. Баға, білім сапасы мен үлгерім көрсеткіші қолмен есептеп шығарылатын. Ал, бұл жүйеде жұмыстың барлық есебі күнделікті электронды дайын. Сыныптар бойынша немесе пән бойынша мектептің бағалары, сапасы автоматты мониторингіленіп отырады. Мектептер ата-аналардың осы жүйеге тіркеліп, белсенді қатысуын қамтамасыз етулері тиіс. Ауданның қазіргі күнде «Kundelik.kz» жүйесімен жұмысы жақсы деңгейде деуге толық негіз бар.
– Оқушылар мен ата-аналар бағалаудың жаңа жүйесін қалай қабылдап жатыр? Бағалаудың жаңа жүйесіне көшкеннен бері қандай өзгерістер, қиындықтар болуда?
– Оқу жылы басында мектептерде оқушылар мен ата-аналарға бағалау, ұйымдастыру жұмыстарының ерекшеліктері жайлы сынып және ата-аналар жиналыстарында түсіндіру жүргізіледі. Бағалау жайлы оқушылармен үнемі кері байланыс жасалып, ал, ата-аналардан тоқсан сайын бағалау жайлы сауалнама алынады. Сауалнама қорытындысы оң нәтижелер беруде. Жаңартылған білім мазмұны, бағалау оң өзгерістерге жетелеуі тиіс. Қазірдің өзінде оқушыларымыздың білім алуда белсенділігі артқандығы, өз ойын сыни тұрғыдан еркін, ашық білдіруге, тілдік дағдылары, зияткерлік және көшбасшылық қабілеттері дамып келе жатқандығы байқалуда. Келешекте логикалық тапсырмаларды орындауға машықтанған, құрастыру мен модельдеуге икемді, алған теориялық білімін өмірде қолдана алатын шәкірттер шығатынына сеніміміз мол.
Атқарылып жатқан осынау ауқымды жұмыстарға қарамастан білім саласын цифрландыруда бірқатар түйткілді мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – ауылдық жерлердегі мектептерді интернет желісіне қосу мәселесі. Ауылдарда интернет желісі тартпайды және кез келген ауыл мұғалімі болсын, ата-ана болсын жеке компьютер алып, оны интернетке қосуға Wі-Fі құрылғылар орнатуға мүмкіндігі бола бермейді. Баласының бағасын көру үшін ата-ана осы жүйеге тіркеліп қана көре алады. Мұндай мүмкіндігі жоқ отбасылар қайтпек? Жасыратыны жоқ компьютер кез келген үйде бар деп айта алмаймыз. Ал, мектептерде бар болғанның өзінде оншақты оқушыға 1 компьютерден келеді. Заман ағымына қарай жұмыс жасаған жөн делік. Алайда, кез келген нәрсенің артықшылығымен қатар өз қиындықтары болады. Жасыратыны жоқ, электронды күнделік мұғалімдерді әуре-сарсаңға салғанын көріп те, естіп те жүрміз. Олар күндіз-түні осы күнделікпен отырады. Екі жұмысты яғни қағазбен электронды түрін алып жүруге уақыттың тапшылығы кедергі келтіруде. Әлі де болса кей модульдерді толық меңгере алмауымыз «Күнделік. кз» жүйесінің қиыншылықтарын көрсетіп жатыр. Интернет жылдамдығының азаюы да осы саладағы үлкен кедергілердің бірі десек болады. Жүйедегі қайшылықтарды жою үшін әлі уақыт керек шығар. Жалпы кез келген жаңалықты енгізіп, оны игеру, тәжірибеден өткізу уақыт еншісінде екені белгілі.
«Білекке сенер заманда ешкімге есе бермедік.
Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмейік», – деп Абылай хан атамыз айтқандай, қазіргі ұдайы қарқынды даму үстіндегі заманда тек сапалы білім мен саналы тәрбие алған тұлға заман талабына сай білім беру үрдісінде оқытудың жаңа түрлерін қалайтындығы айқын және соған лайық.
Айнұр НАЗАРОВА.